Аудан атын асқақтатқан ару

Аудан атын асқақтатқан ару
Ауданымыздың намысын шаршы алаңда қорғап жүрген спортшыларымыздан жағымды жаңалық. Қоржынымызға түскен бұл жолғы жүлдені боксшы қыз Еңлік Достыбаева алып келді. Ақпан айының 1 мен 5 аралығында 2003-2004, 2005-2006 жылғы жасөспірім қыздар арасында Қазақстан Республикасының чемпионаты өткен болатын. Міне, сол додада 52 келі салмақта өнер көрсеткен қызымыз топ жарып алтыннан алқа тағып, ел-жұртын бір қуантты. Осылайша ел чемпионы атанған аруымыз халықаралық бокс бәсекесіне ел намысын қорғауға жолдама алды. Бұл жөнінде редакциямызға сүйінші сұрай хабарласқан алғашқы бапкері Қанатбек Әбдікерімов айтып берді. Еңлік Талғар ауданы, Кеңдала ауылының тумасы. Өткен жылы да Павлодар қаласында өткен республикалық жарыста бабы мен бағы қатар келіп чемпион атанған. Спортқа деген алғашқы қадамы Талғар қаласындағы №1 жасөспірімдер спорт мектебінен бастау алса, бүгінде Талдықорған қаласындағы «Өркен» спорт мектеп-интернатында шеберлігін шыңдауда.
«Ұстазы жақсының ұстамы жақсы»,– демей ме халқымыз. Оқырмандарымызға жақсы таныс бапкердің өзге де шәкірттерінің жеткен жетістіктері газетіміздің өткен санында жарық көріп келген. Алдағы уақытта да жағымды жаңалықтарымен қуанта беретініне сенеміз.
Дархан МАҚСАТҰЛЫ,
«Талғар»