Айқын көзқарас, нақты ұстаным

Айқын көзқарас, нақты ұстаным
Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығын мерекелеу жөніндегі Мемлекеттік комиссияның алғашқы отырысы өтті. Президент Қазақстан Тәуелсіздік жылдарында Елбасының көшбасшылығымен барлық қиындықтан өткенін, қуатты мемлекеттің іргесін қалағанын, енді егемендіктің төртінші онжылдығына қадам басқанын, бұл еліміз үшін аса маңызды кезең екенін атап өтті.
«Тұтас мемлекетті қамтитын ауқымды іс-шараларды өткізген кезде айқын көзқарас, нақты ұстаным болуы шарт. Себебі өңірлердің бәрі орталыққа бейімделіп жұмыс істейді. Сіздерден бағдар алады. Тәуелсіздіктің 30 жылдығын тек мерейтой деп санауға болмайды. Ең алдымен, бұл тарихи оқиғаға идеологиялық тұрғыдан қарауымыз керек», — деді Президент.
Мемлекет басшысы қазір заман басқа, адамдардың санасы айтарлықтай өзгергенін, оған қоса, бүгінде барша әлем жұртшылығы күрделі кезеңді бастан өткеріп жатқанын айтты. Қаржыны оңды-солды жұмсап, ұлан-асыр той жасайтын уақыт емес екенін, тиімсіз форумдар мен конференциялар өткізудің қажеті жоқтығын қадап тұрып жеткізген Қасым-Жомарт Тоқаев халықтың әлеуметтік жағдайына баса мән беру керегін, елдің тұрмысы түзелмесе, жетістіктерді мақтан етудің қажеті жоғын атап өтті. Сонымен қатар, мемлекеттік аппарат осы сенім мен үмітті ақтауға тиіс деді. Президент 30 жылдыққа байланысты шаралар халыққа рухани серпіліс әкелуі қажеттігіне тоқталды. Бұл ретте руханият саласындағы жұмыс бірнеше бағыттан тұрады. Ұлт тарихында өшпес із қалдырған көрнекті тұлғалардың еңбегін насихаттау аса маңызды жұмыстың бірі.Сондай-ақ биыл Семей полигонының жабылғанына 30 жыл толып отыр. Мемлекет басшысы ядролық сынаққа тыйым салу арқылы өз тағдырымызға өзіміз жауап бере алатынымызды көрсетіп, еліміздің әлемдік антиядролық қозғалыстың көшбасшысына айналғанын айтты.
Мемлекет басшысы елдегі көрікті жерлердің жыл өткен сайын жұтаңданып бара жатқанына алаңдап, “Таза табиғат” жобасын жүзеге асыруды ұсынды. Экологиялық бастамалар жыл сайынғы тұрақты жұмысқа ұласып, өмір салтына айналуы шарт екенін жеткізді. Осы ретте Ұлыстың ұлы күнін жаңаша атап өту туралы ойын бөлісті.
«Бабаларымыз Әз Наурыз келгенде бұлақтың көзін ашып, ағаш отырғызған. Осы тамаша дәстүрді жаңа қарқынмен жалғастырайық. Табиғатты тазалап, қоршаған ортаны көгалдандыруды қолға алайық. Мұндай шараларды барлық аймақта ұйымдастыруымыз қажет. Бұл — ата салтымыз әрі ұрпаққа экологиялық тәрбие берудің ең тиімді жолы», — деді Президент.
«Талғар-ақпарат»