Жастарды жіпсіз байлаған «жалмауыз»

Жастарды жіпсіз байлаған «жалмауыз»

«Жарқын болашақ — жалындаған жастардың қолында» деп ұрандатып жатқанымыздың нәтижесі бар ма? Жастардың жағдайын жақсартуға қанша тырысқанмен, қоғамдағы біраз кедергілер жастардың жалындауына жол берер емес. Анығын айтқанда, келеңсіздіктің ең сорақысы, ол – жастарымыздың ойын улап, санасын суалтып біткен, көп жастарымыздың түбіне жеткен құмар ойындарының түрі, яғни құмар ойындары аппараттарының көбеюі.

Елімізде 2007 жылдың 12 қаң­тарынан бастап 17 баптан тұ­ратын «Ойын бизнесі туралы» заң қабылданып, өз күшіне енген болатын. Республика бойын­ша ойынханалар мен ойын автомат­тарының залы Алматы облысындағы Қапшағай қаласы мен Ақмола облысының Щучинск ауданында ғана орналасу керек деп шешіп, жаппай көшірілген. Қаржы қызметкерлері қала ішіндегі ойын орталықтарында рейд жүргізу барысында да біраз «ойын ошақтарын» сөндіргендей болғанымен, алайда, түп тамыры қалып жатыр. Олай деуге бірден бір себеп, мәселен алысқа бармай ақ Талғар қаласының өзінде аяғыңды аттап бассаң құмар ойындарының аппаратына тап боласың. Кәдімгі дүкендерде, сауда орталықтарында орналасқан оймақтай аппараттарды алғашында әртүрлі төлемдерді қабылдау мақсатында қызмет жасап тұр деп ойлауымыз мүмкін. Бірақ сол аппаратқа «араша» үймелеген үлкенді-кішілі жастарға қарап мүлдем бөлек дүние екеніне көзіміз анық жетеді. Қазіргі уақытта пайғамбар жасындағы ақыл айтар ақсақалдан, мектеп қабырғасындағы оқушы жастарымызға дейін сол аппарат деген «айдаһардың» құрбаны болып жүр.
«Ойын бизнесі туралы» заңда 21 жасқа толмаған жасөспірімдерге құмар ойын ойнауға тиым салынған делінген, дегенмен, соны бақылауға алған өкілетті органдар жоқтың қасы. Ұсынылған заң жобасына сәйкес, елімізде тек букмекерлік кеңселер мен тотализаторлардың жұмыс істеуіне ғана рұқсат делінген. Бірақ сол букмекерлік конторадан да, басқасынан да пайдасынан гөрі зияны жетіп артылады. Бұндай құмар ойындарының көбеюі жастарды желіктіріп, өздеріне жіпсіз байлап қояды. Қоғамда нашақорлар мен ішімдікке салынғандарды азайта алмай отырғанда, енді құмар ойындарының құрбандары да қатарға қосылып келеді. Адам санасын аз­ғын­дайтын ойынға еліккен жастар өздерін ғана емес, отбасы мен жа­қын­дарын да жұтатып отыр. Тіпті, соның кесірінен барынан айырылып, баз кешіп жүргендер де жоқ емес. Мысалы, баспанасыз қалғандар, отбасынан ажырасып кеткендер, оқу ақысын аппаратқа төлеп оқудан шығып қалғандар, ең сорақысы несие алып құмар ойындарына салғандары көптің жағасын ұстатары анық.
Сол «ойыншы жастардың» бір екеуін сөзге тартып көрген едім, жауаптары жүрек ауыртты. Мысалы, үйдің кенжесі, экономист мамандығы бойынша орта кәсіптік білімі бар, 28 жастағы М .есімді жігіт: «Бастапқыда бұл ойынды мүлдем түсінбейтінмін. Оймақтай аппаратқа үймелеген жігіттердің жанына жақындап, менде қызыға қарадым. 2000 теңге салып, 40 мың теңге шығарғанын көріп, көзім шарасынан бірақ шықты. Сол ойынды тамашалап қанша тұрғанымды білмеймін, түннің бір уақыты болып, үйге қалтамдағы санаулы ақшаммен әрең жеттім. Жалпы алатын жалақым жаман емес, пәтерақы мен жүріп-тұруыма жететін. Арасында ата-анамның қажетіне жарататынмын. Алдағы уақытта үйлену ойымда болып, біраз қаржы жинап жүргенмін. Алайда бір сәттік көрініс пен ойын аппаратының жанында өткен 6 сағат бар арманым мен абыройымнан айырды. Жинап жүрген ақшамды алып аппаратқа келдім. Қандай адамдардың қолдары жеңіл болады екен, бірден бар ақшамнан айырылдым. Ішім удай ашыды. Күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан айырылдым. Жатсам-тұрсам ойымнан аппарат, көз алдымнан ұтылған ақшам кетпейтін болды. Онлайн несие арқылы ақша алдым, одан да ұтылдым. Ал ұтылған сайын өзімді-өзім ұстай алмай ащы судан тартып алатын болдым. Үйге түнемейтін де болдым. Ал ұтсам одан сайын құныға түстім. Қарызға батып, енді қарыз алған адамдарымнан тығылып қашып жүретін болдым. Ата-анама «бәрі жақсы жұмыс көп, ақша жинап жатырмын» деп өтірік айттым. Бір айдың ішінде сол аппаратқа құмартып тұратын халге жеттім. Тіпті, қалтамда ақша жоқ болса да, барып басқа «ойыншыларды» тамашалап қайтатын болдым. Уақытты кері айналдырса сол аппаратқа аттап баспас едім», — деген бұл жігіттің көз жанарынан өкініш пен мұңды анық көруге болады.
Ал, 34 жасар А есімді жігіттің осы ойын аппараттарының кесірінен шаңырағы шайқалған. Екі баланың әкесі. Өзі күзет агенттігінде жұмыс істейді. Екі жерде жұмыс жасайтын бұл азаматтың табысы бір отбасын асырауына жетіп артылады. «Ажырасуға бірден-бір себеп – осы аппарат болды. Әйелім Алматы қаласындағы Абай атындағы ҚазҰПУ-дың ақылы бөлімінде сырттай оқитын. Жұмыс істейтін мекеменің алдында бук­ме­керлік контор орналасқан бола­тын. Түнгі ауысымда уақыт өтсін деген мақсатпен сол арадағы ойын­шы­лардың ойынын тамашалап жүрдім. Қомақты қаражатқа қол жеткізіп жатқандарды көріп қызығушылығым оянды. Айлық жалақымды алған соң, бірден сол жерге барып ойынға кірісіп кеттім. Кейіннен жалақымды тіпті үйге апармайтын болдым. Айлы­ғымды сұраса «жоғалтып алдым, бәленшеге қарызға бердім» деген сияқты сылтауларды айтып, өтірік жалтаратын болдым. Басында сенген әйелім кейіннен жанжал шығара бастады, енді өтірігіме қашанғы шыдасын. Өзім ойыннан ұтылып, жолым болмай жүргенде, үйге келгенде әйелің сұрақтың астына алып, жағаңа жармасқаны жүйкеңе тиеді емес пе? Осындай жағдайда әйеліме бір екі рет қол көтеріп жібергенім бар. Ашуға булық­қан әйелім екі баламды алып төркініне кетіп қалды. Әйелсіз күнің күн емес қой, артынан қылығыма өкініп, ойнамауға сөз беріп, бәрін қайтадан бастауды ұйғардым. Әйел, бала-шағамды кешірім сұрап алып келдім. Бірақ қуанышым көпке созылмады. Әйелімнің босанғанда берілетін жөргекпұлын оқуына төлемек болдық. Бұл шаруаны маған тапсырды. Қалтаға қомақты ақша түскен соң «алтын көрсе періште жолдан таярдың» күнін кешіп, көңілім тағы да құмар ойынына кетті. Ондағы ойым ақшамды екі еселендіріп алып, әйелімді қуанту болатын. Алайда ол арманым орындала қоймады, керісінше, бар ақшадан ұтылып, тағы да қапыда қалдым. Әйеліме төледім деп өтірік айтып, таныстарға қарызға белшеден баттым. Мақсатым ұтылған ақшаны шығарып, әйелімнің оқу ақысын төлеу болған. Сөйтіп жүргенде әйелімді де оқудан шығарып жіберіп, баяғы жанжал қайта басталды. Ең қиыны әйелім қайта кетіп қалды», — деп аяқтады әңгімесін. Қазіргі мақсаты құмар ойынын қойып, өзінің отбасымен бақытты өмір сүргісі келеді.
Бұл сол құмар ойындарының ошағын жағалаған жастардың екеуі ғана, ал бір қалада осы секілді қан­шама ойын ошақтары бар. Бір аппаратты кемінде күніне 15 адам ойнайды, оның екеуі ұтса, 13 адам барынан айырылып кетіп жатады. Ең өкініштісі, сол аппарат қожайындарының басым бөлігі өзге елдің азаматтары, ал құрбан болып жүрген өзіміздің қарадомалақ қазақ жастары. Пайымдай беріңіз, жүгенсіз кеткен жастарды жіпсіз байлаған «жалмауыздың» кесірінен қаншама отбасының шаңырағы шайқалды, қаншама жастарымыз тура жолдан тайды. Әлі қай уақытқа дейін жалға­сып, әлі де қаншама жастардың бола­шағына балта шабылғалы тұр екен. Жауапты қоғам көздерін жұмып жайбарақат жатқанда, жалғыздың қолынан келер шара бар ма? Әттеген-ай…

Айнаш Әлдибек,
«Талғар»