Бір мүдде, бір мақсат

Бір мүдде, бір мақсат

Праймериз -2020

“Nur Otan” партиясы Талғар аудандық филиалының праймериз үміткерлері арасында өткен жария пікірсайысы 22 қыркүйек күні Тұздыбастау ауылдық Мәдениет үйінде жалғасын тапты. Аудан ішінен іріктеліп, “Nur Otan” партиясы ұсынып отырған Праймериз жобасынының жетінші тобындағы жария пікірсайыста Бақтияр Қабасов, Дастан Тұрлыбеков, Марлен Қасабеков, Ақбота Нұрланова сынды үміткерлер бақ сынады.

Кандидаттардың праймериз науқаны кезеңінде атқарған жұмыстарымен қатар, аталған пікірсайыста көрсеткен тебуріні, көтерген мәселелері арқылы партияластардың сеніміне ие болып, ел игілігі жолында жұмыс жасауға мүмкіндік алатыны белгілі. Осы орайда үміткерлердің қай-қайсысы болмасын осалдық танытып жатқан жоқ, үгіт-насихат жұмыстары кезінде өздерінің сайлауалды бағдарламасын көпшілікке ұсынып, қолдау тауып жатқан жайы бар.
Әдеттегідей екі кезеңге бөлінген бұл пікірсайыс та тартысты өтті. Алғашқы кезеңнің ережесіне сүйеніп үміткерлер өздерін және сайлауалды бағдарламаларымен таныстырып өткен болса, екінші кезең сұрақ жауапқа ойысты. Бұл топтағы үміткерлердің дені жастар болғандықтан, болашақтағы жастардың өсіп-өркендеуіне басымдық беріп, ұрпағымыздың ұлағатты болып қалыптасуына ықпал етуге жұмыс жасайтындықтарын алға тартты.
Сонымен қатар, еліміздің экологиялық жағдайына да аса назар аударды. Экономикамыздың қарыштап дамуына экологияның ықпалының зор екендігін тілге тиек етті. Болашақта қоршаған ортаны қоқыстардан тазалап, қала, ауыл тұрғындарына тазалық тәртібін насихаттап, ел экономикасына үлес қосатындарын жеткізді.
Сондай-ақ, инфроқұрылым, бизнес, ақпараттандыру салаларын бір жүйеге келтіру жұмыстары бойынша да өз жоспарларымен бөлісті.
Көтерілген мәселелердің әрқайсысы ауданымыздың дамуына қосар үлесі зор деп білеміз. Ең бастысы мақсаты бір, мүддесі ортақ партия белсенділерінің ел болашағына бей-жай қарамай, ауданымыздың дамуына үлес қосқысы келетіні қуантады. Ендеше үміткерлерге үлкен сенім білдіре отырып, сәттілік тілеуден басқа айтарымыз жоқ.

Айнаш Әлдибек,

Талғар-ақпарат