EXPO 2017 арқасында Қазақстанда инвестиция салудың жаңа құралы пайда болмақшы

EXPO 2017 арқасында Қазақстанда инвестиция салудың жаңа құралы пайда болмақшы

Халықаралық мамандандырылған көрменің өткізілуі қазақстандық мамандарға жаңғыртылатын энергия көздеріне басқа қырынан қарауға мүмкіндік берді.

«Астана» Халықаралық қаржы орталығы (АХҚО) қор биржасында арнаулы «жасыл» бағалы қағаздарды орналастыруға мүдделі. Бұл туралы Astana EXPO 2017 сайтының тілшілерін АХҚО хабардар етті.

Бейкарбонды технологияларды дамытуды ынталандыру мақсатында АХҚО экологиялық жобаларға және жаңғыртылатын энергия көздері өндірісіне қаржы тарту үшін бағалы қағаздарды (барышқорлық міндеттеме түрінде) орналастыруға мүдделі.

«Бұл бағалы қағаздардың алғашқы шығарылымын АХҚО биржасында 2017 жылдың соңына дейін жүзеге асыру көзделіп отыр. Ол үшін біздің сауда алаңымызда арнайы секция болады», — деп көрсетті АХҚО өкілі.

Мұндай шағын табысты қаржы құралдары әлем бойынша кеңінен таралған. Climate Bonds мәліметінше, осындай бағалы қағаздар бойынша жалпы мәмілелердің сомасы 2012 жылғы 2,5 млрд.доллардан 2016 жылы 81 млрд.долларға дейін өсті. Осылайша, «жасыл» технологияларға деген қызығушылық қаржы көзіне қол жеткізіп отыр. Сарапшылардың айтуынша, Қазақстанда «жасыл» бағалы қағаздар эмитенті ретінде үкімет, өңірлік әкімдіктер, ұлттық холдингтер және олардың еншілес ұйымдары бола алады.

«Біз Қазақстанның бірнеше ірі компаниясы және әкімдіктерімен келіссөздер жүргізе бастадық. Егер олардың жобалары экологиялық таза көлік немесе өңірдің «жасыл» экономикасына қолдау көрсетуге бағытталса, бюджеттік қаржыны жұмсамай, «жасыл» бағалы қағаздарды шығара алады. Бұл әкімдіктер мен компанияларға бос қаражат арқылы қосымша қаржыландыру мүмкіндігін береді. Бұдан бөлек, біз АХҚО муниципалдық ұйымдар, соның ішінде коммуналдық компаниялар, акционерлік қоғамдар арасынан мықты эмитенттерді тапқан жағдайда осындай бағалы қағаздарға қаржы құюға дайын бірқатар ірі инвесторлармен келіссөздер жүргіздік», — деп жариялады АХҚО әкімшілігінің басқарушы директоры Айдар Қазыбаев «Жеке есеп» басылымына берген сұхбатында.

Сонымен қатар, қаржыгерлер атмосфераға зиян келтіретін заттардың шығарылуы үшін салынатын айыппұлдарды борышқорлық міндеттемелерге (вексельдер) ауыстыру идеясын ұсынып отыр.

«Кәсіпорындардың айыппұл төлеудің орнына, ортаны ластағандары үшін борышқорлық міндеттемелерді шығарғандары абзал», — дейді Айдар Қазыбаев.

Осыған дейін хабарлағанымыздай, президент Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен құрылған Астана Халықаралық қаржы орталығы (АХҚО) ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесінің аумағында орналасады.