Ел болашағы жарқын болады

Ел болашағы жарқын болады

     Бүгін Парламенттің қос палатасының бірлескен отырысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арналған жыл сайынғы дәстүрлі жолдауын жолдады.  Жолдауда еліміздің дағдарыстан кейінгі кезеңдегі негізгі даму мақсаттары мен экономикалық және әлеуметтік мәселелерге ерекше көңіл бөлінеді дегенімен, Мемлекет басшысы барлық саланы түгелдей қамтып, болашаққа межеленген жоспарларын ортаға салды.

    Сөз басында бүкіл әлем халқының құтын қашырған пандемиямен күрес жолындағы еліміздің ауызбірлігін, дәрігерлердің табандылығы мен сақтық шараларын қадағалаған құқық қорғау органдары қызметкерлерінің еңбегін, халыққа қолдау көрсеткен кәсіпкерлер мен еріктілерге алғысын білдірді. Бүгінгі таңдағы алдымызда тұрған басты міндет әлеуметтік-экономикалық тұрақтылықты, жұмыс орындары мен халықтың табысын сақтап қалу екендігін алға тартып, дағдарысқа қарсы шаралардың екі топтамасы жүзеге асқанын айтты. Еліміздегі карантин кезінде жұмыссыз қалған 4,5 миллионнан  астам азаматтарға  42500 теңгеден көмек берілген. Оған ел қоржынынан  450 миллиард теңге қаражат жұмысалған. Бір миллион тұрғынға  азық-түлік себеттері үлестірілсе, «Нұр Отан» партиясының «Біз біргеміз» акциясы аясында 550 мыңнан аса отбасына қаржылай көмек берілген. Осындай сын сағатта бұл да болса қарапайым халық үшін үлкен қолдау болды. Мемлекет басшысы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының айтуы бойынша пандемияны жеңу үшін кемінде екі жыл уақыт қажеттігін айтып, қатерлі індетпен күрестің әлі де жалғаса беретінін, халықтың босаңсуға болмайтынын ескертті. Пандемиямен күресу үшін Үкімет кешенді бағдарлама әзірлеп, нақты шектеулер мен карантинге бейімдеу әдісін жүргізетінін де айтты. Бұл мақсатқа ұлттық қордан 1 триллион теңге бөлінгенін де еске салды. Ел басына түскен қиындықты міндетті түрде еңсеретінімізге сендірген Мемлекет басшысы одан кейін Қазақстанның бұрын соңды болмаған дағдарыстан шығып, жаңа әлемде өзінің лайықты орнын алуы тиіс екенін алға тартты. Ел азаматтарының лайықты өмір сүруі үшін жағдай жасауға, олардың құқықтарын қорғауға, заң үстемдігін қамтамасыз етуге,  жемқорлықты түбегейлі жоюға бағытталған іс-қимыл жоспарын ұсынды. Қасым-Жомарт Кемелұлы бірінші  мемлекеттік басқарудың жаңа моделін құрудан бастады. Мемлекеттік қызметтегі жауапты хатшылардың қызметі тоқтап, қаржылық шешімнің барлығына министр өзі жауап беретін болатыны да сөз болды.   Биылғы жылдың соңына дейін мемлекеттік қызметкерлер санын 10 пайызға, келесі жылы 15 пайызға қысқарып, үнемделген қаржы есебінен мемлекеттік қызметкерлердің жалақысы өсетінін айтты. Бұл дегеніміз мемлекеттік қызметкерлердің жауапкершілік жүгі артып, атқаратын қызметінің аясы кеңиді деген сөз. Жыл соңына дейін мемлекеттік қызмет туралы заңға өзгерістер енгізіліп, мемлекеттік қызметке білімі мен біліктілігі жоғары, қабілеті қарымды кадрларды тарту керектігі де айтылды. Келесі жылдан бастап ауыл әкімдеріне жеке бюджет беріліп, әкімді ауыл халқы сайлайтын болады. Ауылдарды өркендетіп, халқының тұрмысын жақсарту үшін бұл өте дұрыс шешім деп ойлаймын. Халық көптің арасынан іскер азаматты өздері таңдап, сенім артқанда ғана іс ілгері басады. Бүгінгі Жолдауда Мемлекет басшысы білім саласына мен денсаулық сақтау, ауылшаруашылығы мен өнеркәсіп, құқық қорғау, әлеуметтік мәселелерге де жіті көңіл бөліп, алда оң өзгерістер күтіп тұрғанын тілге тиек етті. Бұл Жолдау елді есеңгіреткен карантиннен кейін халыққа рух беріп, болашаққа деген сенімдерін арттырды. Әрбір қиындықтың артында бір жақсылықтың болары хақ екенін еске аслып, барша қазақстандықтарды жұдырықтай жұмылып, бірлесе ел еңсесін тіктеуге үндеді.

Айгерім Айтжанова,

Кеңдала ауылдық округі әкімінің орынбасары.