Атқарылған шаруалар назарға алынды

Атқарылған шаруалар назарға алынды

Жуырда аудандық қоғамдық кеңес төрағасы Қ.Байболов Бесқайнар, Панфилов ауылдық округтерінде жүргізіліп жатқан су құбыры мен автомобиль жолдарының жұмыс барысымен танысып қайтты. Бесқайнар ауылынан бастау алатын 8,3 шақырымдық су құбырының күрделі жөндеу жұмыстары маусым айында басталған болатын.

Ауылды ауыз сумен қамтамасыз етуге бағытталған бұл су құбырын М.Тоқтарбевтың басқаруындағы «Энергохолдинг ЛТД» ЖШС мердігер компаниясы жүргізуде. Құны 285 млн. теңгені құрайды. Жұмыспен қамту орталығы арқылы 71 адам жұмысқа тартылып, еңбек етуде. Қазіргі уақытта жұмыстың 70 пайызы аяқталған. Су құбыры өтуі тиіс 60 метрлік жекеменшік алма бақ иесінің рұқсат бермеуіне байланысты жұмыс барысы тоқтап тұр. Ауылдық және аудандық әкімшілік қызметкерлері айтулы мәселені шешу жолдарын қарастырып, қазан айының соңында жұмысты толығымен бітіретінін алға тартуда.
Сонымен қатар Төле би, Набережная, Яблочная көшелерінің ағымдағы жөндеу жұмыстары басталды. Набережная көшесінің 300 метрі толық аяқталмаған. Соның салдарынан Нұрболат Каримовтың басқаруындағы «Leader NSK»ЖШС мердігер компаниясының атқарып жатқан жұмыстарына кедергі болып, жұмыс кешіктірілуде. Сондай-ақ Төле би көшесінің тұрғындары 80 метр су құбырын ауыстырып беруді сұрап, арыз шағымдарын жеткізді. Қоғамдық кеңес төрағасы барлық талаптарды ескеріп, мердігер компаниялардың басшыларымен ортақ шешімге келе отырып, қазан айының соңына дейін барлық жөндеу жұмыстарын толығымен аяқтауды тапсырды.
«Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы бойынша Бесағаш ауылының төменгі жағында басталған құны 475 млн. теңгені құрайтын су құбыры жұмыстарының 90 пайызы аяқталған. Күрделі жөндеу жұмыстарын «МАД ЖШС» мердігер компаниясы қолға алған.
Сондай ақ, Құдайбедиева мен Хамраева көшелерінің ағымдағы жөндеу жұмыстары басталып, аяқталуға таяу. Жөндеу жұмыстарына 44 млн. теңге бөлініп, «ДАУ -13» мердігер компаниясы жоспар бойынша 11 адам, оның ішінде жұмыспен қамту бағдарламасы бойынша 6 адамды жұмысқа тартып отыр. Жөндеу жұмыстары «МАД ЖШС» мердігер компаниясының су құбырларын жүргізу барысында, әрбір үйге су тартуда туындаған қиындықтардың салдарынан бір айға кешіктірген. Сол себепті межеленген уақытта аяқталмауы мүмкін.
Бесағаш ауылында Жанаргүл Кенже­бекқызының басқаруындағы №28 орта мектептің ішіне кіргізіп, заманауи бағытта жасалған дәретханасының жөндеу жұмыстарымен танысып шықты. Алайда, бір ескеретін жайт, бір-біріне қарама-қарсы орнатылған дәретханадағы қыздарға арналған бөлігінде есік қарастырылмаған және ауа алмастыру қондырғысы орнатылмаған. Жөндеу жұмыстары толығымен аяқталып орталық кәріз жүйесіне қосылған.
Қоғамдық кеңес қыркүйектің он тоғызы Панфилов ауылдық округіне қарасты Төңкеріс ауылында орналасқан, А.Ақылбекованың басқаруындағы № 23 орта мектепке жүргізілген күрделі жөндеу жұмыстарын көріп қайтты. Қәзіргі таңда жұмыстың 90 пайызы аяқталған. Бюджеттен 251 млн. 932 мың теңге бөлініп, құрлыс жұмыстарын «Нұр Шапағат» құрылыс компаниясы қолға алған. Жұмыспен қамту орталығынан 31 адам, жол картасы бойынша 34 адам жұмылдырылды. Мектеп алаңын абаттандыруға, спорт залдың жаттығу құрылғыларына, асхананың құрал-жабдықтарына қаржы сұрап хат жолдап отыр. Ал, сырттағы футбол алаңы, спорттық жаттығу алаңдарын жасау жоспарға кірмеген екен.
Сонымен қатар, Панфилов ауылдық округі бойынша төрт көшеде жөндеу жұмыстары жүріп, толығымен аяқталды. Атап айтсақ, Қызыл ту – 4 ауылы бойынша Алғабас көшесі ұзындығы 2,2 шақырым. Жол картасы бағдарламасы бойынша 9 адам, жұмыспен қамту орталығынан 4 адам жұмысқа тартылған. Қарабұлақ ауылы 8 Марта көшесі ұзындығы 6250 шақырым.
Панфилов ауылы бойынша ағымдағы жөндеу жұмыстары: Мичурина көшесі ұзындығы 0,4 км, 6964285 тг қаражат бөлінген, мердігер «Leader NSK» ЖШС компаниясы. Аяқталу мерзімі – 30 қазан. Томаровский көшесінің орташа жөндеу жұмыстарына 95 933 843 теңге қаржы бөлінген мердігер «Балхаш жолдары» ЖШС, техникалық бақылау ЖШС «ДорИнжПроект» 2 935 575 теңге. Аяқталу мерзімі-15 қазан.
Алдағы уақыта, аталмыш нысандардың жұмыстарын қатаң бақылауда ұстап, межелі уақытта аяқталуын қадағалайтын қоғамдық кеңес мүшелері аптаның соңында түйіні қиын түйткілді мәселелерді шешу мақсатында барлық мердігер компания басшыларының қатысуымен ауқымды жиын өткізілетінін жеткізді.
Айнаш Әлдибек,
«Талғар»