Заң жобасы сын тезіне ілінді

Заң жобасы  сын тезіне ілінді

Былтырғы жылдың 23 қыркүйегінде Парламент мәжілісінің бірінші оқылымында мақұлданған «Отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл туралы» заң жобасы қоғамның қарсы пікірін тудырып, қызу талқыға түсіп жатыр. Қарапайым халық түгілі кейбір депутаттар да үңіліп, зерделеп оқымаған аталмыш заң жобасының түйткіл тұстары ешкімді бей-жай қалдырмады.

Құжатта көрсетілгендей, отбасылық зорлық-зомбылықтың экономикалық, психологиялық және физикалық түрі айқындалған. Анықтап айтар болсақ, ата-ана баласына белгілі бір себеппен ұрысып, тіпті қол көтерер болса – психологиялық-физикалық зорлық-зомбылық, ал әлеуметтік жағдай жасай алмаса –материалдық қысым көрсеткендей болады. Халық заң жобасын осылай түсініп, осылай қабылдап жатыр. Мәселен, қазақ халқының сан ғасырдан бері бірге жасасып келе жатқан салт-дәстүрлері, атап айтсақ бесікке бөлеу, тұсау кесу, сүндетке отырғызудың өзі зорлық-зомбылық ретінде қабылдануы әбден мүмкін. Бұған қоса ондағы «жыныстық еркіндік» деген ұғым да төбеден жай түскендей, жұртты шошытып отыр. Қоғам наразылығын тудырған заң жобасы ата-ана мен баланың арасына іріткі салып, ұлттық құндылығымыз бен отбасылық тәрбиеге зор нұқсан келтіретінін алға тартқан ел-жұрттың талап-тілегі Президентке де жетті.
Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев бұл туралы твиттер парақшасында: «Отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл туралы» заң жобасы қоғамда қызу талқыға түсуде. Бұл – орынды. Өзекті мәселелер кеңінен талқылануға тиіс. Оның нормаларын мұқият қарап, барлық пікірлерді ескерген жөн. Басты міндетіміз – әйелдер мен балалар құқығын қорғау», – деп жазды.
Иә, аталмыш заң жобасы әлі Парламент Мәжілісінің екінші оқылымында талқыланып, Сенаттың сүзгісінен өткен жоқ. Олай болса дүйім жұрттың алға тартқан объективті ұсыныс-пікірлері мен мәлімдемелері ескеріледі, деген үміттеміз. Осы заң жобасына байланысты талғарлықтардың да ой- пікіріне құлақ түрсек.
Айтжамал Нұрбатырова, ардагер ұстаз, ауданның Құрметті азаматы
«Отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл туралы» заң жобасының бірқатар баптарына қатысты өз уәждерін алға тартқан білікті заңгерлер мен адвокаттардың,психолог мамандардың, қоғам белсенділері мен аналардың ұсыныс-пікірін естіген қарапайым халық аталған құжатқа мұқият зер салып, алаңдаушылық білдірді. Мәселен, заң жобасындағы «жыныс еркіндігін» ер мен әйелдің тең құқылы болуы деген желеумен енгізілуіне, «зорлық-зомбылық» деген түсініктің аясы кеңейгеніне, ата-аналардың өз баласын тәрбиелеуде құқықтарының шектелетініне, 111 нөмірін теріп, шағымданған баланы ата-анасынан бала тәрбиелейтін ұйымдарға алып кетуіне ата-аналар қарсылық білдірді. Атап айтсам, заң жобасының «Отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл қағидаттары» деген бөліміндегі 5-бап қалың көпшілікті дүр сілкіндірді. Осы баптың 11-тармақшасында: «Адамның құқықтары мен бостандықтарына қысым жасайтын және отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ықпал ететін әдет-ғұрыптар мен дәстүрлерді болғызбау» деген сөз бар екен. Бұл ретте, аталған заң талабына сүйеніп ер балаларды сүндетке отырғызу рәсімі отбасылық зорлық деп танылуы мүмкін ғой. Бұл бір ғана мысал. Жалпы баланың жас ерекшелігі мен физиологиялық-психологиялық даму деңгейін ескеру керек. Кішкентай бүлдіршіннің көңіл-күйі де сыртқы факторларға байланысты ауытқып, алмасып тұрады. Болар-болмас нәрсеге жылап, өз дегенін істетуге тырысатын бала әсершіл, тіпті қиялшыл да болып келеді. Мұндайда ата-ана балаға зәбір көрсетті ме деген күдік орын алуы да мүмкін ғой. Расында да, егер де бұл заңның «шикілігі» түзетілмей қабылданған болса қоғамда үлкен қайшылық туындар еді. Дер кезінде «дабыл» қағылып, қоғамдық пікірдің арқасында заң жобасы қайта қаралатын болды. Әрине, отбасындағы әйелге жасалатын зорлық-зомбылық, әлеуметтік әлімжеттілікті болдырмау, баланың қоғамдағы қауіпсіздігін қамтамасыз ету бұл әлі де терең зерделеуді қажет ететін өз алдына бір мәселе. Заңгер мамандар бұл мәселенің ара-жігін ашып, заң аясында дұрыс ұсыныс бере жатар. Мен де ұзақ жылдар білім саласында еңбек етіп келе жатқан ұстаз әрі ана ретінде халықты бей-жай қалдырмаған «Отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл туралы» заң жобасына түзету енгізу керек деп есептеймін. Өйткені заң қоғамның басты байлығы әрі тірегі болып табылатын адамның, жалпы халықтың мүддесі үшін жұмыс жасауы керек.
Гүлнәз Отымбаева, көпбалалы ана, Талғар қаласының тұрғыны

Мен бүгінде жарық дүниеге 11 перзент әкелген көпбалалы анамын. Ана ретінде мені де осы мәселе қатты толғандырғаны анық. Халықтың наразылығын тудырған «Отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл туралы» заң жобасы туралы әлеуметтік желіден естіп-білдім. Қоғам белсенділері, заңгер азаматтар мен көпбалалы аналардың аталған заңға қатысты уәждерін тыңдап, өзім де осы заңды зерделей бас­тадым. Расында да, мәжілістің бірінші оқылымында қаралған бұл құжаттың шикі тұстары, яғни бап­тары бар екен. Менің ойымша, заң жобасын шетелдік «үлгіге» негіздей отырып дайындаған сыңайлы. Олай дейтінім, Европаның көптеген дамы­ған мемлекеттерінде адамдардың от­басын құру жасы, отбасындағы бала саны, оларға берілетін тәрбие үрдісі біздің менталитетпен мүлдем сәйкес келмейді. Оның үстіне бір­қа­тар мемлекеттерде «жыныс ер­кін­дігі» заңмен бекітілген. Ал біз­дің қазақ қоғамы үшін бұл ақылға сыймайтын, мүлдем жат дүние деп санаймын. Ұлттық тәрбиенің бала өміріндегі орны ерекше. Жалпы ата-бабаларымыз ұрпақ тәрбиесін бір ғана отбасының немесе бір әулеттің міндеті деп санамаған. Ұрпақ тәрбиесіне бүкіл ауыл-аймақ атсалысқан. Данагөй қарттарымыз, ақ жаулықты әжелеріміз, ата-ана, тіпті көрші-қолан бәрі де бала тәрбиесіне өзіндік үлес қосқан. Аталы сөзге тоқтаған дана халқымыз аузы дуалы ақсақалдарымыздың ақыл-кеңесіне құлақ түріп, саналарына сіңір­ген. Ел-жұрт болып тентегін тыйып, дұрыс жолға салған. «Тек» дегенді білмей бетімен өскен баланың бола­ша­ғы да бұлыңғыр болмақ. Үлкенді сый­лау, кішіге қамқор болу қазақ отба­сында жазылмаған заңдылық. Бү­гінгі кіп-кішкентай бүлдіршін, ата-анасының, әулеттің үкілі үміті ғана емес, ертеңгі ел болашағы деп түсінемін. Ешкім баласын жаман болсын демейді. «Кірпі баласын жұмсағым, қарға баласын аппағым» деп жақсы көргендей, әрбір ата-ана үшін бауыр еті баласынан ыс­тық, баласынан қымбат не бар?! «Ананың көңілі балада, баланың көңілі далада» демекші, бала болған соң оның шалалығы да болады. Ата-ана баласын тәрбиелегенде өз үлгі-өнегесімен, жылы сөзбен де, кейде талапты күшей­те отырып та тәрбиелейді. Мұның өзі баланың мінез-құлқына, іс-әрекетіне байланысты қолданылатын тәрбие тәсілі. Мәселен, бүгінде балалар ұялы телефонға өте әуес. Ұзақ уақыт сол телефонға телміріп отыруға дайын. Мұндайда ата-ана балаға шектеу қояды, тыйым салады, делік. Бала да өзінің нәпсісін тыя алмай жылап, қарсылық көрсетуі де жиі орын алуда. Сонда бала жылайды екен деп, оның ығына жығыла беруге болмайды ғой. Немесе мұсылмандар үшін ұл баланы сүндетке отырғызу міндетті. Әрине мұндайда бала жылап қарсылық білдіретіні анық. Ал әр балаға өз бөл­ме­сі­нің болуы, жатын орнының жай­лылығы ана үшін маңызды. Бірақ өкінішке орай, бүгінде көпбалалы отбасыларының көбінде баспана мәселесі шешілмеген. Жалдап тұратын үй-жайдың да жағдайы белгілі. Өмір болған соң осындай мысал­дар­ды көптеп келтіруге болады. Сонда ата-ананың отбасындағы рөлі қандай болмақ? Тек баласының ығына көнетін, айтқанын жасайтын асыраушысы болып қала ма, деген күдік пен күмән туындағаны рас. Бүгінде талқыға түсіп отырған заң жобасының та­ла­бына сай осындай жағдайлар ба­­лаға қарсы көрсетілген зорлық-зомбылық ретінде қабылданып кете ме деген қауіп болғандықтан қоғам өре түрегелді. Заң қоғамның белгілі бір тәртіпке бағына отырып, өмір сүруін реттейтін құқықтық құжат деп есептеймін. Сондықтан да қандай да бір заңды қабылдамас бұрын оны егжей-тегжейлі зерделеп, тиянақты талдау жүргізе отырып, халыққа кеңінен түсіндіру керек деп санаймын. Аталмыш заң қабылданарда ел тілегі ескеріледі деген ойдамын.
Түйін: Күні кеше ғана қазақстандықтардың қызу талқысына түсіп, қоғамдық резонанс тудырған «Отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл туралы» заң жобасын депутаттар кері қайтарып алды. Заң жобасының жаңа мәтінін дайындауда мүдделі мамандар, азаматтық сектор өкілдері мен тәуелсіз сарапшылар қатыстырылып әрі барлық талқылау алаңдарында міндетті түрде көрініс табатын болады. Көпшілік тарапынан түскен объективті ұсыныстар мен ескертулер, мәлімдемелер назарға алына отырып әзірленетін заңның «шикілігі» болмас деп үміттенеміз.

Райхан Азимова,
«Талғар»