Үздіктер қатарынан көрінді

Үздіктер қатарынан көрінді

Заманымыздың заңғар жазушысы М.Әуезовтің: «Халық пен халықты, адам мен адамды теңестіретін нәрсе – білім» деген сөзінің маңызы ешқашан жойылмақ емес. Себебі кез келген мемлекеттің даму деңгейі мен өркендеу әлеуеті, рухани, интеллектуалдық қуаты – білімді де білікті жастарымен айқындалады.

Жуырда политехникалық колледжінің 2- курс студенті Кристина Мешинева «Қазақстан Республикасындағы колледж студенттерінің 100 үздігі» жобасына қатысып, үздіктер қатарынан танылды. Аталмыш сайыс онлайн режимде өткізіліп, дауыс беру әлеуметтік желілер арқылы жүзеге асқан. Нәтижесінде Кристина Алматы облысы бойынша үздік ондыққа енсе, республика деңгейінде 885 дауыс жинап «Жүз үздік студент» қатарынан кө­рінді. Осыған орай жеңімпаз жасты колледж директоры Райхан Нұрмырзақызы құттықтап, ақшалай сыйлық пен гүл шоқтарын табыс етті. Сонымен қатар қуанышқа ортақтаса келген аудандық жастар ресурстық орталығының жетекшісі Замира Қалымбетова Алматы облысы жастар ресурстық орталығының директоры Д.Ауданбаевтың «Алғыс хаты­мен» марапаттап, жылы лебізін білдірді.
Айтуға оңай болғанымен «жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар» атану оңай шаруа емес. Үздіктер қатарынан көріну үшін жобаның шарттары мен талаптарына сай болу керек. Аталмыш жоба кәсіби-техникалық орта буын жұмысшы мамандарын дайындайтын колледж студенттерін ынталандыра отырып, білімді, тың идеялары бар дарынды жастарды айқындауға бағытталған. Алдағы уақытта үздік шыққан студенттердің кәсіби өсуіне, бәсекеге қабілетті маман болып қалыптасуына жоба аясында қолдау көрсетілмек.
Колледждің абыройын асқақтатып, үздіктер қатарынан көрінген Кристина Мешинева аспаз мамандығын игеруде. Ол Талғар қаласындағы №3 Абай Құнанбаев атындағы мектепте білім алып, 9-сыныпты ерекше үлгідегі аттестатпен аяқтаған. Мектеп қабырғасында жүрген кезінде-ақ қоғамдық жұмыстарға белсене араласып, түрлі пән олимпиадаларына қатысып, жеңімпаз атанғанын атап өту орынды. Жүрек қалауымен аспаз мамандығын таңдап политехникалық колледжге түскен ол жанына жақын мамандықтың қыр-сырын үйренуден еш жалықпайтынын ұстаздары да байқаған. Сол себепті де ынталы шәкіртке жобаға қатысуды ұсынған-ды. Жоба талаптары бойынша дарынды шәкірт таңдаған мамандығы мен өмірлік ұстанымы жайында шағын видео-ролик түсіріп, эссе жазып жіберген. Сыннан сүрінбей өткен ол аталмыш жоба бойынша еліміздегі колледждер арасындағы 100 үздік студенттердің бірі атанды.
Осы орайда ұлы жазушы Л.Н.Толстойдың «Арман – жарық жұлдыз, онсыз айқын бағдар жоқ, бағдар болмаған соң, алға басу да жоқ, тірлік те жоқ» деген ұлағатты сөзі еріксіз еске түседі. Расында да адамды алға жетелейтін де сол арман. Ол жолда ізденімпаздық, табандылық, күш-жігер керек! Өзі білім алып отырған колледждің абыройын асқақтатып, сан мыңдаған ынталы жастарға үлгі болған арманы асқақ, мақсаты айқын Кристинаның биіктен көрінуіне ұлағатты ұстаздарының да қосқан үлесі зор. Колледж директоры Райхан Садыкова, директордың оқу-тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Жеңісгүл Құрманғожаева мен топ жетекшісі, өндіріс шебері Зарина Молдабаевалардың берген бағыт-бағдары, ақыл-кеңесі, үйреткен білімі дарынды жасты жетістікке жетелегені рас.
Ұстаздарының үмітін ақтап биіктен көріне білген Кристинаға жеңісің құтты болсын демекпіз! Алдағы уақытта да жақсы қырыңнан танылып, таңдаған мамандығыңның майталман маманы болуыңа тілектеспіз!
Райхан Азимова,
«Талғар»