Әркімнен дүние өтер қимағанмен…

Әркімнен дүние өтер қимағанмен…
Заманның аумалы-төкпелі кезеңінде аты аталмай, еңбегі еленбей қалған таланттардың бірі — Бөлтірік Атыханұлы. Ол 1870-1928 жылдары Алматы облысы, Райымбек ауданы, Қарабұлақ ауылында туып өскен ақын, жыршы, күйші. Құланаян Құлмамбеттің шәкірті. Бүгінде Бөлтірік Атыханұлының туғанына 150 жыл толуына орай ақынның шығармашылығы, өткен өмірі жайлы тілге тиек етіп, өскелең ұрпақтың жадында қалдыру мақсатында ақын жайлы жиған-терген мәліметтерімізді назарларыңызға ұсынамыз.
Бөлтірік ақын бала кезінде ауыл молдасынан дәріс алып, жастайынан ел аралап, өнер қуған. Жетісу өлкесіне шұрайлы өлеңдерімен ақын ретінде танылған. Бүгінгі күнге дейін атақты Жамбыл, Майкөт, Үмбетәлі ақындармен айтысқан айтысының үзінділері ғана жеткен екен.
Бөлтірік Атыханұлы туындылары­ның көтеретін мәселелері әр алуан, түп қазығы – тыңдаушысын кісілікке, парасаттылыққа тәрбиелеу. Ақын жырлары, жақсылық пен жамандықты салыстырып бағалауға үйретеді.
Ғасырлар бойы ұрпақты адамгершілік мінез-құлыққа тән асыл қасиеттерге тәрбиелеуде Бөлтірік атаның айтқан сөздері мен өнегелі жырлары жетекші орын алады. Ақын жырларын оқи оты­рып, жақсылық пен жа­ман­дық қасиеттерін салыс­тыра бағалауға, адам­дардың қарым-қатынас­тарының күрделі қайшылықтары, өмірлік шындық құбылыс-тармен, қасиеттерімен нақты дәлелдеп түсіндіріледі. Аз сөзге астарлы ой мағынасын сыйғыза білу– халық ақыны Бөлтірік ақынның шығармашылық өнерінің басты ерекшелігі деп білеміз.
Ақын ретінде өте ерте танылды. Табан астында тауып айтып, бетің бар, жүзің бар демей сөйлейтін сыншыл, шыншыл, замандасының кемшілігін бетіне басып айтатын турашыл ақын болды. Өмірден көргенін, көңілге тоқығанын өзгеге өнеге етуді, айналасына бұрынғыдан қалған өсиет сөздерді, озық ойларды таратуды, бұқараға ғұмырлық тәлімдерді алдына мақсат етіп қойған ғибратшыл ақын. Ол өлеңдерін жазып шығарған жоқ. Жанынан суырып айтты. Оның аузынан шыққан сөздің терең ойлылығы да, ойнақылығы да, ішкі, сыртқы сұлулығының жымдасып жатуы да естіген жанның есінде қалуына бірден-бір себепкер болды. Бөлтірік кейбір ақындар сияқты адамдарды топқа бөлген жоқ. Оған бай да, кедей де бір. Сынаса, мінесе, шенесе біреуі бай, бірі кедей екен деп бөле-жара өлең арнаған жоқ. Сөзін көбіне-көп жастарға арнады, олардың тәлім тәрбиесіне көбірек көңіл бөлді.
Әр ақын өмір сүрген ортаның қалпына, адамдардың мінез-құлқына, қоғамдық құбылыстарға өз тарапынан баға беріп отырады. Сол баға арқылы өмірге, табиғатқа, қоғамға, жалпы дүниеге көзқарасын білдіреді. Бөлтірік шығармаларында елді, жерді сүю, адамзатты, адамды қадірлеу, жар сүю, еңбек ету, бірлікте, ынтымақта болу, ананы, әкені қадірлеу, табиғат тылсымын түсіну, қарапайым, әдепті, әділетті болу идеяларын көтереді. Жалпы идеяларының басын қосқанда адамтану, өнертану, ғаламтану, дүниетану мақсаттарын құрайды.
Бөлтіріктің өнерпаздығы жайлы айтар болсақ, аузын ашса – көмейі көрініп, көмейін ашса – жүрегі білініп, жүрегін ашса – ала-топан өлең-жыр төгілген ақын, сүйір жақты, сүймен тілді шешен, он саусағынан күй сорғалаған күйшілер ішінде аты-жөні, атақ-абыройы ауызша әфсана мен жазбаша тарихқа әлдеқашан енсе де, әділ бағасын ала бастаған дүлдүлдердің бірі. Жыр алыбы — Жамбылды ауызға алсақ та, ақиық ақын — Құлмамбетті тілімізге тиек етсек те Бөлтірік көп перненің бірі болып сарнай жөнеледі.
Хантәңірінің баурайында күй өнері де ертерек дамығандықтан, бүгінде көзі тірі куәлар да, бұлтартпас айғақтар да баршылық. Тоқсаныншы жылдарға дейін осы аймақта күй бар дегенге ешкім құлақ аспаушы еді, ғасырлар бойы өз шұңқырында бүлкілдеп жатқан күй қайнарының көзі енді ашылуда.
Күйшілік-домбырашылық өнердің он тоғызыншы ғасырдағы өкілдері Қожеке Назарұлы, Сыбанкүл Қалбасұлы, Бекмұхамет Сергенбайұлы, Нұрмұхамет Мергенбайұлы секілді өнерпаздар болса, олардың шығармаларын жиырмасыншы ғасырға жеткізушілердің бірі Бөлтірік Атыханұлы. Ол өзіне жеткен күйлерді орындаумен ғана шектеліп қалған жоқ, өз жанынан да күй шығарып шыңдалған өнерпаз болды. Күйшілігінен гөрі ақындығы, жыршылығы басым болғандықтан оның домбырасы жыр-термелерді нақышына келтіре сүйемелдеуге қызмет етті. Оның «Терме күй», «Жыр күй», «Ән күй» деп аталып кеткен шығармалары бүгінге дейін жетіп, ел аузында кеңінен таралған. Ақын жырларының сақталуына үлес қосқандар Байниет Малыбекұлы, Қайырбек Мәңкеұлы, Садықожа Моштайұлы, Бура молда, Саурықов Сыдық, Әбдірасылов Шәуен ауыздан-ауызға жатқа айтып, ұрпаққа жеткізген болса, Рахманқұл Бердібаев, Кеңес Нұрпейісов, ғалымдар Сәрсенбі Дәуітов, Сағатбек Медеубеков сынды академиктер ақын шығармашылығы туралы зерттеулер жазды.
Бөлтіріктің терме, жырларының мақамы, сарынына тоқталатын болсақ, ақын өз шығармаларын өзі орындаған. Сондықтан да ең ұтымды, құлаққа жеңіл, жүрекке жылы үлгілерді көбірек пайдаланған. Үнемі айтыла, жаттала келе оның кейбір терме мақамы, жыр сарыны, өлең әуені күйге айналған. Қазір де ауылдағы қарт күйшілердің көбі Бөлтіріктің туындыларынның бірін орындамай күй бастамайды. Бұл бүкіл репертуардың құлақ күйі – бастауы секілді.
Бөлтірік – ақын десек, оның алды-артында Қаблиса, Сүйінбай, Майкөт, Құлмамбет, Шалтабай, Жамбыл, Көдек, Асан, Қапез, Садықожа, Шарғын т.б сынды суырып-салма ақындар тұрады.
Бөлтірік – жыршы десек, Қабан жырау, Құлмамбет, Көдек, Жүсіпбекқожа, Нұрақын т.б сынды жыраулар төңірегіне топталады.
Бөлтірік – күйші десек, айналасына Қожеке, Шалтабай, Сыбанқұл, Бекмағанбет, Нұрмұғанбет, Омархан, Қожақан т.б секілді қос ішектен қорғасын балқытқан күйші, домбырашылар іріктеледі.
Осылардың көбі ғылыми ортаға әлі белгісіз, Бөлтірік туралы айтқанда, айналып өтіп кете алмайтын тарихи тұлғалар. Осы тұлғалардың өмірі мен шығармашылығын тілге тиек етіп айтсақ, Бөлтірік өнеге алған ұлы мектептің есігін ашамыз. Сол мектепте қалыптасқан дәстүрдің тамырын танимыз. Сол дәстүрді жиырмасыншы ғасырға өзімен бірге ала кеткен Бөлтірік ақын, жыршы, күйшінің тарихи тұлғасын аңғарамыз.
Бөлтірік Атыханұлының ақындық, жыршылық, күйшілік өнері алтын арқауын үзбей, ұрпақтан ұрпаққа жалғасып, мәңгілікке сабақтасып тұр. Оның өнерін халық мойындап, құрметтеуде, жадында сақтап, рухани қажетіне жаратуда. Қазіргі таңда ақынның шығармалары топтасып, жеке кітап болып, кейбірі республикалық басылымдарда жарық көрген. Атап айтар болсақ, 1916 жылғы Қарқара ұлт-азаттық көтерілісі жайлы «Ел жарыла көшкенде» атты дастаны «Жаңа мектеп» журналында, «16 жыл» кітаптарында басылды. Кейбір айтыстары мен өлең-жырлары «Қазақ совет фольклоры», «Айтыс», «Жамбыл» жинақтарында жарияланды. «Азамат болсаң», «Ел жарыла көшкенде» атты жеке жинақтары жарық көрді. Жинақталып 2001 жылы «Ұрпаққа өсиет» атты кітабы жарық көрді. Бөлтірік шығармаларының қолжазбалары Қазақстан Орталық ғылыми кітапханасының сирек қоры мен Әдебиет және өнер институты Қолжазба орталығында сақтаулы.
Бүгінде Алматы қаласындағы №36 қазақ орта мектебіне ақын есімі берілген. Сонымен қатар «Бөлтірік-Қасенбай» атындағы қор жұмыс істейді. Қор ұйымына Бөлтірік атаның немере қызы Бақытгүл Қасенбайқызы Бөлтірікова төрағалық етіп, өз бақылауына алған.

(Мақалада ақынның
«Азамат болсаң»,
«Ұрпаққа өсиет» атты жыр
жинақтарынан алынған
мәліметтер қолданылды)