«Nur Otanмен» болашаққа нық қадам

«Nur Otanмен» болашаққа нық қадам

Сайлау — 2021    

«Nur Otan» партиясының аудандық филиалы атынан аудандық мәслихатқа кандидаттар партияның сайлауалды бағдарламаларын насихаттап, халықты 10 қаңтарда өтетін сайлауға дауыс беруге шақыру мақсатында Талғар қаласындағы «Интелсервис» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жұмыскерлерімен кездесу өткізген еді.

     Аудандық мәслихаттың депутаттығына алғаш түсіп, ел сенімінен шығып, халық қалаулысы болуға үміттенген Александра Даурбаева, Шыңғыс Жаманов, Сәуле Симамбаева, Жаслан Айтқалиев жиылған көпшілікке партияның сайлауалды бағдарламасында белгіленген жеті басым бағыттағы міндеттерге жан-жақты тоқталып, жүзеге асырылады деп жоспарланған ауқымды істер туралы айтып берді. Партияның сайлауалды бағдарламасы өте тиянақты әрі ауданымыздағы маңызды органдардың қатысуымен құрылғанын ашып айтты. Сондықтан да бағдарламада көрсетілген басым бағыттардың барлығы партия жеңіске жеткен күнде жүзеге асып, ел игілігін еселейтін болатынын жеткізді. Өткен жылы еліміз басынан өткерген пандемия кезінде халыққа әлеуметтік қолдау көрсетіліп, кәсіпкерлердің де жағдайы ескерілгені рас. Елбасының бастамасымен қолға алынған «Біз біргеміз» акциясы аясында «Nur Otan» партиясының мүшелері мен еріктілері ауданымызда 5 мыңнан астам отбасына азық-түлік себеттерін жеткізіп, 3100 адамға 50 мың теңгеден қаржылай көмектер көрсеткен. Партияның азаматтарды қабылдау бөлімі үздіксіз жұмыс жасап, өтініш-тілектерін айта келген азаматтарға барынша көмек көрсетіп, көптеген түйінді мәселелерін шешуге ықпалдасты. Баспахананың еңбеккерлерімен кездесу барысында атқарылып жатқан істермен қатар болашаққа жоспарланған басымдықтар туралы да айтылды. Партияның сайлауалды бағдарламасының өзегі болған жеті басымдықты да тарқата айтқан кандидаттар жұртшылықтың жүрегіне сенім ұялатты. Ел экономикасын тұрақтандырудан бастап, халықты лайықты жалақымен, тұрақты жұмыс орындарымен қамту, мемлекеттік бағдарламаларды іске асыру есебінен үш мың адамды жұмыспен қамту, еңбек нарығының қажеттіліктерін ескере отырып кадрларды қайта даярлау бағдарламаларын тиімді іске асыруға қол жеткізу көзделіп отырғанын тілге тиек етті. Ауданымыздың тамаша табиғатын тамашалауға келетін қонақтардың көптігін ескеріп ауданымызда туризмді дамытуға қолдау көрсетіп, кәсіпкерліктің де өрістеуіне жол ашылмақшы. Кандидаттармен кездесу барысында жол жөндеу, сапалы ауыз су, көгілдір отынға қосылу сынды мәселелер көп көтерілетін. Партияның сайлауалды бағдарламасында бұл мәселелерге де ерекше назар аударылғаны айтылды. Халықтың өмір сүру жаңдайын жақсартып, тұрғын үймен қамту, экологиялық сауаттылыққа назар салып, тұрғындардың мәдениетін арттыру керектігі де әңгіме өзегіне айналды.
    Александра Даурбаева партияның «Канвассинг» жобасы аясында ауданымыздың Құрметті азаматы, аудандық Ардагерлер кеңесінің төрағасы, зейнеткер ұстаз Матан Бекбосыновтың шаңырағында қонақ болды. Емен- жарқын әңгіме барысында партияның сайлауалды бағдарламасын түсіндіріп, еліміздің бас партиясы атанған «Nur Otan-ның» кешегісі мен бүгіні туралы әңгіме қозғалды. Зейнеткер ұстазды әсіресе, білім саласына қатысты мәселелер қызықтырды. Пандемия салдарынан онлайн оқуға көшкен балалардың білім алуындағы қиындықтар туралы сөз болды. Ауылды жерлерде интернет байланысының сапасы сын көтермейтінін айтып, ауылдастырының жанайқайын жеткізді. Партияның сайлауалды бағдарламасында осы мәселеге ерекше назар аударылған еді. Ауданымыздың жаңа шағын аудандарында телефон станциялары мен  мұнаралар орнатып, «Қазақтелеком» АҚ-мен кең жолақты интернет байланысын жақсарту жоспарлануда. Үш ауысымды мектептерді жою үшін болашақта ауданымызда 9 жаңа мектеп бой көтермекші. Биылғы оқу жылында коронавирустық инфекцияның таралуына жол бермеу мақсатында аз қамтылған отбасының балаларына  қашықтан оқу үшін 1387 компьютер сатып алынғанын алға тартты. Әңгіме барысында партияның «Ардагерлерді ардақтайық» жобасы аясында атқарылып жатқан игілікті істер жайлы да айтылып, ауданымыздың қарттары қашанда партия назарында болатыны сөз болды.

       

Перизат Нұрқаева,

«Талғар»