Араға жылдар салып қайта жаңғырған театр

Араға жылдар салып қайта жаңғырған театр

Өнерлінің өрісі ұзақ

Күні кеше ғана қарағайлы орманның етегінде қамсыз жатқан Тәңіртау тұрғындары аудан мәртебесін алып бір қуанған болса, бүгінгі күні Жетісудың жерінде, Талдықорғанның төрінде, Бикен Римова атындағы облыстық драма театрында араға 23 жыл салып бұрынғы  «Нарынқол» театры «Хантәңірі» халық театры болып қайта ашылды.

Өткенге оралатын болсақ «Нарынқол» театры 1963 жылы Мұқағали Мақатаев, Еркін Ібітанов, Мақай Нұрқасов, Алдаберген Нұрбеков, жазушы Тұрсынбек Тілемісов, Тұрақан Сыдықова, Мэлс Серғалиев, Клара Қалиева, Нұрлыбек Жылқыайдаровтардың атсалысуымен құрылған болатын. 1970 жылы театр Мәскеу қаласына барып, Бүкілодақтық байқаудан лауреат атанып қайтқан. Кейін «Нарынқол» халық театрына ұзақ жылдар Әбдіғалым Наймантаев режиссер болды. Ол зайыбы Рафия Райжановамен бірге бұл театрға 1964 жылы келіп өмірлерінің соңына дейін қалтықсыз қызмет еткен. Осы қос бәйтеректің ұлы, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, «Терісқақпай» әзіл-сықақ театрының негізін қалаушы, актер-режиссер Асқар Наймантаев  әке мен ананың ізі қалған өнер ошағын қайта жағып, шаңырағын көтеруді мақсат еткен. Бүгінде сол арманына жетіп аспантаулықтардың ақ батысын алып отыр.
Осынау айтулы күндегі қуанышықа ортақтаса келген Асқар Наймантаевтың ұстазы, ҚР Халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, Қазақстан театрлар одағының төрағасы, өнер ақсақалы Тұңғышбай Әл-Тарази ақ батасын беріп, «Хантәңірі» театры енді елдегі 56 театрдың қатарына қосылғанын мәлімдейтін, ол ұжымның одаққа мүшелікке алынғанын растайтын құжатты табыстаса, облыстағы жалғыз Халық әртісі Алмахан Нұрпейісқызы аналық мейірімін төге ақ тілегін арнады. Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова кеңесшісі Ерлан Жұрынбаев арқылы арнайы Алғыс хат жіберсе, Халықаралық Абай қорының басшысы, айтыскер ақын, Аслан Ғафуров қос өнерпаз Сатымбаев Нұрмұхаммед пен Серік Айтбайұлына  «Абайдың 175 жылдығына арналған» мерекелік төсбелгіні тапсырды.
«Әннің жақсы болуы  — мәтінінен, елдің жақсы болуы – әкімінен» -демекші ауданның алғашқы әкімі марқұм Жолан Омаров өнердің қарашаңырағын қайта көтеруге мұрындық болған игі бастаманы аяқсыз қалдырмай, бірден іліп әкеткен жаңа ауданның қазіргі әкімі Нұржан Кеңесұлы өнер ұжымын өзі бастап келсе, осы театрдың қайта құрылуына үлкен қолдау көрсеткен облыстық мәдениет, құжаттама және архивтер басқармасының басшысы Марлен Көлбаев өз ілтипатын білдіріп, театр әртістерін «Құрмет» грамоталарымен марапаттады.
Елдің шетіндегі, желдің өтіндегі үлкен өнерге жаңадан қадам басқан өрендердің тұсауы  М.Мақатаевтың «Аққулар ұйықтағанда» поэтикалық-сазды драмасы арқылы кесілді. Театр актерлары аталмыш шығарманы басқа қырынан көрсетіп, жаңаша сипатта сахналады. Қойылымда адамзаттың сан түрлі ағымдарға қосылып, адасып бара жатқандығы, табиғатқа жасаған аяусыз қиянаты суреттеледі.
Театр ұжымы актерлерінің кәсіби мамандықты игермеген, мемлекеттік қызметкерлер мен жоғарғы сынып оқушыларынан құралған қарапайым халықтың арасынан шыққан жастар екенін ескерген жөн.
Қарасаздық қос ақын Мұқағали мен Еркін Ібітановтың бейнелерін сахнада қауыштырып,  қойылымды ерекшелеп жеткізген актерлердің еңбегі ерен. Мұқағали рөлін Райымбек аудандық Баққожа Мұқай атындағы мәдениет үйінің директоры Рахымжан Еркін сомдаса, Еркін рөлінде Байжұма Медет ойнады. Сондай-ақ бақсы рөлін – Нурлин Жанат, әке – Сабырақын Қадыржан, ана – Думан Бота, ата – Сатымбаев Нұрмұхаммед, жігіт Уалихан Айбек, Сәду Ақерке мен Аяла Құрманғали қыздардың рөлдерін сомдап, халық ықыласына бөленді. Айта кететін жайт, осыған дейін аудан өнерпаздары М.Әуезовтың «Телғара» трагедиясын фильм-спектакль желісінде түсіріп, жариялаған болатын.
Өнер ұжымын жаңадан құрған театр режиссері Асқар Наймантаев алдағы уақытта туындайтын барлық қиындыққа дайын екенін, бұл іске үлкен жауапкершілікпен келгенін айтады. «Театрды құру, оның шымылдығын ашу оңай болған жоқ. Бірақ оның өміршеңдігі мен ары қарай жұмыс істеп кетуі одан да қиын, енді аудан деңгейіндегі, облыс деңгейіндегі басшылар жеке штат ашуға, техникалық жарақтандыру мәселесінде көмектессе», — дейді театр жетекшісі.
Сахнада дүниеге келгеннен кейін бе, театр әлеміне кіндігі байланған Асқар Әбдіғалымұлы алдағы дүйсенбіде Ұйғыр ауданындағы өнерпаздардың да басын қосып, өнер әлеміне «Қарадала» халық театрын қоспақшы. Осындай қоғам қажет ететін, халық мүддесі үшін қайта жаңғырып жатқан өнер ордаларының түтінін түтетіп жүрген ағамыздың бұл ісіне ел сүйсінері сөзсіз. Арманы айқын, мақсаты мықты Асқар ағамызға халық атынан алғыс айтып, жоспарлы істерінің берекесінің  артуына тілектестік білдіреміз.
Мәдениет майданындағы сүбелі ісіміздің бірі — театр. Театр көрінгеннің ермегі емес, еңбек. Еңбектің көркемі. Театр — көңіл көтерудің ғана орны емес, мәдени ошақ. Өнер орны, еңбекшілер үстемдігінің мәдениет майданындағы қармаулы орынның бірі. Олай болса шымылдығын жаңа түріп, жаңа қоғамға жапырақ жайған «жаңа» театр ұжымындағы жерлестеріме сәттілік тілеп, ауданымыздың абыройын асқақтатып, мәдениетін дамытуда атқарылатын жұмыстары жемісті болсын демекпін.
 Айнаш Әлдибек,
журналист.