Тұрғындар тілегін ескерді

Тұрғындар тілегін ескерді
Жуырда «Nur Otan» партиясы Талғар аудандық филиалы жанындағы партиялық бақылау комиссиясы Тұздыбастау ауылына арнайы атбасын бұрды. Ондағы мақсат – жуырда «КТК» телеарнасының жаңалықтар бөлімінде сынға ілініп, әлеуметтік желі арқылы қызу талқыға түскен мәселе тұрғысында сараптама жасау болатын. Баршаға белгілі болғандай Тұздыбастау ауылдық округіне қарасты жаңақұрылыстағы, атап айтқанда, Тәуелсіздік көшесінің тұрғындары жол, қоғамдық көлік, интернет желісінің сапасына наз айтқан еді.
Көшелерге асфальт төселмегендіктен тұрғындар жауын-шашынды күндері белшеден балшыққа батып жүретіндіктерін алға тартып, ауылға қатынайтын жолау­шылар көлігінің бағытын бірнеше көшеге ұзартылса деген тілектерін білдіріп, ка­рантин шаралары әлі де қатаң сақталып отыр­ғандықтан балалардың сабақ оқуына ауылдағы интернеттің сапасының төмендігі кедергі келтіріп отырғандығын жеткізген еді. Аудандық «Nur Otan» партиясы бақылау комиссиясының төрағасы, аудандық мәслихат депутаты Айдар Сарипов, комиссия мүшелері депутат Жасұлан Айтқалиев, БАҚ өкілдері, «Nur Otan» партиясының эксперт маманы Әділет Болатұлы Тұздыбастау ауылына арнайы барып, аталмыш көшенің жағдайын көріп, мәселенің мән-жайына қанықты. Аудандық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Асхат Досжанов пен Тұздыбастау ауылдық округінің әкімі Мирас Баймолданов, ауылдағы партия белсендісі Бектеміс Мұсаханов та партия белсенділерімен арнайы кездесіп, мәселенің анық-қанығын тарқатты.

Шынтуайтына келгенде бұл мә­селе­нің барлығы жер телімдерінің нысаналы мақсатын өзгертуден туындап отырғаны анық. Жер телімдерінің нысаналы мақсаттарын өзгертер кезде инфрақұрылымсыз сатылуына тыйым салынған болатын. Десе де, бұл заңды жалпағынан басқан жер иелері ешқандай инфрақұрылымсыз жерлерін саудаға салып, ақырында осындай проблемалар туындаған. Аудандық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Асхат Досжанов та осы мәселені алға тартты. Жеке қосалқы шаруашылық иелерінің осы салғырттығы бүгінгі күні жаңақұрылыстардағы жол, ауыз су, жарық мәселесін шешуге қауқарсыз болып, тұрғындарды әкімдіктен көмек сұрауға мәжбүрлеп жатыр. Асхат Нұрадинұлы алдағы уақытта кезек-кезегімен жүйелі жоспар құра отырып, ауыл көшелерін жөндеу жұмыстарын жасайтындықтарын айтты. Ішкі көшелерге қиыршық тас төсеу үшін өтінім беріліп, қаражат қарастырылмақшы. Ал Тәуелсіздік көшесінің орташа жөндеу жұмыстарына 2019 жылы ЖСҚ жасалып, жоба дайын болған. Қажетті қаражатқа екі мәрте өтініш жіберілгенімен әлі күнге қаражат бөлінбеген. Партия белсенділері бұл мәселені оңтайлы шешу үшін облыстық мәслихат депутаттарына хат жолдап, қолдау сұрайтындықтарын айтты. Қажетті қаражат бөлінісімен жол жөндеу жұмыстары басталатыны да тілге тиек етілді. Ал ауылдағы басқа көшелерді жоспарға енгізіп, жөндеу жұмыстарын жүргізу болашақ еншісіндегі мәселе.

Тұздыбастаулықтар үшін қоғамдық көліктің бағытын ұзарту да өзек болып отыр. Бұл орайда Алматы қаласындағы мобильді басқармаға арнайы хат жолданып, жауап алынған. Онда ауылға жолаушылар тасымалдайтын №54 автобустың бағытын ұзарту әзірге мүмкін еместігі айтылған. Ал интернет мәселесіне келер болсақ, «Қазақтелеком» АҚ-ның жоспарында бірінші кезекте осы жаңақұрылыстарға интернет желісін тарту мәселесі тұрғанын айтқан ауыл әкімі Мирас Баймолданов алдағы күндері тұздыбастаулықтар сапалы интернет желісіне қосылатынына сендірді.
Бұл күні анықталғандай Тұздыбастау ауылы бойынша Майлин және Тәуелсіздік көшелерінің орташа жөндеу жұмыстарына 100 366 285 теңгеге жобалық-сметалық құжаттары дайындалған. Тек бюджеттен қаражат бөлінсе болғаны. Ал БАК жағасындағы көше, Марғұлан, Сырғабеков, Чукубасов, Абылайхан, Бейбарыс, Бөкеев көшелеріне қиыршық тас төсеуге 80 598 000 теңге қаражатқа өтінім жасалған. Атылмыш қаражат бөлінген жағдайда ауқымды жұмыстар жүзеге асырылмақ. Ал қаржының мақсатты жұмсалуы, жұмыс сапасын қадағалау “Nur Otan”партиясының Талғар аудандық филиалының Партиялық бақылау комиссиясының назарында болмақ.
Перизат Нұрқаева,
«Талғар»