Үміткерлердің пікірсайысы жалғасын тапты

Үміткерлердің пікірсайысы жалғасын тапты

14 қыркүйектен «Nur Otan» партиясының партияішілік сайлауы – праймеризге қатысушы кандидаттардың жария пікірсайысы басталғаны белгілі. Аудан аумақтарында жатқан дебаттар барысында үміткерлер ауданымыздағы өзекті мәселелерді көтеріп, олардың шешу  жолдарын ұсынып жатыр.

Бұған дейін праймеризге қатысуға өтініш білдіріп, партия бөлімшесіне тіркелген жетпіске жуық үміткер партияластарымен кездесіп, үгіт-насихат жұмыстарын бастап кеткен болатын. Түрлі еңбек ұжымдарымен, қарапайым халықпен кездесіп, көкейлеріндегі түрлі мәселелерді жинақтап, болашақта шешуге ниетті екендіктерін білдіріп жүрген еді. Енді, міне, ашық алаңға шығып, пікірсайысқа қатысып, сайлауалды бағдарламаларын ұсынып, көптің сұрақ-сауалдарына жауап беріп жатыр. Дебаттардағы түрлі ой-пікірлер тоғысынан келелі ой, кемел идеялар туындайды емес пе?!
Өткен аптаның жұмасында аудандық Мәдениет үйінің фойесінде Талғар ауданы ішінен іріктеліп «Nur Otan» партиясы ұсынып отырған Праймериз жобасына қатысушы үміткерлер арасынан жария пікірсайыстың үшінші және төртінші тобы бақ сынады. Үміткерлердің аталмыш науқанда атқарған жұмыстарымен қатар, осы пікірсайыста көрсеткен тегеуріні көтерген мәселесі арқылы партияластарының сеніміне ие болып, ел игілігі жолында жұмыс жасауға мүмкіндік береді. Еліміздегі карантин режіміне байланысты пікірсайыс көрсетілімі партия филиалының әлеуметтік желідегі ресми парақшалары арқылы көрсетіліп тұрды. Дебаттың үшінші-төртінші тобының қатысушылары ортаға шақырылып, жеребе арқылы кандидаттардың кезектері анықталды. Содан кейін пікірсайыс жүргізушісі жария пікірсайысқа қойылатын талаптармен таныстырып өтті. Сайыстың бірінші раундында үміткерлер өздерін таныстырып, сайлауалды бағдарламаларына сәйкес болашаққа жоспарлаған мақсат-міндеттерімен бөлісті. Үшінші топқа Бауыржан Аукенов, Жазира Бейсен, Сырым Тоқбергенов, Айгерім Маукеевалар еніп дебатқа түссе, төртінші топта Назгуль Туякова, Гүлнар Күрішбекова, Қайрат Исабаев, Акан Данабеков, Сергей Третьяков, Күлипа Отарбаевалар өзара пікір таластырды. Бірі білім беру саласына қолдау керектігін айтса, енді бірі ұлттық тәрбиеге көңіл бөлді. Денсаулық сақтау, ауылшаруашылығы, инфрақұрылымды дамыту, шалғай елдімекендерді интернет желісіне қосу, ауылдарды көркейту, аулаларды абаттандыру, салауатты өмір салтын қалыптастыру, спорт кешендерін салу, тұрғын үймен қамту сынды көптеген мәселелерді алға тартып, аудан тұрғындарының әл-ауқатын жақсартып, алдыңғы қатарлы аудандардың арасынан орын алуына бар күш-жігерлерін жұмсайтындықтарын тілге тиек етті.
Пікірсайыстың екінші раунды кандидаттар арасында «сұрақ-жауап» форматында өтті. Бұл сайыста үміткерлер қарсыластарының әрқайсысына кем дегенде бір сұрақтан қоюға мүмкіндік алды. Үшінші топтағы үміткерлердің барлығы дерлік белсенділік танытып, бір-біріне сұрақ-сауалдарын қойды. Әсіресе, үш шақырылымда аудандық мәслихаттың депутаты болып халыққа қызмет етіп жүрген Бауыржан Әукенұлына сұрақтар көп болды. Жолдардың сапасын қадағалау, ауданымыздағы мектеп тапшылығын жоюға қатысты мәселелерді шешудегі белсенділігі, аудандық мәслихаттың атқарып отырған міндеттері жайлы сұрақтар қойылды. Ал төртінші топқа енген үміткерлерде сұрақ-сауал аз болды. Олар негізінен бүгінгі таңдағы балалардың онлайн білім алуына қатысты ой-пікірлерімен бөлісті. Екі топтың да пікірсайысын бақылап отырған аудандық бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері де екі топтағы кандидаттарға сұрақтарын қойып отырды. Атап айтқанда, жастардың белсенділігін арттыру, аудан балаларын толықтай типтік балабақшамен қамту, ауданымыздағы тазалық мәселесі, елімізде орын алып жатқан пандемияға орай ауданымызда инфекциялық аурухана салу мәселелерін алға тартып, тиянақты жауабын алды. Кандидаттардың пікірсайысы интернет желісі арқылы онлайн түрде өтіп отырғандықтан желі қолданушыларынан да сұрақтар түсіп, оларға үміткерлер жауап беріп отырды. Бұл күнгі пікірсайыс ашық әрі жоғары деңгейде өтті. Осындай пікірсайыс алаңындағы үміткерлердің кездесуі алдағы уақытта да жалғасын табатын болады.

Перизат Нұрқаева,
«Талғар»