Ол – қазақ ұлтының көрнекі бейнесі

Ол – қазақ ұлтының көрнекі бейнесі
Халықтың үлкендігі хан көтерген тұлғаларымен өлшенеді. Өзінен бұрынғы барлық ірі қайраткерлер сияқты, Жамбыл да ұлттың рухы бола білді. Қазақтың Ғана емес, әлемдік деңгейдегі өзгеше құбылыс бола білді. Өзі сүрген заманда қазақ деген ұлттың тұлғасы, көрнекі бейнесі бола білді. Сол кейіпте тарихқа енді, санаға орнықты. Жамбыл қолдан жасалған жоқ, сом болып қашалып туды, қазақтың ұлы жырауларының ең соңғы сарқыты болды, орта ғасырлық сақара дүлділін жиырмасыншы ғасырдағы империя төріне шығарды. Сол үшін де біз Жәкеңнің аруағына бас ұрып, барын бағалап, әрқашан да қастерлеуіміз қажет. Жамбыл – әлемнің небір дамыған елдері мен халықтары мақтан етіп, тойлап жүрген ірілермен, алыптармен терезесі тең, өзгеше тұрпатты, дара тұлға.
Биыл жыр алыбы Жамбыл атамыздың 175 жылдық мерейтойы. «Жамбыл менің жай атым, халық менің шын атым» деп жырлаған Жамбыл атамыз халықтың мұңын мұңдап, жоғын жоқтады, елдің еңсесі биік болса деген асыл мұратын өз жырларына арқау етті. Жамбыл атамыздың ұшан-теңіз шығармашылық мұрасы — халқының талай тарихы мен жүріп өткен өмір жолының шынайы айнасы.
Жер-жерде тойланып жатқан игі ша­ралардың бірі ауданымызда да өтті. Ж.Жабаев атындағы №6 орта мектепте Жамбыл атаның ұрпағы-немересі, Жамбыл Жабаев әдеби-мемориалдық мұра­жайының директоры Жабаева Сал­танат Тезекбайқызы мен Жамбыл атамыздың қара шаңырағында отыр­ған келіні Бағдат Нұрдаулетқызы Қал­а­баевамен кездесу болды. Бұл мұражай мем­лекет деңгейіндегі жәдігердің қойнауы ретінде «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасына енді. Танымдық кеш «Өрлеу» оркестрінің орын­дауындағы ұлттық күймен ашылды. Кіріспе сөз алған мектеп директоры Гүлмира Тойғанбекқызы бұл кештің жас ұрпақ үшін маңызы зор екеніне тоқталып, қонақтармен таныстырды. Кештің өзегі келген қонақтардың әңгімесін тыңдау болғандықтан, сөз кезегі бірден Салтанат апайға берілді. Жамбыл атамыздың не­мересі Салтанат апай атасы туралы қызықты да құнды естеліктерімен бөліс­ті. Жамбыл атамыздың көп айтыла бер­мейтін көріпкелдігіне тоқталды. «Қайтыс боларының алдында Жамбыл атамыз ұрпақтарын шақырып «Мені көпшілік жатқан зиратқа жерлемеңдер. Осы үйім­нің маңайына қойыңдар. Басыма көп адам зиярат жасайтын болады. Ортақ зират­қа жерлесеңдер, бабаларымның қа­бірі тапталып кетеді», — деген екен. Атамыздың киелілігі, ата-баба әруағын сый­лағандығы бүгінгі ұрпаққа үлгі алар­лық дүние»,- дей келе оқушыларға көр­сету­ге ала келген мұражайдағы құн­ды экспонаттармен таныстырды. Оқу­шылардың қойған сұрақтарына тұщымды жауап қайтарып, балаларды Жамбыл атаның шығармашылығымен етене жақындата білді. Мектебіміз Жам­был Жа­баев атында болғандықтан ақынға ар­налған бұрыш бары белгілі. Салтанат Тезек­байқызы сол орынмен де танысып, жылы лебізін білдіріп, сөз дүлдүлінің кіта­бына қолтаңбасын қалдырды. Мәнді де мағыналы кеш ұйымдастырған мектеп басшылығы мен әкімшілігіне алғысын білдірді. Білім ошағы да өз тарапынан уақытын бөліп келген Жамбыл ата ұрпақ­тарына рахметін айтып, естелік суретке түсіп тарқасты.
Гүлшат Қойлыбаева,
Ж.Жабаев атындағы
№6 орта мектептің мұғалімі