Саяси науқан өз мәресіне жетті

Саяси науқан өз мәресіне жетті

Баршаға белгілі қаңтар айының 10-ы күні елімізде аса маңызды науқан – Қазақстан Республикасының Парламенті мәжілісі мен барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының сайлауы өтті. Ауданымыздағы сайлау комиссиялары науқанға арналған дайындық шараларын белсенді түрде жүргізді. Себебі биылғы сайлау әлемді дүрліктірген пандемия кезінде өткендіктен сақтық шараларына ерекше назар аударылды.

Сайлау учаскелері санитарлық нор­малар­ға сай жабдықталып, ел амандығы бірінші орынға қойылды. Сайлау кезінде барлық заңдылық сақталып, азаматтардың конституциялық құқықтарын іске асыру үшін барлық жағдай жасалды. Дауыс беру елдегі сайлау учаскелерінде жергілікті уақытпен таңертеңгі сағат 7.00-де басталып, сағат 20.00-ге дейін жалғасты. Орталық сайлау комиссиясының мәліметіне сүйенер болсақ, бұл күні ел аумағында 10 мыңнан аса сайлау учаскесі жұмыс істеген. Қазақстаннан тыс 51 елде 66 сайлау учаскесі ашылған. Қазақстанда дауыс беру құқығына ие 12 миллионға жуық сайлаушы бар екен. Елінің болашағына алаңдаған әрбір азамат сайлауға қатысып, дауыс беруге тиісті. Себебі, бұл бір адамның емес, бір халықтың болашағына, тағдырына әсер ететін мәселе.
Парламент Мәжілісі мен облыс, қа­ла, аудан мәслихатына депутаттарды сайлау бойынша экзит полдың алғашқы нәтижесі жарияланды. Орталық сайлау комиссиясының мәліметі бойынша сайлауда 7 млн. 539 мың 280 бюллетень берілген. Соның ішінде «Қазақстан Халық партиясына» – 9,10 пайыз, «Nur Otan» партиясына сайлаушылардың – 71,9 пайызы дауыс берген, «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясы мүшелері үшін қазақстандықтардың 5,29 пайызы дауыс берсе, Қазақстанның «Ақ жол» демократиялық партиясы үміткерлері сайлаушылардың — 10,95 пайызының қолдауына ие болған, «ADAL» саяси партиясынан ұсынылған үміткерлер азаматтардың 3,57 пайыз дауысын жинаған.
Қоғам үшін аса маңызды науқанда Тал­ғар ауданының жұртшылығы да белсенділік танытты. Аудан бойынша сайлаушылар тізіміне 151 613 азамат енгізілсе, оның ішінде 100 019 адам немесе 65,97 пайызы сайлау бюллетеньдерін алды. Дауыс беруг­е 99 918 адам қатысып, дауыс берді. Оның ішінде 5 сайлаушы есептен шығару куәліктері бойынша дауыс берсе, 175 сайлаушы дауыс беруге арналған үй-жайдан тыс жерлерде дауыс берді.
Сайлауға бес саяси партия қатысып, дауыс беру нәтижесінде аудан бойынша Қазақстан Халық партиясына 8 628 талғарлық дауыс берді немесе дауыс беруге қатысқан сайлаушылар дауысының 8,64 пайызын жинады. «Nur Otan» партиясына 73 747 сайлаушы сенім артып, дауыс беруге қатысқан сайлаушылардың 73,81 пайыз дауысына ие болды. «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясы 8 615 дауыспен сайлаушылар дауысының 8,62 пайызын алса, «Ақ жол» Қазақстан демократиялық партиясы 8 592 дауыс жинап, сайлаушылар дауысының 8,60 пайызына ие болды. «ADAL» саяси партиясына талғарлықтардың 336-сы дауыс беріп, сайлаушылар дауысының 0,34 пайызын ғана жинады. Дауыс беруге қатысқан сайлаушылар дауысының жеті және одан да көп пайызын алған саяси партиялар үшін депутаттық мандаттар бөлінді. Қазақстан Халық партиясы 2 мандат, «Nur Otan» партиясы 17 мандат, «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясы 2 мандатқа, «Ақ жол» Қазақстан демократиялық партиясы 2 мандатқа ие болды. Енді жеңіске жеткен партиялар мандаттық орындарға өз депутаттарын бекітетін болады.

Перизат НҰРҚАЕВА,

Талғар