Ақ құстың әні

Ақ құстың әні

“Балалар арасында өткен әйгілі «JUNIOR ЕUROVISION-2020» ән байқауында Қарақат Башанова ІІ-орын иеленді” деп сүйіншілеп жатқан БАҚ-тың жақсы жаңалығы барша қазақстандықты елең еткізді. «Хабар» агенттігінің Еуропалық хабар тарату одағына мүше болуына байланысты Қазақстан бұл байқауға  қатарынан үшінші жыл қатысып келеді.

Жақсы жаңалықтан хабардар қауым «Баласы атқа мінсе, шешесі үйде отырып тақымын қысады» дегендей, салтанатты сайыста ел намысын қорғау үшін барын салған жұдырықтай ғана ақ құсының тілеуін тіледі. Бір айта кетерлігі, биыл үшінші рет еліміздің жас таланттары Қазақстанның ғана емес, Азияның намысын қорғап, дүбірлі додада алдыңғы орыннан көрінді. 2018 жылы Данелия Тулешова қатысып, 6-орынды иеленсе, 2019 жылы қатысқан Ержан Максим ІІ орынды иеленген болатын. Конкурс ережесіне сәйкес жеңімпаз қай елден болса, келесі байқау сол елде өтуі тиіс болғандықтан 2021 жылы аталмыш ән сайысы Францияда өтетін болады. Өйткені биылғы бас жүлде франциялық әнші Валентинаға бұйырды.
Қаршадай Қарақаттың Польшада өтуге тиісті сайысқа барып қатысуына бап та, бақ та емес, дүниені дүрбелеңге толтырған пандемия кедергі болғандықтан, елдегі студиялардың бірінде онлайн түрде қатысып, бағын сынады. Желтоқсанның 8-і күні ауданымыздың мәдениет қызметкерлері мен туыс-туғандары туған жеріне үлкен жеңіспен оралған ақ қанатты аппақ құсын қарсы алып, қуанышымен бөлісті. Байқауға Қазақстан, Франция, Польша, Украина, Беларусь, Сербия, Мальта, Нидерланд, Германия, Грузия елдерінің өнерпаздары қатысты. Франциялық әнші Валентина 200 ұпаймен жеңімпаз атанып, композитор Хамит Шанғалиевтің «Forever» (Мәңгілік) деп аталатын әнін орындаған Қарақаттың 152 ұпаймен екінші, испаниялық Солианың 133 ұпаймен үшінші орын иеленгенін әлемдік ақпарат құралдары жарыса жазды.
Айтулы додада ел намысын қорғаған қазақтың Қарақаты – Алматы облысы, Талғар ауданы, Алатау ауылдық округіне қарасты Рысқұлов ауылының тумасы. Бес жасынан ән әлеміне қанат қаққан ақ құстың өнері К.Бәйсейітова атындағы дарынды балаларға арналған мектепте жалғасуда. Көптеген республикалық байқаулардың жеңімпазы болған балапан қазір бар-жоғы 12 жаста. Тоғыз жасынан кәсіби вокалмен айналысып келе жатқан ол – бұған дейін түрлі республикалық байқауларда «Отан»,«Ақ құсым», «Ар­маныма жетемін» әндерін нақышына келтіре орындап жүлделі орындарды иеленіп жүрді. Скрипка мен фор­тепианода шебер ойнайтын Қарақаттың бұл әндерін әнге құмар, әуездің мәнін түсініп, мәйегіне қанған балалардың барлығы сүйіп айтады.
Халықаралық байқауда кішкентай ғана ақ құстың орындаған әнінің авторы – Хамит Шанғалиев: «Мен де осыдан бес жыл бұрын аяулы әкемнен айырылып қалдым. Шығармашылық адамы болғандықтан іштегі сағынышты әнмен жеткізгім келгенде туған ән еді. Ән орындаушысын тапты деп толық айта аламын. Өйткені осы әнді орындаған Қарақаттың да әкесі өмірден өткеніне бес жыл болыпты… Өміріміздегі осы бір сәйкестік кездейсоқтық болғанымен, жан жарамыздың бір болғаны әнге қанат бітірді», – деп ағынан жарылды журналистерге берген бір сұқбатында. Ал әкесін аңсап, жүрегі сағынышқа толған Қарақат болса мұңайған көзін сәл төмен салып: «Әкеме әніммен болса да алғысымды айтқым келді» – дегенде тулаған жүрек алқынып тамаққа тығылып, көздің жасын парлатқанын қалай жасырайық?! Жан жарасына ем тапқандай болған сан мыңдаған адамның бұл әнді қайта-қайта тыңдағанына еш күмән жоқ. Әншісін тапқан әннің бағы ашылып, тыңдарманын тамсатқаны анық. Сахнада болып жатқан құбылысты қашықтан болса да жіті бақылап отырған қазылар алқасының да аузы ашылып, көздері жұмыла тыңдап, ғажайып әннің әсерінен жанарларына іркілген жасын жасыра алмағанына да көрермен қауым куә болды.
Ән мазмұнына орай жасалған сахналық композицияның әнші мен әуелеген әннің әсерінен тұтас қойылымға айналып, барлық көрерменді ішкі иіріміне баурап әкеткені сөзсіз. Балапанның жеңісіне қуанған елдің осы қойылым ішінде әншімен бірге барлық көңіл-күйді бастан кешірген сәтін сөзбен жеткізу мүмкін емес, ол үшін әнді толық тыңдап, видеожазбаны бастан-аяқ түсініп көру керек. Әлем аспанында қалықтаған ақ құстың «Жүректен кіріп бойды алар әсем әні» көңіл түкпіріндегі сағынышты оятып, жанды тебіренткені сонша «шымырлап бойға жайылғанда» көзге еріксіз жас келеді. Әсем ән баяу ғана тербеле басталып, кенет әуелей көтеріле беріп, демде шарықтап кеткенде онымен бірге көкке көтерілгендей күй кешесің. Аспан әлемінде ботақанын еркелетіп жүрген әкенің сағым бейнесі бір сәтте ғайып болып, әлгі бір сиқырлы әуен аяқ астынан баяулағанда таулардың да қирай шағылған шағы елжіреген жүректі тіпті егілтіп жібереді. Өте жоғары талғаммен жасалып, керемет үйлесім тапқан ән мен әншінің осындай ауыр, әрі ғажайып композицияны тұтас дүниеге айналдырып, тап-тұйнақтай етіп әлем алдына алып шығуы қазақтың ән өнеріндегі тағы бір құбылыстың пайда болғаны, тағы бір жарық жұлдыздың жанғаны деп білеміз.
Өмірден өтіп, мәңгілік мекенге жеткен әкелердің асқақ рухына бас иіп, жүректе тұнып қалған сары тап сағынышты мөлдіретіп алып шыққанда әннің құдіретін шын сезіндік. Осылайша шынашақтай ғана алтын жүректі аппақ құстың «Сенерім сен едің, сен едің тілектесім» деп құйқылжыта салған «Forever» әні тұңғиықта тыныштық тапқан әкелер рухын көкке көтеріп, әкесін аңсаған мыңдаған, тіпті миллиондаған жанның жүрегіндегі мәңгілік сағынышты оятып, күллі Еуразияны тебірентті.
Балапанының қанат қаққанына қуанған халықтың ақжарма тілегі ақтарылған шақта ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев та Қарақатты жеңісімен құттықтап, Twitter-дегі парақшасында: «Қарақат Башанованы «Балалар Евровидениесі-2020» байқауында керемет өнер көрсетуімен құттықтаймын. Ол осы беделді халықаралық сайыста Қазақстанның абыройын асырып, жүлделі 2-орынды иеленді», – деген жазба қалдырды.
Белгілі журналист Амангелді Сейтханов: «Чемпион сенсің, Қарақат! Өйткені сені тебіренбей тыңдау мүмкін емес! Кіп-кішкентай жүрегіңде тербеліп, күміс көмейіңнен шыққан сарын жер-әлемге тарады. Себебі, сен жаныңмен айттың, бүкіл болмысыңмен, түсінігіңмен, ой-өрісіңмен шырқадың! Әкең қандай бақытты! Алмасжанның Алла алдынан жарылқасын. Арманы орындалды. Рас, сенің кешегі шарықтауыңды, шырқағаныңды көре алмады, бірақ сезінген шығар. Сезінбеуі мүмкін емес. О дүниедегі әкеңе сезілген әуен, сағыныш сарыны бұ дүниедегілерге әсер етпейді дейсің бе, Қарақат! Әсер еткенде қандай! Анаң Әлияға Алла риза болсын! Жақсы тәрбиелеген екен. Бойыңдағы ізгілік, әдеп, тектілік сені одан сайын сүйкімді ете түскен. Кісіге тіке қарамайтының, кішіпейілділігің, үлкен-кішіге деген құрметің Сенің тек дарын иесі ғана емес, мейірімді екеніңді де паш етіп тұр», – деп қаршадай қыздың бар болмысын ашып, ағалық ақ тілегін білдіріп, қуанышымен бөлісті.
Ән әлемінде өз қолтаңбасын қалдырып, ақылына көркі сай болып желкілдеп өсіп келе жатқан өрімдей Қарақаттың жеңіске жетуіне шын тілекші болған Димаш Құдайбергенов осыған дейін де ел атынан қатысқан екі әншіге ақылын айтып, тілекші болғаны есімізде. Алтындай ағасының, елінің тілегі қабыл болып, ізінен ерген ақ құсы жеңістің туын желбіретіп, туған елін қуанышқа бөлеп, жүректерді шаттыққа толтырды. «Құдай тіл-көзден сақтасын!» дейтін ырымшыл қазақтың ақ ниетіне қосыла отырып, күллі Еуропаны әнімен әлдилеген ақ құстың қанаты талмасын, әрдайым арман-мақсатына жетіп, зеңгір көкте самғасын деген ізгі тілек білдіреміз!

Жанбота Сұлтанмұратқызы,
тілші