COVID-19 тагы кимелеп келеді

COVID-19 тагы  кимелеп келеді

Бұқаралық ақпарат құралдарының ақпарларына көз тіксек, күллі АДАМЗАТТЫҢ есін алып, миллиондаған адамның жанын алған тәжтажал тағы кимелеп келеді. Оның басты себебі – Эпидемиологиялық ахуалға жүрдім-бардым қараған халықтың қауіпсіздік шараларын сақтамауы, ел ішіндегі карантин тәртібін елемеуі болып отыр.

Сегіз айдан бері төрткүл дүниені сергелдеңге салған дерттің беті де жуық арада қайтатынға ұқсамайды. Бірінші толқында талай адам қаншама жақын-жуық, туған-туыс, қимас жандарынан айырылып қалса да, талай адам сол аурудың зардабын әлі тартып жатса да ырду-дырду той-томалақтардан аяқ тартатындар аз болып тұр. Оларға бір күнгі көтерген көңілдің азабын өмір бойы тартып қалмас үшін ақылға салып, адамша ойлануға не кедергі екенін түсіну қиын… Әкімшілік тарапынан қанша ескерту жасалып, қанша айыппұл салынып жатса да ұрланып той жасап, тығылып жиын өткізіп жатқандардың қарасы азаяр емес. Ал оның кесірінен ауруға шалдыққандар саны күн санап артып, зардабын айналасындағылар тартып жатқаны көңілге қаяу салады…
Мәселен, елімізде COVID-19 таралғалы Талғар ауданы бойынша 2020 жылдың мамыр айынан бері жүргізіліп келе жатқан мониторинг жүргізу тобы жұмысының нәтижесінде 2177 нысанға тексеру және түсіндіру жұмыстары жасалды. Тексеру барысында санитарлық талаптарды біле тұра бұзу жағдайлары анықталып, 6 жеке кәсіпкерге, 4 заңды және 36 жеке тұлғаға жалпы сомасы 5,1 млн.теңге айыппұл салынды. Атап айтар болсақ, «Алтын Адам», «Шаңырақ», «Хан Тәңірі», «Расул» мейрамханаларының иелеріне әрқайсысына 638940 тг. көлемінде айыппұл салынып, жеңілдік бойынша 319470 тг-ден төледі. Ал «Расул» мейрамханасын жалға алған жеке кәсіпкерге 83340 тг. айыппұл салынып, жеңілдікпен 41670 тг. төледі. «Лорд» мейрамханасының қожайыны қатарынан 3 рет 83340 тг. айыппұл арқалап, 3 рет 41670 тг-ден (125010 тг.) төлеуіне тура келді. Тек осы аптаның өзінде аудандық СЭС жеке тұлғалардың санитарлық талаптарды сақтамауына байланысты 16 хаттама толтырып, соған сәйкес жалпы сомасы 666 720 теңгені құрайтын айыппұл салды. Қарап отырсақ, карантин талаптарына қатысты барлық тәртіпті естіп, біліп, көріп отырып бұзу жағдайлары жиі қайталануда. Мұның салдарынан адамдар арасында аурудың таралу деңгейі артып, жуық арада COVID-19-дан құтыламыз ба деген үміттің ауылы да алыстап бара жатқандай.
Ел ішінде желдей ескен алда коронавирустың екінші толқыны келе жатыр деген дақпыртқа толы қауесетті де түгел жоққа шығара алмаймыз. Аурудың алдын алу мақсатында мемлекеттік деңгейде қызу дайындық жүргізіліп, арнайы шаралар қолға алынып, толық жабдықталған уақытша орталықтарының да саны көбейді. Осындай келеңсіз жағдайларға қарамастан орынсыз жиындардың тым көбейіп, тыйылмай тұрғаны қынжылтады. «Зерттеулерге жүгінсек коронавирустың симптомсыз түрімен ауырған адамдардың ағзасында антиденелер 1 ай ғана сақталады. Коронавирустың орташа немесе ауыр түрі­мен ауырғандарда антиденелер 3-5 айға жейін сақаталады. Қазақстанда коронавирус маусым-шілде айларында өршігендіктен, 3-5 ай деп есептегенде, қараша-желтоқсан айларында коронавируспен ауырғандардың ағзасындағы антиденелер күшін жояды. Сондықтан қайтадан ауырып қалу қаупі бар.
Маусымдық инфекциялардың страти­фикация ықтималдығын азайту және коронавирустық инфекцияның жаңа толқынына байланысты 15 қыркүйектен бастап мақсатты топтарға арнайы вакцина егілуде. Ол үшін 2,2 миллион доза тұмауға қарсы вакцина сатылып алынды. Қазіргі уақыта 1,8 миллионға жуық адамға вакцина егілді. Егу жұмыстары аптаның соңында аяқталады. Вакцина республика тұрғындарының 11 пайызына егілді. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы ұсынған қамтудың ең төменгі шегі – 10 пайыз», – деп мәлімдеді Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой. Министрліктің ресми сайты Coronovirus2020.kz сайтының 15 қараша күнгі ақпарына зер салсақ, осы күнге дейін коронавирус бойынша:
Расталған жағдай:109094
Жазылып шыққандар:104525
Қайтыс болғандар:1768
Апта басында alashainasy.kz сайты «министрліктің мәліметінше, қазір коро­навирустан 3022 адам ем қабылдап жатыр. Олардың арасында 72 бала бар. Уақытша емдеу орталықтарында 2030 науқас ем алып жатса, 992 науқас ам­бу­латориялық жағ­дай­да емделуде. 84 нау­қастың жағдайы ауыр деп бағаланып, оның ішінде 13 адамның өмірі қыл үстінде тұр. Тағы 11 науқас жасанды тыныс алу аппаратына қосылған» деген нақты ақпарат таратты.
Massaget.kz сайтында Жапонияда Киото медицина университеті ғалымдарының коронавирусқа жасаған зерттеуі жария­ланды. Онда аты жаман вирустың адам денесіне жұққаннан кейінгі қауіптілік деңгейі 9 сағатқа дейін сақталуы мүмкін делінген. Зерттеуде тұмау вирусының өмір сүру мерзімімен салыстырғанда COVID-19 вирусының 5 есе ұзақ сақталатыны дәлелденген. Аустриялық ғалымдар бол­са коронавирус банкноттар мен смартфондардың экранында 4 аптаға дейін сақталатынын арнайы зерттеу нәтижесінде анықтаған көрінеді. Ал Бразилиялық ғалымдар коронавирустың шизофренияны қоздыратын қабілеті бар екенін хабарлап, Альцгеймер, Паркинсон сияқты ней­ро­дегенерациялық ауруларды тудыруы мүм­кін деп дабыл қақты. Нейродегенерация деген жүйке жасушалары қызметінің біртіндеп әлсіреуі салдарынан жасушаның өлуі. Ал мұның артында мүгедектік тұрғаны айтпаса да түсінікті.
Тәжтажалға қатысты әлемдік ақпарларды күнделікті қалт жібермей қадағалап отырған БАҚ-тың анық ақпаратына жүгінсек, осы күнге дейін әлем бойынша бұл дертке шалдыққандардың жалпы саны 38 миллионнан асып кеткен. 26,3 миллион адам аты жаман аурудан айықса, 1 миллион 84 мыңнан астам адамның өмірмен қош айтысқаны айтылды. Өкінішті-ақ…
Еуропа құрлығында қазірдің өзінде дерт дендеп, рекордтық деңгейге жетіп тұр. Мәселен, Францияда күн сайын 16 мыңнан аса науқас тіркелуде. Германия, Украина, Швеция, Италия, Нидерланд елдерінде де жағдайдың ушыққаны сонша, күнделікті тіркелген науқастардың саны мың-мыңдап саналуда. Ал Ұлыбританияда бір тәулікте 13 мыңдай науқас тіркелгені жайлы ақпарат таратылды. Иран мемлекетінде бұл аурудан 28 мыңнан аса адам көз жұмса, 4,5 мыңдай адам ауыр халде жатқаны және ауруханада орын тапшылығы туындап отырғаны айтылады. ДДСҰ әлемдегі әрбір оныншы адамның коронавируспен ауырған болуы мүмкін екенін мәлімдеді. AIQYN.kz сайтында «Вашингтон университеті Метрика және денсаулықты бағалау институтының болжамы бойынша жыл соңына қарай бұл індеттен 2,3 миллионға жуық адам көз жұмуы мүмкін» деген ақпар берілді. Жалпы бұл індеттің індеп кеткені сонша бергі бес жылдықта беті қайтпайды, тіпті кәдімгі респираторлық тұмау вирусы сияқты тұрақтап қалуы да мүмкін деген қорқынышты болжамдар жиі естіле бастады.
Көріп отырғаныңыздай арқаны кеңге салатын уақыт емес, көңіл көншітерлік жағдай жоқ… Ал бұл көрсеткіштің күн сайын өсіп жатқанын ескерсек, жеке бас тазалығынан бастап, тұтас елдің амандық-саулығы үшін әр адам ойланарлық жайт жетерлік. Ауру жоқ деп қолын сілтеп жүріп талай адамның жалғыз күнде мұрттай ұшып, ақыры о дүниелік болып кеткені кеше ғана. Күн сайын айтылып жүрген екінші толқынның ауыр салдарынан сақтану мақсатында қауіпсіздік шаралары да мемлекет тарапынан күшейтіліп жатқанына қарамастан адамдар немқұрайлылығы мен салғырттығын, салақтығын әлі күнге қоя алмай келеді. Қоғамдық көлік пен орындарда түте-түтесі шығып, әбден кірлеген бетпердесі есіліп иегінің астында жүргендер көп. Сондайларды көргенде олар кімді не деп алдап жүр екен деген ащы күлкі езуге үйіріле береді. Тіпті бетпердесіз жүретіндердің қарасы да көбейіп барады.
Қай көшеге барсаңызда табан астында шашылып жатқан бетперделерден көз сүрінеді. Бүгінде бейберекет лақтырылған бетперделердің кесірінен басқа қоқыстың мәселесі аздай, «Жығылған үстіне жұдырық» дегендей әлем бойынша тағы бір экологиялық күрделі мәселе туындау қаупі қылаң бере бастады. Әркім қолданған бетпердесін арнайы қоқыс жәшігіне тастаса адам қиналатын шаруа емес қой. Жоқ, біздің адамдар жауапкершіліктің жоқтығынан көрінген жерге лақтырып кете береді. Ал оның ертең қанша адамның өмірін жалмайтынын қаперге де алмайды. Коронавирус кеңірдектен қысып тұрса да одан не дұрыс сақтанбаймыз, не жай ғана бетпердені дұрыс тағуды білмейміз, не мәдениет сақтамаймыз, не бүкіл әлемді қынадай қырып жатқан аурудың салдарына мән бермейміз… Осы біздің не ойлағанымыз бар, жалпы бізге не керек өзі?! Сіз бен біздің салақтығымыздың кесірінен көшеде толып жатқан бетпердені күні бойы белі бүгіліп таңертеңнен кешке дейін теретін қарапайым адамдардың жайын бір сәт ойланып көріңізші. Оның орнында ертең сіз немесе сіздің жақыныңыз болмайтынына қандай кепілдік бар?!…
«Сақтықта қорлық жоқ» екенін білетін халық едік қой, айналамызға бір сәт сәп салып қарап, ойланғанның артығы болмас, ағайын! Ауру мен өлімнің айтып келмейтінін біле тұра қолдан келетін қарапайым ғана қауіпсіздік ережелерін сақтап, елдегі ортақ тәртіпке бағынуды естен шығаратыны өкінішті. Ол сіз бен біздің ұрпақ алдындағы борышымызға деген адалдықтың, адамдықтың бір көр­сеткіші емес пе?… Ендеше осы тұрғыда ойға алатын, ойланатын маңызды мәсе­лелердің баршылық екенін ұмытпайық.

Жанбота Сұлтанмұратқызы,
тілші