Газет сөзі – халықтың үні

Газет сөзі – халықтың үні

«Журналист – халықтың ойын, сөзін жеткізеді. Сондықтан халықтың адамы. Жақсы журналистің сөзі – мың күндік, әлсіз журналистің сөзі – бір күндік», – деп қоғам қайраткері, көрнекті жазушы-журналист Кәкімжан Қазыбаев айтқан сөз бар. Аудан өмірінің айнасы «Талғар» газетіне жазылу жер-жерде жүріп жатыр.

Біз үшін аудан орталығы мен шалғай ауылдарда болып жатқан жаңалықтарды дер кезінде газет бетінде жазып көрсететін журналистердің орны ерекше. Интернет арқылы бәрін біліп алуға болады десек те, соның бәрін дер кезінде ғаламтор бетіне салып отыратын сол журналистер емес пе? Өстемір ауылы аудан орталығынан шалғай жатса да мұндағы мұғалімдер қауымы газет-журнал оқуды тоқтатқан емес. Әсіресе Талғар қаласындағы ресми жиналыстар, мәдениет, оқу-білім, медицина, спорт саласындағы жаңалықтарды осы газет бетінен оқып хабардар болып отырамыз.
Біздің №14 орта мектепте 500-ден астам оқушы болса, соларға 58 мұғалім сабақ береді. Ұстаздардың бәрі де білімді, көңілдері сергек, жыл сайын білімдерін жетілдіріп, түрлі ғылыми-зерттеу жұмыстарына қатысып жүрген жандар. «Талғар» газеті – аудан өмірінің айнасы. Сондықтан №14 орта мектептің ұстаздары 2021 жылға 30 данаға жазылып, газетіміздің көп данамен таралуына өз үлесімізді қосайық деп шештік.
Кенжегүл Мұхаметжанова,
Өстемір ауылы, №14 орта мектептің директоры