ТҰЛПАР МІНІП, ТУ АЛҒАНДАР

ТҰЛПАР МІНІП, ТУ АЛҒАНДАР

Өз алдымызға ел болып, шекарамызды шегендегелі отыз жыл болса да көршіміздің көңіліне қарап, жатқа жалтақтаумен келеміз. Бұған дәлел ұлтым деген үнге үрке қарап, «балконға» ілінген байрағымыздан бүліктің белгісін байқаған кей жандардың әрекеті.

Түрлі ұлыс өкілдері орын тепкен ордалы жұрттың мұрагері мына біз – қазақтар екендігін мойындамайтын қасиетсіздердің қатары көбейгендей көрінеді. Солтүстіктегі жерімізді қазаққа тән емес етіп, көп ұтты елге қазақ тілін қолайсыз деп көрсеткісі-ақ келеді. Бұдан бөлек бүтіндей ұлттың құндылығын мазақ еткен Борат секілділердің әрекеті мен көгілдірлердің шеруіндегі көк Туымыздың көрінісі. Әрине бұл елдегі басқа ұлттың емес шаңырақ иесі біздің ғана шабымызға тиетін шатақ іс. Бұл аз десеңіз өзекті өртеген өз азаматтарымыздың ағаттығы, ақтауға келмейтін ұятты істері де жоқ емес. Кісі баласының қателігі кешіріммен қайтса, ал әлеуметтік желіде толып жатқан туын тулаққа айналдырып қоқыс көтеріп, жүк тасыған көлігін көлегейлеп жабын еткен қаперсіздердің әрекетін қайтерсің? Ал осыдан соң кімнен не күтерін білмеген шарасыз халықтың еңсесі түсетіні белгілі.
Осы ретте Туды патриоттық мақсатта пайдалануға Президент жарлығының шығысымен, сөз еткен солтүстігіміздің намысты жігіттері тұлпар мініп, Ту алып көшеге шықты. Бұл жігерін жасауға бермеген ұлтжанды ұлдардың жоғарыда аталған жүгенсіздіктерге жасаған жауабы болды. Ішімізден іріткі салып ыдыратуды қалайтын, көлденең көк аттыларға, көп аттылардың көрсеткен мінезі. «Менің Туым — менің Отаным!». иә, осындай ұранды ұстанған бейбіт бастаманың арты акцияға ұласты. Жоғалғаны табылғандай күйге енген халық рухының көтерілгендігінің көрінісі әлеуметтік желідегі жазбалар мен жарияланған видеолар. Игі бастамаға үн қосқан біздің облыстың жігіттері де бұл челленджден шет қалмады. Райымбек ауданынан шыққан Ту эстафетасын біздің ауданның атқамінерлері Еңбекшіқазақ ауданынан жоғары деңгейде қабылдап алып, аудан ішін аралай өтіп Іле ауданына абыроймен аманаттады. «Атқа отырған қазақтың кеудесін ешкім баса алмас» дегендей жүйрікті жүгендеген азаматтарымыздың кеудесін мақтаныш билеп, байрағын биіктете ұстап көтеріп көп алдынан өтуінің өзі жігітке жігер береді. Ал оларды көру үшін көшенің жиегіне шыққан халықтың алған әсері тіпті ерекше көрінді. Рухы асқақтап, қаны ойнаған қалың көпшіліктің арасында бейқам тұрған кісіні көру мүмкін болмады. Солай болуы да керек шығар… Бұрынғы кейінгінің жолын білген бірқатар қарттарымыз баталарын беріп, лебіздерін айтып, шашуларын шашып жатты. Ат үстіндегі азаматтардың кейпі жауға төнген қолдай көрінді ме екен, керуеннің алдын қия кескен көлікте, ығы-жығы елдің аяқ-алысы да сап тиылып, керуенге жол беріп қолын бұлғап мәз болысты.
Көк тудың желбірегені –
Қазақтың асқақ беделі.
Махаббат, қайрат екеулеп,
Шымырлатқаны денені, – деген Алмас Ахметбекұлының осы бір өлең жолдарын естімеген қазақ кем де, кем шығар. Бірақ түсінгені, сезінгені ілеуде-біреу. Ал осы сынды құндылыққа қатысты акциялар ұлтқа деген сүйіспеншілікті арттырып, жастардың бойындағы рухты оятатын таптырмас құрал деген ойға келдік. Ал, рухы үстем елді күшпен де, құйтырқы іспен де алу мүмкін емес!

Дархан МАҚСАТҰЛЫ,
«Талғар»