«Тіл қорғаны» БАҒДАРЛАМАСЫ –Талғарда

«Тіл қорғаны» БАҒДАРЛАМАСЫ –Талғарда

Тіл – кезек-кезегімен келіп жататын ұрпақтың бір-біріне қалдырып келе жатқан ең ұлы аманаты, ұлттық кодының алтын сандығы. Қазақстанда мемлекеттік тіл – қазақ тілі, ал орыс тілі ұлтаралық қатынас құралы ретінде ресми түрде аталады. Қазақстан егеменді ел болса да, қазақ тілі республика халқының ортақ тіліне айнала алмай келеді. Оған себеп те, кедергі де көп.

Егемен ел атанса да қазақ тілінің еңсесі көтерілмей, жетім баланың күйін кешуде. Ол, әсіресе, шаһарлардың үлкен көшелерінде алыстан көрінетін жарнамалардың сиқынан көрініс табуда. Көшелердегі сауатсыз аударылған жарнамалар мәтінінен көз сүрінеді. Қазақ тіліндегі жарнамалардың аудармасы енді орыс және ағылшын тілінде де беріліп, «үш тілділіктің» дәурені жүріп тұр. Әсіресе мейрамханалар, бизнес пен сауық-сайран орталықтары мем­лекеттік тілді менсінбей, тек ағылшын тілінде жазуға көшкендіктен, қарапайым халық оның атауын түсінбей дал болуда. Неміс халқының ұлы ойшылы Карл Маркс ХVIII-ғасырдың өзінде: «Тұрып жатқан елінің тілін тек қонақтар, ақымақтар немесе сол елде өз тілінде сөйлесу тәртібін орнатуды көксеген басқыншылар ғана білмеуі мүмкін», – деген екен. Санасы мәңгүрттенген ана тілінде сөйлеуге арланатын «шала қазақтар» және мемлекеттік тілдің өркендеуіне қасақана, біле тұра өршелене қарсы шығатын отаршыл елдің ұрпақтары мемлекет ішінде толып жатыр.
Жуырда Алматы қаласындағы Алматы телеарнасының «Тіл қорғаны» бағдарламасының маман­дары мен журналистері Талғар қаласына ат басын бұрып, қаладағы жарнамалар мен көрнекіліктің ілінуін, халыққа қызмет көрсету орталықтарындағы тіл нормаларының сақталуын тексерді. «Алматы телеарнасының журналистеріне қала көшелеріндегі жазулардың Қазақстан Республикасының «Тіл туралы» және «Жарнама туралы» заңдарының талаптарына сәйкес жазылуын үнемі қадағаланып, ескертіліп отыратынын жеткізген аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Ф.Бегенбаева мен осы саланың мамандары қала көшелерін аралап шықты. «Тіл туралы» заңның талаптары дұрыс сақталмаған және маңдайшадағы мемлекеттік тілде жазылған жазулардың грамматикалық қателері айқын көрініп тұрған бірнеше бизнес және сауда орталықтарына ескертулер беріліп, оларға көп кемшіліктердің дер кезінде түзелуіне арнайы мерзім белгілеп берді.

Тұрсынбек Жалғасбаев,
«Талғар»