Бірлігі күшті ел озады

Бірлігі күшті ел озады

Еліміздің өсіп-өркендеуі жолындағы басым бағыттарының бірі – ұлтаралық татулық, қоғамдық келісім, этносаралық қарым-қатынас мәдениетінің жоғары болуы. Ата-бабамыздан мұраға қалған қазақтың ұлан-ғайыр даласы түрлі замандарда жер ауып келген сан түрлі ұлттар мен ұлыстарға пана болып келеді. Алыстан кім келсе де құшағын жайып қарсы алатын дархан көңіл қазақтың кеңпейілдігі мен қонақжайлылығы да бұған өзінің ықпалын тигізбей қойған жоқ.

Сан тараптан соққы жеп, бас сауғалағандары бар, күшпен жер аударылып, айдалғандары бар түрлі халық қазақ жеріне табан тіреп, ес жиып, ел болды. Олар өз елдерінде болмасада, қазақтардың елін «елім» деп, жерін «жерім» деп құрметтеп, қазақ еліне алғыстарын жаудырып келеді. Әлем халықтарының мұндай көп ұлттан құрылған мемлекетте осыншалық тату-тәтті, бейбітшілікте өмір сүріп отырғандығы біздің елдің арқасы және олар мұны бағалай біледі.
1995 жылы ұлтаралық татулық пен тұрақтылықтың феномені – Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылған болатын. Бұл – ешбір елде болмаған ерекше, саяси маңызы зор құрылым. Ассамблеяның 365 мүшесі, 471-ден астам республикалық, өңірлік, облыс­тық, қалалық этномәдени бірлестіктері бар.
Біздің ортақ үйіміз – Қазақстан барлық ұлт өкілдерінің арасындағы шынайы достықты қамтамасыз етіп келеді. Бүгінде әрбір ұлтқа салт- дәстүрлерін жаңғыртуға, мәдениеті мен әдебиетін дамытуға, тілінің жетілуіне қамқорлық көрсетілуде. Өзара түсіністік, ұстамдылық әртүрлі ұлт өкілдерінің рухани және мәдени құндылықтарына құрметпен қарау әдебі барлық этностарға ортақ жалпы халықтық идеялар мен қасиеттерді қалыптастыруға әсер етті. Нәтижесінде әрбір ұлт конституциялық-құқықтық заң­на­ма негізінде өзіне тән этностық ерекшелігін сақтап келеді. Бұл ынтымақ үрдісі ғасырдан-ғасырға жалғасуда.
Бір шаңырақтың астында ұзақ жылдар бойы 130-ға жуық ұлт пен ұлысты, қырық түрлі дінді уағыздайтын үш мыңға жуық діни бірлестікті тату-тәтті ұстап отыру оңай емес. Алайда еліміз қанша уақыттан бері шашау шығармай, достық пен бірлікті ту етіп, ортақ мүддеге жұмылдырып, олардың ортақ Отаны болып отыр. Тәуелсіздік алған кезеңнен бастап, күні бүгінге дейін еліміз мемлекет үшін ең маңызды ұлтаралық татулықты, конфессияаралық келісімді, өзара түсіністік пен тұрақтылықты, достықты өзіндік ұстаным етіп ке­леді. Тұңғыш Президент Елбасымыз Н.Назарбаев елімізде бірлік пен тұрақтылықтың сақталуына ай­рықша мән беріп, жыл сайынғы халыққа арнаған Үндеулерінде елдегі ұлтаралық және конфессияаралық тұрақтылықты сақтап қалудың маңыздылығын айрықша атап өтіп отырады. Сондықтан елдік ұстанымға сай еліміздегі барлық этностар арасында достық қатынас орнатып, олардың ауызбіршілікте өмір сүруі және әртүрлі діндер арасында өзара түсіністіктің орнауы берік қамтамасыз етілуде. «Бірлігі жоқ ел тозады, бірлігі күшті ел озады» дейді қазақ мақалы. Еліміз барлық этностың ұлттық тілі мен әдет-ғұрпын, салт-дәстүрін, мәдениетін дамытуға деген ұмтылысын, ынтасын байқап, қажетті жағдайлармен қамтамасыз етіп қана қоймай, ұдайы қолдап отырады. Бүгінгі күні ауданымызды қырықтан аса ұлт өкілдері мекен етіп, ұйғыр, грек, славян, беларусь, түрік, корей этномәдени орталықтары белсенді жұмыс істеуде. Грек, орыс, ұйғыр тілдерінде білім беретін орталықтар да бар.
Қазақстанда ұлтаралық мәсе­лелердің дұрыс шешілуі арқа­сында ұлтаралық жанжалдар мен қақтығыстарға жол берілмейді. Бүгінгі таңда әлем бойынша түрлі қақтығыстар мен тұрақсыздықтардың барлығы дерлік ұлттар мен дін өкілдерінің арасындағы қарама-қайшылықтардан, өзара түсіністіктің жоқтығынан туындап жатқанын ескерсек, еліміздегі ауызбіршіліктің маңызы зор екенін түсінеміз. Осының нәтижесінде Қазақстан әлемнің басқа мемлекеттері үшін ұлтаралық келісімнің, тұрақты дамудың үлгісі бола алды. Осынау береке-бірлігімізді мақтан етіп, ұлттар мен диаспоралары осындай келісімде, түсіністікте өмір сүріп жатқан бірде бір мемлекет жоқ деп айта аламыз. Кезінде талай сарапшылар елімізді «көп ұзамай-ақ өзара түсініспей, мемлекетті құлатып тынады» деп ертеңімізге күмәнді болжам айтқанымен, ел бола алатынымызды дәлелдедік. Тіпті, бүгінгі күні еліміздің өз бірлігін сақтап қана қоймай, әлем халқына тұрақтылықты, бейбітшілікті насихаттап, бірнеше жыл қатарынан саяси маңызды халықаралық жиындар өткізуге мұрындық болып, діндер мен ұлттар арасында түсіністіктің қалыптасуына ықпал еткен бірегей тәжірибелі елге айналуымыз талай елдің ерекше қызығушылығын тудырып отыр. Ел ішінде қалыптасқан осындай ахуалдың арқасында еліміз ұдайы даму үстінде. Жыл сайын ішкі жалпы өнімнің үлесі артып, зейнетақы мен әлеуметтік жәрдемақылар көбейіп, халықтың өмір сүру көрсеткіші артып келеді. Бұл, ең алдымен, еліміздегі тұрақтылықтың арқасы екені даусыз. Әрқашан ел ішінде ғана емес, әлемде бейбітшілікті, ауызбіршілікті қолдаған елдің ертеңі жарқын болары сөзсіз. Этносаралық мәселелерді әділетті түрде шешіп, еліміздегі барша ұлт пен ұлыстың көңілін табу арқылы ел егемендігін сақтап, еліміздің дамуына тиімді жағдай жасай алсақ, бұл жетістіктеріміздің еселеп артатыны сөзсіз.
Перизат НҰРҚАЕВА,
«Талғар»