«Бәйтеректер жел өтінде тұрады…»

«Бәйтеректер жел өтінде тұрады…»
«… Ұлы адам әрдайым бастамашы болады, себебі ол басқаларға қарағанда алысқа көз тастап, жаңалыққа басқалардан гөрі ерекше ынтық болады»- деп кезінде Ресейдің зиялы қауымының серкесі (Георгий Плеханов) айтқан сөздің мәнісі өте терең еді. Қазақ жазушысы Шерхан Мұртаза да бір еңбегінде: «Ең алдымен халыққа тигізер пайдаңды ойла, өз пайдаң соның ішінде»- деп айтқан пікірі, біз бүгін әңгіме еткелі отырған Ақсу және Талғар аудандарының, Жер жәннаты –Жетісу аймағының « Құрметті азаматы, жиырма жеті жасында КСРО-ның «Еңбек Қызыл Ту» орденін кеудесіне жарқырата таққан, еңбек және спорт ардагері Қалимолда Байболовқа дөп келетіндей.

Ерік-жігері бойында асып-тасып тұратын Қалимолда Байболов еңбек жолын Талдықорған облысындағы І.Жансүгіров қыстағындағы №135 кәсіптік-техникалық училищесінде өндірістік оқу шебері, ме­кеменің жай механигі, бас инженер, сосын Шоқан Уәлиханов атындағы совхоздың директоры, кейін аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы, Қазақстан тәуелсіздігін алған 1991 жылдан кейін Ақсу ауданының әкімі, Талғар ауданы әкімінің бірінші орынбасары, аудандық ауылшаруашылық бөлімінің бастығы бол­ған кездері де тек халықтың жүрегінде болды десек артық айтқандығымыз болмас еді. Грек халқының ойшылы Демокрит «Мемлекет басқару, ел басқару-өнер атау­лы­ның төресі»-депті. Сол ел басқарған жар­ты ғасырға жуық уақытта ұлтының бола­шағы үшін оның саналы ұлт ретінде қалыптасуы үшін тер төккен Қалимолда Байболов бұл күндері 71- жастың төріне бет алған азамат. Ол-Алматы облысының ұлт­тық баскетбол федерациясының «Құр­метті перзиденті». Біз еңбек және спорт ар­дагері Қалекеңнің мәнсап биігіне өрлеген биліктегі еңбек жолы туралы айтқалы отыр­ған жоқпыз. «Бір кісі қазған құдықтан, мың кісі су ішеді»-демекші, Қ.Байболов осы Талғарға аудан әкімінің орынбасары бо­лып келген кезде баскетбол спортын қол­ға алып, айналасы 15-20 жылда тек қа­зақ балаларынан құрылған ұлттық ко­ман­да жасақтағанын, соның арқасында Тал­ғар балаларының Алматы облысының 5-дүркін чемпионы болғанын айтсақ та жеткілікті. Табанды азамат мектептерді аралап, спортқа ебі бар, бойшаң ба­ла­ларды жаттығуға шақырып, мектеп мұ­ғалімдерімен тынбай ұдайы байланыс жасап отырғаны өз алдына бір бөлек әңгіме.
Осы аптада «Алмалы» спорт кешенінде Спорт және еңбек ардагері «Құрмет» орденінің иегері, баскетбол федерациясының «Құрметті президенті»Қалимолда Байболовтың туғанына 71 жылдығына орай стритбол ойынынан аудан мұғалімдері арасында жарыс жалауын көтерді. «Спорт-денсаулық кепілі»-демекші, бұл жарысқа мұғалімдер қауымы көп жиналды. Жарыстың ашылу салтанатында мерейтой иесі — Қ.Байболовтың замандас ағалары, үзеңгілес інілері атынан сөз алған: Алматы облысының «Құрметті азаматы», «Ленин»орденінің иегері, хирург-дәрігер, еңбек ардагері Мұхтар Әлімұлы, Талғар ауданының сыйлы азаматы Нұрсейіт Құдықов, Нұрсұлтан Сәрсеков, Талғар ауданы әкімдігінің аппарат басшысы Мұхит Бақытұлы, аудандық Қоғамдық кеңес төрағасы Жұмахан Еңкебайұлы сынды замандастары жүрек-жарды тілектерін ақтарып, спорт ардагері Қ.Байболовқа жылы лебіздерін жаудырды. Осы спорт мерекесіне келген ардагерлер арасында Талғар ауданы өміріне бүкіл ғұмырын арнаған: Ағали Хайроев, Хамза Сүлейменов, Самат Сарипов, Жанат Байкенов, Мәрия Ордабайқызы, Бари Шаяхметұлы сынды ел ағаларының арнайы келіп қатысқаны көп нәрсені аңғартып тұр еді. «Спорт-тек жеңуді ғана емес. Сәтсіздіктің ащы дәмін татуды үйретеді»-деп жазушы, ой кемеңгері Эрнест Хемингуий айтпақшы, стритболдан өткен тартысты турнирде шебер ойыншылары көп №1 аудандық спорт мектебінің ардагер ойыншысы Светлана Рүстемова бастаған команда бас жүлдені жеңіп алса, №4 орта мектептің құрама командасы екінші, ал Белбұлақ ауылындағы №10 мектептің ұстаздары жүлделі үшінші орынды иемденді. Несін айтасың, бұл спортты көптен сағынып қалған ұстаздар үшін көңіл шерін тарқатқан әдемі бір спорт мерекесі болды. Халық даналығында: «Халықтың ұлы боламын десең, алдымен құлы бола біл!»- деген қанатты сөзі бар еді. Осы мақаламызды сыршыл ақын Сырбай Мәуленовтің:
«Жақсы адамның алақаны аялы,
Жақсы адам, жасыл терек саялы.
Шақырады
жұлдыздардай жарқырап,
Жақсы адамның
жарқын өмірбаяны!» –
деген өлең жолдарымен аяқтағанды жөн көрдік.
Тұрсынбек Жалғасбаев,
«Талғар».