ЖЫЛ БАСЫНДАҒЫ ЖИЫН

ЖЫЛ БАСЫНДАҒЫ  ЖИЫН

Сәрсенбінің сәтінде Талғар ауданы әкімдігінің жанындағы Жастар ісі жөніндегі кеңес отырысы өтті. Төрағасы аудан әкімі болып табылатын кеңес отырысы осыған дейін жоспарлы түрде жылына екі рет өтіп тұрды. Жыл басындағы жиынға комиссия мүшелерінен бөлек Алматы облысы жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Сапаров Элдар Қайсарұлымен қатар ауданымыздағы түрлі салада қызмет етіп жүрген белсенді жастар қатысты.

Жиынның жүргізу тәртібін өз қадағалауына алған Талғар ауданы әкімінің орынбасары Ахмет Әшімахұнұлы регламент бойынша күн тәртібінде қаралатын төрт мәселені айқындап берді. Әрі қарай жұмыссыз жастарды жұмыспен қамту бағдарламалары, жастар арасында құқық бұзушылық пен зорлық-зомбылық және ерте жүктіліктің алдын алу, еріктілер жылының қорытындысы сынды тақырыптар талқыға түсті. Сәйкесінше көтерілген сұрақтар төңірегінде аудандық жұмыспен қамту орталығының директоры Эльвира Қанатқызы, аудандық полиция басқармасынының подполковнигі Айгүл Қаппасқызы, орталық аурухананың қызметкері Минавар Ростямқызы, Талғар ауданының жастар ресурстық орталығының жетекшісі Замира Нұрланқызы сынды жауапты сала басшыларының баяндамалары тыңдалып, басшылық тарапынан тиісті тапсырмалар берілді. Мәселен, мектеп, колледж сынды білім ошақтарының басшылары, оқушылар мен студенттердің ата-аналарымен тығыз байланыс орнатып, орын алатын олқылықтардың алдын алу жұмыстары міндеттелді.
Басқарма басшысы Элдар Қайсарұлы өз кезегінде көтерілген мәселелердің маңызды екендігін, атқарылар істің көп екенін айта келе, жастарды қолдауға бағытталған жобалардың жоспарда тұрғанын жеткізді. Аудандарда жастар ресурстық орталықтарының ғимараттарын салу үшін бүгінде жер қарастырылып жатқандығын айтып, келген жастарды бір серпілтіп тастады. Сонымен қатар кеңес мүшелерінің сапалық құрамын жаңарту, кемінде елу пайызы үкіметтік емес ұйым мамандарымен толығу қажеттілігін атап өтті. Президиум тарапынан қойылған сұрақ нәтижесінде ауылдық округтердегі жастар ісі жөніндегі әдіскер-нұсқаушылардың мәртебесін арттыру бойынша өз ойын ортаға салды. Кей аудандарда кадр тапшылығынан аталған қызметтегі мамандардың қосалқы жұмыстар істеуінің дұрыс еместігін де тілге тиек етті. Десе де басқарма басшысы олардың алатын айлығына келгенде мемлекет тарапынан ешқандай шара қарастырылмағанын, олар жергілікті округ тарапынан қаржыландырылатынын ашып айтты. «Ауылдық жерлердегі жастар ісі жөніндегі әдіскер-нұсқаушыларды жұмысқа алатын жергілікті әкімдер екендігі белгілі. Сол себепті жастармен тікелей жұмыс істейтін мамандарды жұмысқа алмас бұрын аудандық жастар ресурстық орталығымен ақылдасуларыңыз қажет», – деп әкімдерге деген сәлемін де жолдады.
Жиын соңында аудан әкімінің орынбасары жастар ісі жөніндегі кеңес отырысы санын арттырсақ, мүмкін болса бір жерде емес, көшпелі жасасақ деген ұсынысын білдіріп, келген қонаққа алғысын айтып, кезекті жиналысты қорытындылады.

Дархан МАҚСАТҰЛЫ,
«Талғар»