Азық-түлік бағасы ауыздықтала ма?

Азық-түлік бағасы ауыздықтала ма?
Еліміздегі басты саяси науқан – сайлауға қатысатын партиялар өз бағдарламаларында айтылған мәселелерді әр қазақстандықтардың жүрегіне жеткізу үшін бір ай бойы үгіт-насихат жұмыстарымен айналысып келеді. Межеге жетер сын сағатта аудандық мәслихатқа үміткер кандидаттардың аймақтағы үгіт насихат кездесулері де өтіп жатыр. Солардың қатарындағы аудандық мәслихатқа үміткер «Әділет» базарының басшысы, жеке кәсіпкер Дастан Тұрлыбеков те еліміздегі жетекші партияның сайлауалды бағдарламасымен таныстырып, аудандық «Электросеть», «Қазпочта», «Жаңа бетон» ЖШС ұжымының жұмысшыларымен келелі кездесулер өткізді. Кездесу барысында көпшілік көкейіндегі сұрақтарға жауап берді. Партияның жеті басымдығына жеке-жеке тоқталып, мақсаттары мен міндеттерін айшықтап айтты. Қызметкерлер тарапынан олардың еңбек ақысы мен емдеу-сауықтыру бойынша бөлінетін қаражат мәселесі көтерілді.
Айта кетер болсақ, ауданда 87 орта өнеркәсіптік кәсіпорындары жұмыс істейді, онда шамамен 2500 адам жұмыспен қамтылған. Пандемия кезінде ауданда өнеркәсіптік өндіріс қарқынын сақтап, жұмысшылардың жаппай босатылуына жол берілмеді. Аудан экономикасын тұрақты дамыту, жаңа жұмыс орындарын құру үшін Қайнар ауылдық округіндегі «Қайрат» индустриялық аймағына инвесторларды тарту бойынша жұмыс жүргізіледі. Бұл 2025 жылға қарай шамамен 8 мың жаңа жұмыс орнын құруға, жалақыны 137 мыңнан 190 мың теңгеге дейін арттыруға, жұмыссыздық деңгейін 4,2 % -дан 3,8 % — ға дейін төмендетуге мүмкіндік береді.
Осындай айқын ақпараттарды алдыға тартып, «Nur Otan» партиясы әркім өзіне және өз отбасына лайықты өмір сүру деңгейін қамтамасыз етуі үшін тұрақты жұмыс орындарының санын ұлғайтуды мақсат етіп отырғанын жеткізді.
Сонымен қатар азық-түлік бағасының көтерілуін баса айтқан халық сол мәселенің оңтайлы шешімін табуды сұрады.
Рас, пандемия жағдайында нарықты азық-түлік тауарларымен тұрақты қанықтыру мәселелері өткір және өзекті мәселе болып отыр. Ауданның ішкі азық-түлік нарығының тұрақты және үздіксіз жұмыс істеуін және нығайтуға күш біріктіріліп, келісілген іс-қимыл жасалатынын, сондай-ақ «Nur Otan» партиясы азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету және ауылдықтарды барынша қолдауды міндет етіп отырғанын айтып, халықты сабырға шақырды.
Жеке кәсіпкер Дастан Бақыткелдіұлы кездесу барысында көтерілген мәселелерді жоспарға енгізіп, назарға аламын деп уәде етті. Халықты алдағы сайлауға қатысып, жетекші партия үшін дауыс беруге шақырды.

Айнаш Әлдибек,
«Талғар»

(Материал ақылы,
«Nur Otan» партиясы есебінен
келісім-шарт негізінде төленеді)