Мәлімдеме көп, мәміле неге жоқ?

Мәлімдеме көп,  мәміле неге жоқ?

Күллі әлемнің COVID-19-дан зәрезап болып отырғанын көзімен көріп, құлағымен естіп отырса да, жоқтан өзгені сылтау етіп той-тойлап, жөнсіз жиын жасаудан айылын жимай жүрген адамдардың қылығына қайран қалмасқа амалың жоқ. Алдыңғы толқыннан әупірімдеп аман өткендерге екінші толқынның әсері болмайтындай көріне ме, әйтеуір, халықтың қорқынышы сейіліп, қауіпсіздік шараларын сақтауды демде ұмытып кеткендей көрінеді. Қоғамдық көліктерде, қоғамдық орындарда да бетпердесіз жүрген адамдардың қарасы көбейіп, арақашықтық сақтау тәртібі мүлде қаперден шыққандай. Олай дейтін себебіміз, қанша жерден тыйым салып, шектеу қойылса да тығылып жасайтын той-томалақ көбейіп, өлім-жітімді айтпағанда, жөнсіз жиылып ішетін ас-су азаймай тұр.

Әлеуметтік саланың да әлеуеті айтарлықтай төмендеп, үкімет тарапынан көрсетіліп жатқан бірқатар қолдауларға қарамастан шағын және орта бизнес өкілдері өздерінің шығынға батып жатқанын жиі айтуда. Азын-аулақ тиын-тебен тауып, белшеден батқан қарызын әрең жауып отырған қарапайым сатушының: «Мына карантин біте ме, жоқ па? Әлде бұл шағын кәсіптерді тұралату үшін әдейі жасалып жатыр ма? Не қарызымызды төлей алмай, не кредитімізді өтей алмай қалдық. Күн санап өтемақысы аз болғандай, үстемақысы да өсіп жатыр. Елде де ақша жоқ, бұрынғыдай сауда да өтпейді. Жұмыс уақытын да қысқартып тастады…» деген жанайқайының жаны бар десек те, кешегі коронавирустан ес жия алмай отырған халықтың амандығы бәрінен қымбат екенін түсінуіміз керек.
Қазанның 27-сі күні Орталық ком­муникациялар қызметінде арнайы брифинг өткізген ҚР Қаржы министрлігінің Мемлекетік кірістер комитетінің төрағасы Марат Сұлтанғазиев: «Осы жылдың 9 айында Қазақстанда мемлекетік бюджеттің кірістері жөніндегі жоспар 92%-ға, республикалық бюджет 82%-ға, жергілікті бюджет 116%-ға орындалды. Республикалық бюджетке түсімдердің төмендеуіне пандемиямен байланысты сыртқы және ішкі факторлар әсер етті. Дүниежүзілік банктердің деректері бойынша базалық болжамға сәйкес, биыл әлемдік жалпы ішкі өнім 5,2%-ға қысқарады деп күтілуде» деген мәлімдеме жасады.
Мемлекет қабылдаған қарарлар мен шығарған шешімдерді белден басып, салынған айыппұлға да пысқырмай, ісін жалғастырып жатқан кәсіпкерлер күн санап көбейіп келеді. Бәрінің айтатын уәжі – басымызда бәлен мың несиесі бар, оның үстіне кешіккені үшін қосылатын үстемақысы тағы қосылып, қарыздан қарызға белшемізден батып жатырмыз дегенге саяды. Елдегі жағдайды ескеріп қарыз алушыларға көмек ретінде пайыздық жеңілдіктер қарастыруға да болар еді. Алайда ашкөзденіп алған жекеменшік банктер мен шағын кредит беретін орталықтар ел басына күн туып, нәубет төніп тұрған шақта да халықтың жағасына жармасып, аяғынан шалып, қысым жасауын қояр емес. «Қарыз күліп келіп, жылап кетеді» деген бар ғой, бір берешегін төлеу үшін келесі кредитке ұрынып, ішкені ірің, жегені желім болып жүргендердің денсаулық туралы ойлауға, қауіпсіздік шараларын сақтауға құлқы да жоқ, шамасы да қалмады. Осыған дейін пандемияға байланысты қоғамдық тамақтану орындарында 50 адамнан артық жиналуға рұқсат берілмегенін ескерсек, даңғарадай тойханаларда есікті бекітіп алып 50 емес, 100-150 адам би билеп, той тойлап жатқан жағдайларды естіп те, көріп те жүрміз. Сонда коронавирус үйде отырғандарды іздеп келіп жұғады да, той тойлағандарға тегі жұқпай ма? Ауру таралып жатқанда олардың арасында тасымалдаушы жоқ дегенге кім сенеді? Кеше ғана той жасаймын деп топ-тобымен ауруханаға түсіп, талайының дәм-тұзы сол жерде таусылып кеткенін қалай тез ұмытып кеттік? Осының бәрін естіп, көріп, біліп отырып «бір күнгі жарық қүннің өзі қымбат шақта, бүкіл өмірдің өзінен, ақшаның құнын артық бағалайтын күйге қалай жеттік екен?», – деген салмақты сұрақ мазалайды…
Осыған байланысты бірқатар сұрақтардың жауабын білмекке Талғар ауданы кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Еркін Халенұлына жолыққан едік. «Елімізде ауру тарап, карантин шаралары қолға алынғалы бері аудан бойынша сақтық шараларының іске асу барысын қадағалау мақсатында 12 арнайы мониторинг жүргізу тобы құрылып, осы күнге дейін үздіксіз жұмыс істеп келеді. Мамыр айынан бері істелген жұмыстардың нәтижесі бойынша осы күнге дейін 3157 нысанға карантин талаптарын сақтау негізінде тексеру жұмыстары жүргізіліп, барлығы 48 хаттама толтырылды. 14 нысанға 5,1 миллион теңге көлемінде айыппұлдар салынды. Оның 9-ы Тұздыбастау аулына, 2-еуі Панфилов аулына, 3-еуі Талғар қаласында орналасқан ресторан, тойхана, кафе секілді нысандарға тиесілі. Сондай-ақ бірқатар нысандардағы заңсыздықтар анықталып, түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Заңды өрескел бұзғандарына қатарынан бірнеше рет айыппұл салынып, ескертулер де жасалды. Өкініштісі сол, осыған қарамастан тығылып той жасайтындар өз жұмыстарын жалғастырып келеді.
Тағы бір айта кетерлігі, Талғар ауданы бойынша мониторинг тобының жұмысы мен талаптары күшейтілген соң той жасайтындар басқа аудандардың тойхана, мейрамханаларына барып той жасауға көшті. Ендігі жерде жалпы республика бойынша қатаң талап қойып, арнайы қаулы шығармаса екінші толқыннан ойдағыдай аман-сау, төрткөзіміз түгел өтсек деген ниеттің де ауылы алыстайды деген сөз. Өйткені сырт аудандарға, таудың қуыс-қуысындағы демалыс орындарға барып той жасап жатқандардың ауруды тасымалдаушы немесе таратушы болуы бек мүмкін.
Қазір қоғамдық тамақтану орындарына да бір мезетте жиналатын адамдардың саны 30-дан аспау керек деген шектеу қойылды. Ендігі жерде сақтық шарасын бұзғандар мен талаптарды орындамағандарға айыппұл ғана салмай, заңды түрде жауапкершілікке тарту да қарастырылып жатыр. Алда талай өзгерістер болуы мүмкін…» деген Е.Халенұлы ынсапсыз кәсіпкерлер мен жағдайды жете түсінбейтін тұрғындардың айыппұл арқалап жатқанына қарамастан тыйым салынған талаптарды орындамайтын жауапсыздықтарына деген қынжылысын да жасырмады.
Мәселен, рұқсатсыз той жасағандарға айыппұл салғанда тойхана иесіне 230 АЕК көлемінде (638 940 теңге), ал той иесіне 30 АЕК көлемінде (83340 теңге) айыппұл салынады. Үлкен тойханалар мен мейрамханалар үшін бұл айппұлдың түк емес екенін ескерсек, заң бойынша екі апта ішінде өтесе 50 пайызын ғана төлейтін жеңілдікке сүйеніп оп-оңай құтылып кетеді. Тағы бір айта кететін нәрсе, салынған айыппұлды нысан қожайыны той иесімен бірге бөліп төлеуге алдын ала келісіп алып қалаған тойын қалаған уақытында есікті жауып алып өткізе беру жағдайлары жиілеп барады. Ал мұның артында аты жаман аурудың қайтадан бас көтеру мүмкіндігі артып отырғаны ақиқат.
Аудандық кәсіпкерлік бөлімінің сектор жетекшісі Жанар Қадірбекқызының айтуынша «бүгінде кәсібінің нәсібін көре алмай отырған орта және шағын кәсіп иелерінің жанайқайы да күшейіп келеді. Ол дұрыс та, бірақ қазіргі қиын уақытта, оның үстіне үлкен жиындарға тыйым салынған кезде тек қана тоймен ақша табуды көздеп отырғанша, уақытты тиімді пайдалануға болады. Оларды үкімет тарапынан да қолдау көрсетілуде, мысалы, шағын және орта кәсіп иелерінің бәрі жыл аяғына дейін барлық салық түрлерінен босатылды. Жалпы, тойдан басқа да салалардан нан тауып, қомақты қаражатқа қол жеткізуге болады, оған бізде толық мүмкіндіктер қарастырылған. Сонша уақыт бос тұрған тойхана нысандарының жұмысын жандандыру мақсатында қайта құрудан өткізіп, әр түрлі сауда орталығына айналдырып, болмаса тігін цехтарын ашып, бөлшек саудамен айналысып дегендей т.б. мүмкіндіктерді қарастырса, бір жағынан жұмыссыз жүрген талай адам тұрақты айлыққа қол жеткізіп, тұрмысын түзеп, кәсіпкерлердің де жұмысы оң жолға қойылған болар еді».
Алматы облысы бойынша тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің басшысы Ерғали Сыдыманов: «Сенбі жексенбі күндері тамақтану орындары 100 пайыз жабылады. Өйткені сол кезде той-томалақ көп өтеді. Біз адамдардың топтасуын тоқтата алмай отырмыз. Сондықтан осындай шектеу енгіздік. 65 жастан асқан адамдардың көшеге шығуына, бір отбасы мүшелерінен басқа, 3 адамнан артық топтың жиналуына тыйым салынады. Қаулы 29 қазан, 07 сағаттан бастап күшіне енеді» – деді. Осыған сәйкес қазанның 29-ынан бастап сенбі, жексенбі және мереке күндері барлық қоғамдық тамақтану және ойын-сауық орталықтарының жұмысы тоқтатылады. Көлік жуу және жөндеу орындарының жұмысына кешкі сағат 6.00-ге дейін ғана рұқсат беріледі. Жаттығу залдары 30, моншалар 50 пайыздық толтырылым негізінде қызмет ететін болады. Ал жұмыс күндері қоғамдық тамақтану орындарында 30 адамнан аспайтын ғана жиынға рұқсат беріліп, әр үстелге отыратын адам саны 4-тен аспауы керек. Той мен салтанатты жиындардың барлығына тыйым салынады. Сондай-ақ жұмыс уақыты да күшейтілген санитарлық талаптарға сәйкес карантиндік режімге байланысты таңертеңгі 9.00-ден кешкі 22.00-ге дейін ғана жалғасатын болады.
Алматы облысында аты жаман аурудың таралу деңгейі күрт артуына байланысты шектеу шаралары тағы да күшейтілді. Облыстың бас санитарының жаңа қаулысы бойынша 15 адамнан аспайтын кезекші топтардан басқа, мектепке дейінгі барлық меншік нысандары жабылады. Қоғамдық көлік қозғалысына да шектеулер енгізіліп, жексенбі күндері қозғалыс тоқтатылады.
Селқостық пен салғырттықтың сын көтермейтінін алдыңғы толқында көзбен көрген ел ретінде, «Сақтансаң – сақтаймын» деген бар, ертерек қамданып, аурудың алдын алу шараларын ел болып қолға алғанымыз жөн.
Жанбота Сұлтанмұратқызы,
тілші