«Он сегізінде атой салған…»

«Он сегізінде атой салған…»

Мерейтой

«Адамның өз ожданы алдында адал, шыншыл да турашыл болуы, өзіне-өзі қасиетті болуынан, оның жүріс-тұрысы ізгі болуынан ғана туады» — деп ұлы ғұлама әл-Фараби айтқандай, қашан да бетегеден биік, жусаннан аласа болып, сабырлы да байсалды мінезімен көпке ұнайтын, кішіпейіл қасиетімен өзге жанды өзіне тартып әкететін Серік Құрақбаев есімді азаматты Талғар жұртшылығы көптен біледі. Кеудесінде «Дене шынықтыру мен спортты дамытуға сіңірген еңбегі үшін» және «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 20 жыл» медальдары жарқыраған, аудандық мәслихаттың депутаты Серік Құрақбаев Еңбекшіқазақ ауданының Ақжол ауылында туған. Әкесі Өмірзақ өмір бойы колхоз-совхоздарда мал дәрігері, ал анасы Айша 3 ұл, 2 қызды тәрбиелеп өсірген ардақты ана еді.

Қыр-Балтабай ауылындағы мектеп-интернатта оқып, сол жердегі мектепте күрес түрлерімен айналысқан Серік кейін әке-шешесі Талғарға қоныс аударып келген соң да күресті тастамады. Алғашқы бапкері Сағындық Қасымов та, кейінгі ұстазы Г.П.Юрченко да күрес өнерінің жілік майын шаққан белді азаматтар еді. Қаладағы №8 мектепте оқып, білім алған Серік осы қаладан күрес өнерінің мөлдір бұлағынан мейірі қанып шықты. 1978 жылы Алматы қаласындағы дене тәрбиесі және спорт институтына қабылданған кезде ол еркін күрес өнерін шебер меңгерген бозбаланың бірі болатын. Күрес өнерінің ұстаханасы саналатын бұл оқу орнында сол кезде атақ-даңқтары жер жарып тұрған Әбілсейіт Айханов, Қабден Байдосов, Аманжол Бұғыбаев, Мұсабек Қапановтар еңбек ететін. Бірінші курстан бастап әйгілі бапкер Қабден Байдосов пен Мұсабек Қапановтың назарына іліккен Серік Құрақбаев 1978 жылы Қарағанды қаласында өткен Кеңес Одағының батыры Нүркен Әбдіров турниріне барып, бақ сынады. Он сегіз жасар жас балуан осы турнирде Қазақстанның белді-белді балуандарын жығып, аламан бәйгенің қола жүлдесін иемденіп қайтты. Ол кезде Қазақстан чемпионатында 1-3 орын алған спортшыға «КСРО спорт шебері» деген атақ берілетін. Он сегіз жасында спорт шебері атанған жас бозбала сол кезден бастап еркін күрестен Қазақстан құрамасының сапынан берік орын алды. Ол тұста Қазақ елінің намысын қорғап жүрген Мусан Абдулмусилимов, Мәлік Нәдірбеков, Александр Иванов, Жақсыжол Көрпебаев, Спандияр Майбасов сынды қазақ балуандарының атақ-даңқы жер жарып тұрды. Күрес өнерінің биігіне бет алған Серік Қазақстан құрамасының мүшесі ретінде ай сайын 90 сом стипендия алып, қазақ елінің намысын қорғайтын ұланның біріне айналды. 1978-1980 жылдары Украинаның Харьков қаласы мен Башкұртстанның Салават Юлаев қалаларында өткен Одақ чемпионатында Қазақстан намысын қорғаған Серік Құрақбаев 1979 жылы Мәскеуде өткен Кеңес Одағының ауыл-село спортшыларының Спартакиадасында маңдайы жарқырады. Ол кезде Кеңес Одағы біріншілігінде «чемпион» атану, әлем біріншілігінде топ жарумен бірдей болатын. Мәскеуде өткен Спартакиадада әбден бабында жүрген Серік 62 келі салмақта бас бәйгені иемденіп, бапкері Мұсабек Қапановты қуанышқа бөледі. 1982-84 жылдары сарбаздық міндетін атқарып, Алматыдағы армияшылардың спорт клубының (ЦСКА) сапында жүрген кезде де ол Қазақстан елінің мерейін сан мәрте асқақтатумен болды. Міне, содан бері қаншама айлар мен жылдар сырғып өтті. Кемеліне келіп, ақыл-ойы толысқан Серік Құрақбаев ұзақ жылдар аудандық спорт және туризм бөлімінің бастығы болған кезде Талғар ауданы спорттың барлық түрінен топ жарып, үнемі облыстың алғашқы үштігінен көрінетін. 2010 жылдан бері аудандық Жасөспірімдер спорт мектебінің директоры болған Серік жемісті еңбегімен көзге түсуде. Жыл сайын облыста өтетін спартакиадалар мен чемпионаттарда Талғар спортшылары биік белестерден көрінсе, соның бәрі Серік Құрақбаев басқаратын ұжымдағы жаттықтырушылар мен спорт мамандарының еңбегі. «Жақсы мінез-құлық пен ақыл күші болып, екеуі біріккенде – бұлар адамшылық қасиеттер болып табылады» – деп әл-Фараби бабамыз айтпақшы, кішіпейіл де байсалды мінезімен ел-жұртқа сыйлы болып жүрген Серік Құрақбаевтай азамат осы қаңтар айында 60 жасқа толады. Халқына бергенінен берері мол азаматқа Талғар жұртшылығы барлық ізгі жақсылықтарды тілейді.

Тұрсынбек Жалғасбаев,
«Талғар».