Алимент төлемеу – заңға қарсы келу

Алимент төлемеу – заңға қарсы келу

Еліміз тәуелсіздігін алғаннан бастап барлық саланы дамытуға, өркендетуге кең жол ашылғаны белгілі. Алдымен экономиканы, халықтың әл-ауқатын жақсартуды алға қойып, аз ғана уақытта еңсесін тіктеді. Бүгінде Қазақстан – әлемдік аренадан өзіндік орнын алған дамыған мемлекеттер қатарында.

Дамудың даңғыл жолымен жүріп келе жатқан еліміздегі өркенді істердің бірі – мемлекеттік қызметтер көрсетуді оңтайландыру, оны басқа бағытқа сала отырып, дамыту. Халықаралық тәжірибеге сүйене отырып мемлекеттің бірқатар функцияларын жеке салаларға беру жүзеге асуда. Осыған орай құқық қорғау саласында да бірқатар өзгерістер орын алып жатқаны белгілі. Еліміздің Тұңғыш Президенті Н.Назарбаевтың бастамасымен жүзеге асырыла бастаған 5 институционалдық реформаның екінші басымдығында көр­сетілген заң үстемдігін қамтамасыз ету үшін де сот саласына өзгерістер жасау қажет болды. Бұл реформаны жүзеге асыру бағытындағы 100 нақты қадам – Ұлт жоспарының «Жекеменшік сот орындаушылар институтын одан әрі дамы­ту, сот орындаушыларының мемлекеттік қызметін біртіндеп қысқарту» бағытында көзделген 27-қадамын орындау мақсатында 2016 жылдың 1 қаңтарынан бастап соттардың және басқа да уәкілетті органдардың атқарушылық құжаттарының басым бөлігі жеке сот орындаушыларының орындауына берілген болатын. Осыған байланысты Қазақстан Республикасының бірқатар Заңдарына өзгертулер енгізіліп, өзгерістер жеке сот орындаушылар орындайтын бірқатар атқарушылық құжаттар санаттарын кеңейтті. Атап айтқанда, тұрғын үйден шығару, тұрғын үйге кіргізу, құрылысты бұзу, жер телімдерін мемлекет мүддесіне алып қою, алимент және еңбекақы өндіру жеке сот орындаушыларының құзырына берілді. Халыққа жылдам әрі сапалы қызмет көрсетуді қамтамасыз ету­ді мақсат еткен жеке сот орындаушылар елі­міз­де 2011 жылдан пай­да болды. Заңға енгі­зілген өзгерістерге сәй­кес, ат­қарушылық құжат­тар­дың басым көбі жеке сот орындаушыларына бе­рілгеннен кейін жұмыс сапасы анағұрлым жақсарды. Жеке сот орындаушылары ешкімге тәуелді болмай, же­ке табысы арқылы өзін-өзі қар­жыландырады. Олардың құзыретіне, заңды пайдалануына келсек, мемлекеттік сот орындаушысымен тепе-тең. Мемлекеттік сот орындаушысы жалақысын мемлекеттік бюджеттен алса, жеке сот орындаушылары өздерінің атқарған жұмыстарына байланысты қызметіне ақы төлеуді борышкерден өндіріп алынған қаражат есебінен жүргізеді.
Жеке сот орындаушыларының құзырына берілген атқарушы істердің бірі – алимент өндіру. Әрбір баланың болашағы үшін маңызды төлемді өндіру ісінің қалай жүріп жатқандығы туралы білу үшін Алматы облысы бойынша өңірлік аға сот орындаушысы Алихан Агленовті сөзге тартқан едік.
-Алимент – «Неке және отбасы» Кодексіне сәйкес, бір адамның оны алуға құқығы бар басқа адамға ұсынылатын міндетті ақшалай немесе материалдық асырау қаражаты. Бұл – заң жүзінде бекітілген төлем. Ата-аналар мен балалардың арасында туындайтын ең өткір сұрақтардың бірі – осы алимент төлеу. «Алимент» деп біз көп жағдайда тек ажырасқан әкенің өз баласына төлуге міндетті ақысын айтамыз. Алайда – бұл төлем тек әкеге ғана емес, сонымен қатар анаға да жүктелетін міндет. Баланы асырау – ата-анасының заңмен бекітілген міндеті. Ал алимент өндіруге келгенде ата-анасының некеде болуы, азаматтық некеде немесе ажырасқан болуы мүлде маңызды емес. Қамқорлықтағы не­месе патронаттық тәрбиедегі балалар, сондай-ақ асырап алынған балалар да алиментке құқылы. Ажырасу барысында ерлі-зайыптылар баланы асырау туралы өздері келісу керек. Алименттер сол келісім бойынша төленеді. Егер ондай келісім болмаса, онда Қылмыстық Кодекстің 139-бабына сәйкес кәмелетке толмаған балаларға алиментті ата-анасы сотпен төлетеді – деді Алихан Тобаұлы. Алименттер ай сайын ата-анасының еңбекақысынан немесе өзге табысынан заңмен белгіленген мөлшерде төленуі тиіс. Атап айтқанда, 1 балаға – табысының төрттен бір бөлігі, 2 балаға – табысының үштен бір бөлігі, 3 және одан да көп балаларға – табысының тең жартысы төленеді. Жұмыс істемейтін борышкердің төлеуге міндетті алимент мөлшері ҚР орта жалақы мөлшерімен есептеледі.
-Биылғы жылдың тоғыз айында 21472 алимент өндіру ісі жеке сот орындаушылардың қарауында тұрса, оның 3757-і орындалып, қалған 17715-і іс жүзінде қарастырылу­да. Борышкерден алимент өндіру оңай іс емес. Маған қарасты Талғар, Еңбекшіқазақ, Ұйғыр, Кеген, Нарынқол, Пан­филов аудандарында барлығы 32 жеке сот орындаушы сот өкімдерінің орын­далуын назарға алып, жұмыс жасап отыр. Қазіргі күні әр жеке сот орындаушыда үш жүзден аса алимент өндіру ісі бар. Солардың арасынан өз ісінің хас шебері, бүгінгі күні мыңнан аса алимент өндіру ісімен бір өзі айналысып отырған Бауыржан Ташибаевтың есімі ерекше атап өтуге тұрарлық. Сондай-ақ сот орындаушылары Арнұр Ілясов, Болат Бижанов, Мұхтар Есіркепов, Нұржан Смағұлов, Сулейман Ізмұратов, Румилям Мурсалимова, Жанар Сатыбалдықызы, Дулат Ерінбаевтардың біліктілігін де ерекше атап өткім келеді. Биылғы жылдың тоғыз айында жеке сот орындаушылары ҚР Әкімшілік Құқық қорғау Кодексінің 669 бабы бойынша 134 борышкерді әкімшілік жауакершілікке тартып, олардың 111-не әкімшілік жаза қолданып, 2 және 5 тәулікке қамауға алынса, 23-не әкімшілік айыппұл салынды. Ішкі істер органдарына Қылмыстық Кодекстің 139, 430 баптары бойынша 68 қылмыстық іс жіберіліп, 1 борышкер бір жылға бас бостандығынан айырылды. Үш айдан артық алимент төлемеген жауапты азаматтарға Заңға сәйкес 10 АЕК көлемінде айыппұл салынады немесе 15 тәулікке қамауға алынады. Оның барлығының шешімін сот шығарады. Ал біз сот шешімінің жүзеге асуын қадағалаймыз. Бұл құзірет жеке сот орындаушыларына берілгелі көптеген қордаланған алимент өндіру істері оңтайлы шешімін тауып келеді. Биылғы жылы мемлекет кірісіне тоғыз айда 183359 мың теңге өндіріп алсақ, атқарушы биліктің қаулысына байланысты айыппұлдардан 99352 мың теңге өндірілді. Көрсеткіштер өткен жылмен салыстырғанда біршама артты, – деді әңгіме барысында Алихан Тобаұлы. Сонымен қатар жұмыс барысындағы кездесетін қиындықтар жайлы да сөз етті. Алимент өндіру ісінде сот орындаушыларына көп қиындық туғызатын борышкерлердің көрсетілген орында жұмыс істемеуі мен белгіленген мекенжайда тұрмауы. Жиі-жиі жұмыс ауыстырып, мекенжай өзгертетін борышкерлер өздерінің заң талаптарын жалпағынан басып жүргенін білмесе керек. Соның салдарынан іздестіру жұмыстарына көп уақыт кетеді. Заң қашанда орындалуымен құнды. Заңға бағынудан бас тартқан адамға ауыр жаза қолданылатыны рас. Соны естерінен шығарып алатын жауапсыз әкелер немесе аналар сот орындаушыларын барынша әуре-сарсаңға салады. Сондықтан адамдар заң талаптарын бұзар болса, оған жауапкершілік бар екендігін мойындап, өздерінің құқықтары мен міндеттерін біле жүруі тиіс. Көп жағдайда өндірілмеген сома үшін аналар сот орындаушыларын кінәлап жатады. Егер борышкер өзінің санасында баласының болашағы мен денсаулығына деген жауапкершілікті сезінбесе, ол адамнан алимент өндіру қиынның-қиыны. Бұндай азаматтар сот орындаушыларына қосымша жұмыс пен уақыт, қосымша мәселе туындатады. Көпке топырақ шашпай, өз әке­лік міндетін адал атқарып жүрген азаматтардың да барын айта кеткен жөн болар. Жұбайымен ұрыс-керіссіз, мінездерінің сәйкес келмегені үшін ажырасып, балаларына ұдайы қамқорлық жасап, алиментін уақтылы төлеп отырған да азаматтар баршылық. Егер алимент төлеуші ата-ананың жалақысы, не өзге де табыстары мүлде болмаса, алимент мүлік түрінде өндірліп алынады. Ата-аналардың табыстары және мүліктері болып, оны жасырған жағдайда күшпен мәжбүрлеп өндіріп алу қолданылуы немесе алимент төлеуден қасақана жалтарғаны үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылуы мүмкін. Алимент төлемеген әкенің иелігіндегі үй, пәтер, автокөліктері тәркіленеді. Сондай-ақ, борышкерлерге шетелге шығуға тыйым салынып, халыққа қызмет көрсету орталықтарында мекенжайы туралы, дүние-мүлкі туралы ақпарат алу құқығынан айырылады, есепшот аша алмайды, нотариалдық қызметке жүгіне алмайды.
– Қазіргі күні жұмыссыз қалған борышкерлерге мемлекет тарапынан да үлкен қолдау жасалып жатыр. Жұмыспен қамту орталықтары арқылы жұмысқа орналастыру мүмкіндігі бар. Алиментін уақтылы төлеуге ниетті азаматтарға бұл – жақсы мүмкіндік. Кейде осындай жұмысты місе тұтпай, тайраңдайтындар да жоқ емес. Осындай әрекеттердің орын алуы жүздеген, мыңдаған баланы ата-анасы тиісінше қамтамасыз етпей отыр деген сөз. Борышкерлердің көпшілігі алиментті жұбайларына ерегесіп төлемеуге тырысады. Ерлі-зайыпты екі азаматтың арасындағы түсініспеушілікке балалардың еш қатысы жоқ. Балалар ата-анасын таңдамайды. Бала – болашағымыз, өміріміздің жалғасы. Сондықтан ата-анасы үшін баланың зардап шеккені дұрыс емес. Алимент мәселесіне келгенде бірінші кезекте баланың болашығын ойлаған дұрыс. Алимент өндіру қашанда қордаланған мәселелердің қатарынан түспейтіні де содан. Бұл мәселенің шешімі табылмауы халықтың әлеуметтік осал топтарын, яғни аналарды тұрмыстық қиындықтарға соқтыратынын естен шығармағанымыз абзал, – деп сөзін аяқтады Алихан Тобаұлы.
Алматы облыстық өңірлік сот орындаушылары көтеріп отырған алимент өндіріп алу мәселесі әлеуметтік осал топтардың мүддесін қорғауға негізделіп отыр. Еліміздегі әлеуметтік саясаттың да басты бағыты – неке мен отбасылық қатынастарды сақтап қалу. Бүгінгі күннің басты мәселесі заңсыз некелер мен заңды түрде бекітілмеген ажырасулардың күн санап көбейіп бара жатқандығы. Осының салдарынан некесіз туған балалар саны артып, ата-ананың баланы күтіп-бағу жауапкершілігі төмендеп, сот алдында алимент өндірумен шектеліп жатыр. Оның соңы әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасылар санын арттырып, балаларға зиянын тигізіп жатыр. Аяғында алименттен жалтарып, жауапкершіліктен қашқан әкелердің кесірінен, оларды жауапқа тарту үшін іздеу салып, табанынан тозған сот орындаушыларға салмақ түседі. Отбасы – сыйластық, жарастық орнаған орта. Отбасы – бала тәрбиесінің ең алғашқы ұжымы. Отбасының басты қазығы, алтын діңгегі – бала. Баланың тәрбиелі болып өсуіне берекелі отбасының алар орны ерекше. Сондықтан ерлі-зайыптылар отбасының берекесін сақтап қалуға, балаларға бақытты болашақ сыйлауға тырысса екен дейміз.
Перизат Нұрқаева,
«Талғар»