СОҒЫС ӨРТІНЕН ОРАЛҒАН

СОҒЫС ӨРТІНЕН ОРАЛҒАН
«Ерлік – қолдың күші де, семсерді сілтей білу өнері де емес, ерлік өзіне-өзі ие болып, әділ болу», – деп шығыстың ұлы ғұламасы Муслихитдин Сағди айтпақшы, ерлік – жан дүниенің ұлы қасиеті. Ерлік – қауіп-қатерді батылдықпен жеңуден емес, оған қаймықпай қарсы тұрудан тұрады.
1979 жылы Кеңестер Одағы Ауғанстан жеріне басып кіріп, соғыс өрті лап еткенде, Талғар қаласындағы №2 қазақ орта мектебінде 11-сыныпта оқитын Садыхан Қырықбаев әлі жап-жас бала болатын. 1981 жылы күзде әскер қатарына шақырылған Садыхан Ауған жерінде болып жатқан қырғын соғысқа өзі де тап болатынын білген жоқ еді. Мектеп бітірген соң Талғардағы ДОСААФ-тың жүргізушілер курсын бітірген жас бозбала әскери комиссариаттан сұрыптаудан өткен соң бірден Өзбекстанның Ташкент қаласына жөнелтіледі. Осы жерде 3 ай дайындықтан өтіп, автомобиль жүргізушілер батальонына қосылған Садыхан Қырықбаев Ауғанстанның Кабул қаласының маңындағы «Пулихумри» провинциясына келіп түседі. Жап-жаңа «Зил», «Камаз» және ауыр-ауыр жүк машиналарының үстіне зениттік қондырғыларын орнатып алған Кеңес солдаттары Өзбекстанның Термез каласынан Ауғанстанның «Құндыз», «Кабул» қалаларына әскери құрылыс жабдықтарын тасымалдайтын. Әр сапар сайын 30-40 машинадан тізіліп жол тартатын Ауған сарбаздары Кеңес әскерін атыс қаруларының түр-түрімен қаруланған кез-келген жерден қарсы алып, оқты қарша боратып көп шығынға ұшырататын. Талай-талай қазақ жігіттері сол Ауған жерінде мерт болып, талайы із-түссіз жоғалып та кетті. Бірақ«қырық жыл қырғын болса да, ажалды өледі» – деп халық даналығында айтылғандай, екі жыл соғыс ортасында болған Садыхан Қырықбаев 1983 жылы шілде айында елге аман-есен оралды. Кеудесінде «Даңқ» ордені мен «Жауынгерлік ерлігі үшін», «Жауынгер-интернационалист», Бауыржан Момышұлы атындағы «Батыр шапағаты» медальдары жарқыраған Садыхан Қырықабев бұл күндері Талғар қаласында өмір сүруде. Екінші топтағы соғыс мүгедегі. Зайыбы Аубакирова Анеш екеуі 4 ұл, 2 қызды тәрбиелеп өсіріп отырған бақытты отбасының бірі. «Отанның басына қиын-қыстау іс түскенде қиынның қиынынан қаймықпай еңбек еткен кісі – міне, нағыз патриот – осы» – деп бір жазушы ой түйгендей, жастық қайраты мен ақыл-ойын сергек ұстап, Отан қорғау жолында жігітке тән мәрттік мінез танытқан Ауған соғысының жауынгері Садыхан Қырықбаев осындай жігіт.
Тұрсынбек Жалғасбаев,
«Талғар».