Желтоқсан оқиғасы – Тәуелсіздік бастауы

Желтоқсан оқиғасы – Тәуелсіздік бастауы

1986 жылы Алматыда тәуелсіздік пен бостандық үшін алаңға шығып, сол жолда өмірлерін бәске тіккен Қайрат Рысқұлбеков, Ербол Сыпатаев, Ләззат Асановалар бастаған қазақтың батыр ұл-қыздарының өмірін қыршынынан қиған Желтоқсан көтерілісіне биыл 34 жыл толып отыр. Күні кеше аудан әкімдігінің кіші мәжіліс залында аудан әкімі Серікжан Ерекешев ұлы рух пен қайсарлықтың үлгісін көрсеткен жерлес желтоқсаншыларды қабылдады.

Аудан басшысы Тәуелсіздікке жол салушы аға-әпкелерімізге ақжарма тілегін арнап, мерекелік сый-сияпаты мен гүл шоқтарын табыс етті.
Желтоқсаншылар да өз кезегінде сөз алды. Бірінші болып мінберге Алмагүл Шопатова көтеріліп, барша қауымды ұлық мерекемізбен құттықтап, сөз арасында өтініш-тілегін де жеткізді. Желтоқсаншылардың басты арманы уданымызда Желтоқсан көтерілісіне арналып монумент бой көтерсе дейді. 1986 жылғы желтоқсанның 17-18 күнгі көтерілістің арқасында 1991 жылы біздің еліміз өз алдына егемендік алып, тұңғыш президентімізді сайлап, тәуелсіз егеменді ел болдық. Тарих беттерін парақтасақ, қазақ халқы өзінің «Тәуелсіз ел» атануы үшін ұзақ, талай қанды қырғынды, зорлық-зомбылықтарды көрді, қасірет шекті. Соның ақырғысы осы Алматыда болған жастар көтерілісі еді. Бүкіл бір ұлттың сүйегіне таңба түсіріп, әділетсіз шешім қабылданып, халықтың ар-намысы таразыға салынған сын сағатта дүлей күшке қамықпай қарсы шыға келген жастарымыздың ерен ерлігі ешқашан ұмытылмайды. Сондықтан Желтоқсан оқиғасының ел тарихындағы алар орнының ерекше екенін тілге тиек еткен аға-әпкелеріміз монумент тақтаның өсер ұрпаққа берері мол боларын алға тартты. Содан кейін желтоқсаншыларға қоғамдық көліктерде тегін қатынау мәселесін шешіп беріп, жалғыс басты ана Нағима Тоққожинованың тұрғын үйге мұқтаж екендігін айтты. Кезекпен сөз алған Гүлбаршын Көпесбаева, Серік Кокожуков, Серік Мұхаметәли желтоқсаншыларды денсаулықтарын түзеу үшін сауықтыру орындарына тегін жолдамамен қамтып, қала, ауылдарда көше аттарын беру мәселелерін көтерді. Аудан әкімі Серікжан Қазиұлы барлық мәселелерді назарға алып, мүмкіндігінше оңтайлы шешуге тырысатынын жеткізді. Жиын соңында барша қауым естелік суретке түсіп, көңілді тарасты.

Перизат Нұрқаева,
«Талғар»