Қисынсыз қырық сылтау айтпайық!

Қисынсыз қырық сылтау айтпайық!

Биылғы оқу жылының алғашқы тоқсаны аяқталып, мұғалімдер мен оқушылар ғана емес, ата-аналар да сәл тыныстап қалғандай. Өйткені қашықтан оқудың мың машақатынан шаршағандардың, шынымен, жүйкесі жұқара бастады.

Әсіресе, баласының болашағына алаң­дап таңнан кешке дейін баласымен бірге сабақ оқыған ата-аналарға өте қиын болды десем артық айтқандық емес. Әлеуметтік желіде мұғалімдер мен ата-аналар қашықтан оқу кезіндегі сабақ барысында өздері куә болған қиындықтармен де бөлісіп жатыр. Осыларды сараптай келе мынадай қорытынды жасауға болады: қашықтан оқуда басты мәселе – балалардың түрлі себептермен сабаққа толық қатыспауы болды. Оның негізгі себептері – ата-анасы үйде болмағандықтан ұйықтап қалу, бәрібір көріп отырған жоқ деп басында бар екенін білдіріп қойып, сабаққа қатысты арнайы пән топтарынан шығып кету немесе мүлде сабаққа қатыспау, болашағына керек іргетастың берік болуына өзі жауапты екенін толық сезінбеу т.б.
Сабақ уақытында сандалып көше­де жүргендер де аз болған жоқ, көргендерімізді «сабақ қайда, кім оқып жатыр?» деп үйіне қайтарған кез болды. «Үйде ешкім жоқ. Оқығым келмейді, шаршадым. Апай да көріп тұрған жоқ» деген балаға да таң қалмадық. Бұл жерде жауапкершілікті тек баладан іздеу қисынсыз, бұған ата-ананың да жауапты екенін ескерсек, мұндай балалардың болашағы бұлыңғыр екені айтпаса да түсінікті… Олардың ертең қоғамға қажетті саналы азамат болуына, білімді, тәрбиелі, жан-жақты толық жетілген тұлға болып қалыптасуына тікелей жауапты адам ол – ата-ана. Барлығына күйе жағудан аулақпыз, дегенмен, мектепті былай қойып, үйде оқып отырған баланың жағдайына жете көңіл бөлмей, оқуына толық мүмкіндік жасамай отырған ата-аналар да жоқ емес. Жоқшылықтың емес, бар мүмкіндігі бола тұра нем­құрайлылықтың кесірінен баласының болашағына балта шауып жүргендерді көргенде «ертең баланың обалына қалам деп неге ойламайды екен» деген кейісті ойға қаласың. Алайда жұмысын, болмаса уақытының жоқтығын сылтау етіп баласының оқуына, білім алуына айтарлықтай көңіл бөлмеген адамның алдынан «неге сол кезде қадағаламадым, неге дұрыс қарамадым» деген өкініштің шығары анық.
Бұл сабаққа қатыспағандардың әңгімесі, ал енді сабаққа қатысып, бірақ оқымай отырғандардың жайын айтып көрейікші. Олар сабақ топтарына уақтылы кіреді. Мұғалімнен құтылу үшін кітаптан көшіріп, «гуглдатса» да тапсырмаларды орындап жібергенімен, үнемі басқа әлеуметтік желілерде немесе неше түрлі ойындар ойнап, санасы басқа жақта сансырап отыратындар. Мұндай балалар бір қарағанда оқып отырғандай көрінгенімен, дереу талап етілген сұрақтардың жауаптарына келгенде тілі күрмеліп ештеңе айта алмайды немесе жүйкесі сыр беріп, өзгелермен ұрсысып өзімен-өзі әлек болып кетеді де, қойылған сұрақ пен сұрақ қойған мұғалім жайына қалады. Шатып-бұтып бірдеңе айтқан болғанымен, жауабы толық болмайды. Сосын бейберекет сөйлеп, керексіз суреттер жіберіп, өзгелердің көңілін бөліп, кедергі келтіреді. Қасында қарап, отырмаған соң ары айтып, бері айтып, ақыры жағы талып мұғалім де қояды.
Сабаққа қатыспай отырған оқушыла­рын түгендеген сынып жетекшілері жоқ балаларға телефон соққанда айтылатын ең көп сылтау – интернет нашар немесе ұстамай қалды. Жалпы бұл сылтауды бала емес, ата-аналардың да көп айтатыны байқалады. Басқа жұмысы аз болып жатқандай, осындай жауапсыз балалардың ата-анасына телефон соғып, өзін оятып, сабаққа толық қатысуын қадағалаған мұғалімдердің еңбегі мен жүйкесінің өтеуі жоқ, өлшеусіз. «Мына бәленің беті қайтпаса бала біткен шала сауатты немесе мүлде сауатсыз болып қалатын болды. Кімнің нені оқып, нені оқымағанын білмейсің, нені меңгерді, нені меңгермеді оны да біліп болмайсың. Кейбір балалар тоқсанның басынан сабақта жоқ, олардың сабақтарын ата-анасы, аға-бауыры оқып жатқан жайлар бар. Ол ертең қалай адам болады? Кейбір ата-анадан балаң неге сабаққа қатыспайды десең, интернеттің нашарлығын немесе жоқтығын сылтау қылады. Болмаса жұмыстамыз, өзі түсінбейді дегенге келтіреді. Сонда баласының болашығына кім жауапты? Өкінішке орай, мұндай жауапсыз ата-аналардың бары да рас», – деп күйінген мұғалімнің айтып отырғаны орынсыз дей алмаймыз. Барлығымыз да бала оқытып отырмыз, мұндай жауапсыздықты қалай бұрсаң, солай ағатын су секілді жас өмірдің ағысы кешірмейтінін түсінуіміз керек. Бұл біле тұра бала өміріне қасақана қастандық жасаумен бірдей.
Баласының қай желіде, не қарап отырғанын қадағалай бермейтін, өзі оқып жатыр деп жайбарақат жүргендердің ішінде де бармағын тістеп қалып отырғандар жетерлік. Себебі, баласына табақтай телефонды ұстатып, қалғанын өзің білесіңге салып қойғандардың арасында баласының оқуға қатысы жоқ әлеуметтік желілердегі неше түрлі алаяқтар мен атын күнде өзгерте беретін «көк кит» секілді психологиялық қысым жасайтын құрбандық ойындарының құрбаны болғандарын айтып шағымданатындар шыға бастады. Бұл мәселе барлық БАҚ беттерінде көтеріліп, Білім министрлігі тарапынан арнайы ескертулер де жасалды. Әдетте, мектептегі оқу барысында болған балалар арасындағы кикілжіңдер мен келеңсіз жағдайларға мұғалімдер кінәлідей көрінетін еді, ендігі жерде балалар өміріне төндіретін қауіп-қатерді қаперіне алмай жүрген ата-аналардың барлық жауапкершілікті бұрынғыдай мұғалімдерге аудара салудың еш қисыны жоқ екенін ұға алмай жүргендігіне айтар сөз бар ма?!
Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында былай деді: «Мемлекетіміз әрбір ұстаздың еліміздің дамуына қосып отырған үлесін аса жоғары бағалайды. Оның бірден бір дәлелі – «Педагог мәртебесі туралы» Заңның қабылдануы. Осы заңның қабылдануы, шын мәнінде, еліміз үшін аса маңызды болды, сондықтан Мемлекет басшысының ұстаздар қауымына көрсеткен қолдауы үшін алғысымыз шексіз.
Заңда мұғалімдердің тек әлеуметтік кепілдіктері ғана емес, сонымен қатар құқықтары мен міндеттері де ресми түрде бекітілген. Бүгінгі таңда ұстаздар қауымы артық есептілік пен қызметіне жатпайтын функциялардан заң жүзінде босатылды».
Осыған дейін мектепте оқып жатыр деген желеумен оқушыға қатысты жоқтан өзгенің бәріне жауапты болып келген мұғалімдердің заңды құқының арнайы қорғалуы өте құптарлық жағдай. Бала мектепте оқып жүргенде кез келген жауапкершілікті мұғалімдерге арта салып, өзіне тиесілі жауапкершіліктен оңай жалтарып кететіндердің көп болғаны шындық. Қазір баласы қасында отырғандықтан қандай да болмасын сабаққа қатысты мәселеде ата-ананың сылтау айтуы қисынсыз. Бала сабақ уақытында қайда болды, қай желіден нені, қашан, қанша уақыт, неге қарады деген мәселені қалт жібермей қадағалау, сабағын толық оқыту — тікелей ата-ананың міндеті. Қашықтан оқып жатса да баланың жеке тұлға болып қалыптасуына қатысты талаптарды қойып, ақылын айтып, жағы талғанша қақсап жатқан мұғалімдердің де оқытатын өз баласы, қызметіне қатысты атқаратын қаншама міндеті бар екенін естен шығармаған абзал. Баланың сабақтан тыс уақытта немен айналысатынын да бақылаусыз қалдыруға болмайтыны айтпаса да түсінікті жайт.
Елдің есін алған пандемия талай қиындықты тудырғанымен, талай түйт­кілді мәселенің тағы бір шешімі бар екенін де көрсетті. Ең бергісі қажеттілік туындағанда кез келгеніміз интернет желісін қалай пайдалануды үйрендік. Басқасын айтпағанда, әр адамның қо­лында смартфон жүр, сондықтан қалыпты болмаса да, баланың қашықтан білім алуына кедергі келтіретін кез келген қиындықтың шешімі бар екенін бәріміз білеміз. Сала министрлігі де балалардың толыққанды білім алуы үшін әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға барынша көмектесіп, ақшалай, заттай көмектерін көрсетіп жатыр.
Айтпағымыз, пандемияның кесірінен адам біткеннің бәрі жанын шүберекке түйіп отырған шақта болсақ та, бұдан баланың келешегі зардап шекпеуі керек. Баланы оқытуға қатысты айтылған орынсыз сылтаудан ешкімнің ештеңесі кетпейді, зардапты бала тартады. Оң-солын білмейтін баланы арнасын тауып жолына салмасаң, жан-жағын жайпап кететін жаман, жайдақ су секілді жұғымсыз болып өседі. Ертең бәрі аяқталып, жұқарған жүйке да қалыпқа келер, бірақ уақытында қаралмай, қадағаланбай, салдарынан сабағын оқи алмай, білімсіз қалған ұрпақтың келешегіне шабылған балтаның ізі кетпейді. Сондықтан қандай жағдайда болмасын ел ертеңі болар ұрпағымыздың саналы, білімді, сауатты, тәрбиелі, өнегелі, қажыр-қайратты болуы үшін барымызды салып, осы мақсатта қолдан келгенше аянып қалмағанымыз жөн.
Жанбота Сұлтанмұратқызы,
тілші