БІТЕР істің басына – жақсы келер қасына

БІТЕР істің басына –  жақсы келер қасына

Талғар ауданының әкімі Серікжан Қазиұлы Ерекешевтің ауданның тыныс-тіршілігімен танысуы өз жалғасын тапты. Ондағы мақсат – Талғар қаласы мен ауданға қарасты барлық әкімшілік округтар мен елдімекендердің тыныс-тіршілігін көзбен көріп, атқарылып жатқан істермен жете танысып, тұрғындармен тілдесіп, алдағы уақытта шешімін күтіп тұрған қордаланған мәселелерді қолға алу.

Осыған байланысты апта бойы қала мен ауданға қарасты ауылдарда орналасқан аса маңызды инфрақұрылымдар мен әлеуметтік маңызы зор мекемелерді арнайы топпен бірге аралап, тиісінше ел мүддесі үшін кезек күттірмейтін мәселелер мен атқарылар істі жедел қолға алып, белгіленген мерзімде ойдағыдай аяқталуын жіті қадағалауды жоспарлауда. Әуелгі жұмысты Талғар қаласын толық аралаудан бастаған аудан басшысы арнайы жұмыс тобын құрды. Топтың құрамында аудан әкімінің орынбасарлары Хайдар Әлиханұлы, Ахмет Әшімахұн, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бө­лімінің басшысы Асқар Асқарұлы, Талғар қаласының әкімі Талғат Нұрмолдаев, қоғам белсендісі Клара Хасанова сынды азаматтармен қатар газет тілшілері де бірлесе жұмыс жасауда.

Алматы облысы бойынша Талғар ауданы өте үлкен аумақты қамтитын және халқы тығыз орналасқан, әрі көп ұлтты аудан екені белгілі. Алып шаhар Алматының іргесінде орналасқанымен инфрақұрылымы жағынан да кенжелеп қалғаны жасырын емес. Алайда қалаға жан бітіп, өзекті мәселелер біртіндеп қолға алынып, жолға қойылып, көші түзеле бастағанын да айта кетуіміз керек. Мәселен, «Жұмыспен қамту жол картасы-2020» бағдарламасы арқылы тек Талғар қаласы бойынша 518 мил­лион тг бөлініп, оған жалпы ұзындығы 13,69 км құрайтын 21 көшеге жаңадан тас жол төселуде. Сонымен қатар мердігер компаниялардың міндетіне берілген 64 аулада ойын алаңдарын салумен қатар, абаттандыру және жарықтандыру жұмыстары жүргізілуде. Мұнымен жұмыс тоқтап қалмайтыны анық, алдағы уақытта атқарар іс те аз емес. Осыған байланысты ел ішінде шешімін күтіп тұрған мәселелер де шаш етектен екені айтпаса да түсінікті. Тек бәрі біржолда, дереу бола қоймады деген шыдамсыздықты қоя тұрып, «Бірлік бар жерде тірлік бар» екенін білетін есті халықпыз ғой, жаңа келген әкімнің жұмыс жасауына мүмкіндік беріп, қолдау көрсетіп, ел үшін атқарылар істерді бірлесе отырып, бірлікпен жасаған жөн.

Сонымен қайда бардық, кімдермен кездесіп, не көрдік, тұрғындар тарапынан қандай шағымдар түсті, қандай тапсырмалар берілді, алдағы уақытта қандай мәселелер қалай шешім таппақ деген сияқты сұрақтарға тоқталайық.

Д.А. Қонаев көшесіндегі аулалардың жұмысы екі аптада аяқтала ма?

Тамыздың 25-і күнгі жоспар бойынша алдымен Д.Қонаев көшесін бойлай ақ шаңға айналған борпылдақ топырақты жаяулата бұрқыратып жүріп, онда орналасқан көпқабатты тұрғын үй кешендерінің бесеуінің ауласында «Жұмыспен қамту жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында атқарылып жатқан істермен таныстық. Арнайы жұмыс тобын аулаларды толығымен жөндеуден өткізіп, қысқа мерзімде тапсыруға міндет алған, 55 жұмысшысы бар мердігер компанияның жауапты қызметкері Рахымжан Нәріпжанұлы қарсы алды. Жұмыс барысымен таныстыра келе, кейбір қураған ағаштарды кесуге тұрғындар тарапынан кедергілерге ұшырап отырғанын айтқан мердігер компания өкілі кейде олардың орынсыз талаптар қоятынын, сөйтіп осындай келіспеушіліктің кесірінен алдағы екі аптаның ішінде тапсырылуы тиіс жұмыстың да кешеуілдеп тұрғанын жеткізді. Алайда аумағы ат шаптырымдай болатын әр аулада бірді-екілі техника және 3-4-тен жұмысшы жүр. Шыны керек, бұзылуы оңай болғанымен, түзелуі қиын дүние ғой. Қорыс-қопасы шығып жатқан аулалардан айналасы екі аптаның ішінде ел игілігіне тапсырылуға тиісті жоспарлы жұмыстардың толық аяқталып, жарықтандыру жұмыстары бітіп, дайын болатын ойын алаңдарын көре алмадық. Өйткені жұмыс күші тым аз, ал жұмыс көлемі өте ауқымды. Дегенмен, әуелі Құдайға, сосын мердігер компанияның және оның қосалқы мердігері мен жұмысшыларына сенім арттық. Көзге көрініп тұрған кемшіліктерді тезарада жойып, ойын алаңдарын уақтылы аяқтап, жарықтандыру жұмысын жоспарлы межеде бітіру үшін аудан әкімі Серікжан Қазиұлы мердігерге бітқатар нақты тапсырмалар беріп, жұмыс барысын жеке қадағалауға алатынын айтты.

Аталмыш ауланың тұрғындары Бейсенова Надежданың ауладағы бұтақтары түбінен сынып, құлауға шақ тұрған ағаштарды отап тастау және Елена Тимофеевнаның тұрғындардың көлігіне арналған автотұрақ салу туралы өтініші де жерде қалмады. Мәселен, «қажетті қаражатты толығымен алған соң, жұмыс та соған лайықты бас-аяғы бүтін және уақытымен аяқталуы қажет. Ескіріп, құлауға шақ тұрған кәрі ағаштарды отап, басқа ағаштардың ескі және бетімен өскен бұтақтарын кесу керек. Оған рұқсат береміз. Тұрғындар да жұмысқа кедергі келтірмегені жөн. Жұмыс жүріп жатқанда тұрғындардың қауіпсіздігі басты назарда болуы шарт. Олардың да орынды талаптары ескеріліп, бірлесе жұмыс атқарылсын. Аулаға қажетті материалдардың сапалы болуын басты назарға алып, ескі қоршауларды түгел ауыстырып, қосымша тағы екі ойын алаңын салу керек. Өйткені бөлінген қаржы осы жұмыстарға толығымен жетеді» дей келе, аудан әкімі ойын алаңдарында орнатылатын демалуға арналған қалқалардың тым кішкене екенін ескертіп, жұмысшылар мен техниканы көбейтіп, жұмысты жеделдету керек екенін ерекше атап өтті. Осы орайда қала әкімі Талғат Нұрмолдаевқа да шұғыл түрде ағаш кесу бригадаларын құрып, қала бойынша тазалық жұмыстарын жүргізу қажеттілігі және аулаларда орналасқан қала көркіне нұқсан келтіріп тұрған басы артық ескі нысандарды алып тастауды тапсырды. Қоғам белсенділеріне де жұмыс барысын үнемі назарда ұстауды ескертті.

Қашқари көшесінде құрылысы басталған, бірақ аяқсыз қалған көпқабапты мектеп нысанының мәселесі бұзылумен шешілетіні айтылды. Өйткені қаңқасы ғана тұрғызылған нысанның айналасына тұрғын үйлер салынып кеткен және аумағы өте тар, мемлекеттік талаптарға сай емес. Оның үстіне қаңырап тұрған құрылыс бұзақылар мен маскүнем қаңғыбастардың тұрақты мекеніне айналған. Көзге қораш қана емес, қорқынышты көрінген бір дүние осы болды… Айналасы да ластанып кеткен, бейберекет өскен арамшөптің астында қалған нысанның сол маңайдағы тұрғындар өмірі үшін де өте қауіпті екені айтпаса да түсінікті жайт. Сондықтан қысқа мерзімде сүрілетін болды.

Аудандық орталық ауруханадағы ахуал қандай?

Осыдан кейін жоспар бойынша ат басын Талғар аудандық орталық ауруханасына бұрдық. Мұнда жұмыс тобын аурухананың МКК директоры Құлсейітов Нұрлан бастаған Нұргүл Нұрмұханбетқызы, Қайрат Исабаев, Гүлнара Жақыпова, Айнаш Нұрғалиева сынды білікті мамандар қарсы алды. Ауруханаға қатысты жалпы жағдаймен таныса келе бірнеше бөлімді аралап шықтық.

Әлемнің есін шығарған пандемияның елдегі ахуалға да кесірі тигені анық. Аудан бойынша ашылған уақытша емдеу орталықтарының жұмыс барысымен Гүлнара Жақыпова таныстырды. Айтуынша, 80 орынға арналған Панфилов аулындағы орталықта қазір 6 адам ем қабылдап жатқан көрінеді. Қазіргі уақытта орталық қайта жасақталып, арнайы жөндеу, өңдеу жұмыстары жүргізілген. Ендігі жерде ол екінші деңгейлі инфекциялық ауруларды емдеу орталығына айналады. Тазалау жұмыстары толық аяқталысымен аурухана қызметкерлері қалыпты қызмет көрсету үрдісіне көшеді. Сонымен қатар пандемия кезінде аудандық ауруханада ашылған уақытша емдеу орталығына берілген бөлмелер толық өңдеуден өтіп, жөндеу жұмыстары жасалып, қайта жабдықталып, қалыпты жұмыс жағдайына ауыстырылған.

Біз алдымен бас сұққан «Физиотерапия» бөлімі науқастарды оңалтуға арналған жаттығу құралдарымен жабдықталған. Жаңадан алынған америкалық рентген аппаратында аяғы ауырған науқасқа қызмет көрсетіліп жатты. «Қарқынды терапия» бөлімінің жұмысы да өз қалыбына сай жүріп жатқанына көз жеткіздік. «Гинекология» бөлімімен толық таныстық. Карантин кезінде жағдайдың күрделілігіне байланысты аудан тұрғындарына ғана емес, алматылық аналарға да қызмет көрсетілгені тілге тиек етілді. «Әрбір 3 ай сайын ротация жасалып тұратындықтан мұндағы мамандардың барлығы қай бөлімде жұмыс жасаса да біліктілік таныта алады. Өйткені мұнда салғырттыққа жол жоқ. Барлық дәрігер бәрін білуге міндетті. Қазіргі уақытта қажетті құралдар мен аппараттарға деген мұқтаждық жоқ. Қиын кезде ел азаматтары қолдарынан келгенше қолдау көрсетті. Оларға айтар алғысымыз шексіз. Жалпы, біз – дәрігерлер ел­дің қолдауы мен махаббатын шын сезін­дік, көзбен көрдік. Барлық қиындықтарды елмен бірге көтеріп, аянбай еткен еңбектің арқасында кез келген қиындықты жеңетінімізге сенеміз!» – деп ағынан жарылған Нұргүл Нұрмұханбетқызы бөлімге қатысты бірталай ақпарлармен бөлісті. Қазіргі уақытта аудандық аурухананың 35 орындық уақытша емдеу бөлімінде «COVID-19» сырқатымен ауырған 19 ғана науқастың ем алып жатқаны айтылды. Әр 50 метр сайын шұғыл жағдайларға арналған дәрі-дәрмектер мен құралдарға толы қораптар қойылған. Екі бірдей толық жабдықталған ота жасау бөлімі жұмыс істеп тұр, онда Руслан Дүйсекеев, Айдос Төлеуғалиұлы, Мураджан Хурбанкулов сынды білікті хирургтер тынбай еңбек етуде.

«Қан құю» бөлімінің жұмысы қашанда шұғыл жағдайда іске асатыны белгілі. Қанның дұрыс сақталуы да науқас оңалуының бірден-бір себебі екенін ескерсек, оның да арнайы тоңазытқышта сақталуы шарт. Керек кезде қажетті қан топтарына деген тапшылық жоқ, үнемі толықтырылып отырады. Арнаулы тоңазытқышта топ-тобымен сақтаулы тұрған қанға толы дорбаларды көріп ешкімге керек қылмаса, ешкім ауырмаса екен деген тілекте болдық. Қажеттілік туындағанда науқастың қай қан тобынан екендігіне қарамастан жедел түрде қажетті мөлшерде қан құйылып, көмек көрсетілетінін атап өткен медбикелердің де жұмысы қауырт, әрі қиын.

Алайда дәрігерлердің де әкімге айтар өтініші жоқ емес. Мәселен, Нұрлан Құлсейітов пандемияның кезінде зәрулік тудырған оттегі баллондарының бар-жоғы 80 данасын ғана әлі күнге дейін Алматыдан тасып отырғанын жеткізді. Ал Гүлнара Жақыпова ауруханамен тікелей байланысы болғанымен, қызметі бөлек Талғар аудандық медициналық әлеуметтік сараптау комиссиясы аталмыш ауруханада бөлме жалдап отырғанын, оларға бөлек орын керек екенін атап өтті. Өз кезегінде аудан әкімі де орынбасары Ахмет Әшімахұнға алдағы уақытта кезек күттірмей шешілуге тиісті осы мәселелерді жеке бақылауына алып, облыстық басқармаға арнайы тапсырыс жасауға тапсырма беріп, жұмыс барысын дереу бақылауға алуды ескертті.

Ақ халатты абзал жандардың еткен еңбек, төккен терінің өтеуі жоқ екенін білеміз. Бұл, әсіресе, дүние дүрбелеңге толған шақта ерекше байқалды. Бейбіт күннің батырларына деген алғысымыз шексіз, істеріне сәттілік тілеп, қашанда тек тілекші екенімізді жеткізіп Халыққа қызмет көрсету орталығына бет алдық.

ХҚКО-да халық нөпірі көрінбейді

Халыққа қызмет көрсету орталығына келгенде көргеніміз халықтың «COVID-19» «күйретіп кеткен» үйреншікті әдеттен арылып, қаптасқан жағдайға байланысты жаңа тәртіпке барынша бейімделе бастағаны болды. Бұрынғыдай иін тірескен кезек пен кезекке таласып бет жыртысып жатқан жандарды көрмедік. Бетпердесін таққан жұрт өз кезегімен қызметін алып, кезегі келмегені арақашықтық сақталған орындарда күтіп отыр. Бізді басшылықтың кезекті еңбек демалысында болуына байланысты орынбасар Медет Ерболатұлы Қозыбаев қарсы алып, ХҚКО-ның жұмыс барысымен таныстырды. Қазір барлық құжаттардың электрондануына және кез келген уақытта интернеті бар аумақта тұрып қажетті құжатты алудың мүмкіндігі артуына байланысты мұнда бұрынғыдай сабылып келіп, сарсылып күтіп отырған халық нөпірі жоқ. Көбі мұнда келмей-ақ құжатын рәсімдеп алып жатса, келгендерге тек алдын ала тапсырыспен алған кезектері бойынша қызмет көрсетілуде.

Қалыпты жұмыс режіміне қашан көшесіздер және қандай жоспарларыңыз бар? – деп сұрағанымызда Медет Ерболатұлы:

– Бұрын күніне кем дегенде 1250-ден 1700-ге дейінгі халыққа қызмет көрсететін болсақ, қазір алдын ала тапсырыс берілген кезек бойынша күніне 600-700 ғана адамға қызмет етудеміз. Жаңа тәртіпке байланысты қызмет көрсетудің қиындығы да біршама жеңілдеді. Алдағы уақытта да осы үрдісті сақтау көзделіп отыр, себебі, электронды қызмет көрсетудің маңыздылығы артып, халық та оны жақсы қабылдап, жаппай қолданып жатыр. Сондықтан қалыпты жұмыс режіміне көшкен кезде де бұрынғыдай халық нөпірі болмайды деген сенімдеміз, — деп сөз қайырды.

Расында, у-шу болып жататын мекемеде тыныштық сақталып, жұмыс үрдісі талапқа сай жаңа тәртіппен жүргізіліп жатыр. Күн суытса ғимараттың ішіндегі күту залдары іске толық қосылып, жұмыс бабымен келген халықтың да қамы жасалады. Тек уақыт талабы болғандықтан қай кезде де өзі үшін біліп алуы керек дүниелерге халық салғырт қарамаса екен деген тілек бар. Өйткені үйде отырып-ақ ала беруге болатын анықтамалар үшін ХҚКО-на жүгіре беретін уақыт өтті. Әр үйде интернет жоқ деген күннің өзінде, әркімнің қолында төрткүл дүниені уысына сыйдырған смартфон деген «құдіреттің» бары анық. Сондықтан қолда бар мүмкіндікті кеңінен пайдаланып, сонша ақшаға алған телефоныңызды тек қана әлеуметтік желілерге кіріп, сурет көріп, телефон соғу үшін ғана емес, үкіметтің ел игілігі үшін жасап жатқан қызметтерінде қажетінше пайдалана алатындай толық кәдеге жаратқан абзал.

Мұнда да бәрі мақтаулы дей алмаймыз. Көргенімізді айтуға міндеттіміз. Әкімнің көзіне бірден түскені – ХҚКО алдындағы тозығы жеткен тас саты мен мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған қиғаш жолдың талапқа сай болмауы, антисептикалық құрал болғанымен, келушілердің ыстығын өлшейтін термометрдің жоқтығы болды. Кемшіліктерді дереу жойып, шұғыл шаралар қабылдауға тапсырма беріп, жеке бақылауға алатынын айтты.

«Талғар су құбырына» ат басын тіредік

Осыдан кейін «Талғар су құбыры» мекемесінің де жұмысымен таныстық. Қазір қаланы сумен қамтамасыз етіп отырған ішкі шартты диаметрі 300 және 500 мм болатын құбырлар қалыпты жұмыс жасауда. Алдағы уақытта 500 мм-лік құбырдың жуықта ауыстырылатынын және 300 мм-лік құбырдың тазаланатынын жеткізген бас инженер Кеңес Қинаятұлы суды өте тереңнен бұрғылау арқылы алатындықтан, қазіргі кезде 5 бұрғылау қондырғысы үздіксіз жұмыс жасап тұрғанын айта келе, алдағы уақытта қала тұрғындарының ауыз судан тапшылық көрмейтіндерін жеткізді. Ұңғымалардың барлығы талапқа сай жұмыс істеп тұр. Мекеме зертханасындағы зертханашы қыз әп-сәтте құбырдан алынған судың құрамына арнайы аппаратпен талдау жасап, көзімізше ауыз судың қалыпты талапқа сай екенін көрсетті. Жайқалған баулы, таза ауалы тау бөктерінде орналасқан стратегиялық нысан туралы ашалап айтуға болмайтын дүниелер бар болғандықтан, көргенімізді баяндауды осымен доғарайық. Жалпы, Талғар қаласы тұрғындарының ауыз суы мен оның құрамы жайлы мәселеге алаңдауына негіз жоқ екенін атап өтпекпіз. Ал жеке аулалардағы құрылыс жұмыстарына байланысты туындаған мә­селелер болса әкімнің қабылдауына жазылып, мәселелеріңізді біріккен тәртіппен шешуге кеңес береміз.

Аудан әкімі мекеме қызметкерлерімен қоштасып жатқанда осымен бүгінгі жұмыс тәмамдалды екен деп біз де елмен қатар «сау болыңыз» десіп жамырасып жатсақ, «жоқ, сіздер осында қалмайсыздар және әлі қайтпайсыздар, бірге жүреміз» деп жымиғанда бәріміздің де езуімізге күлкі үйірілді. Күні бойғы митың жүрістен шаршап тұрғанда аздап болса да бір серпіліп қалдық. Сонымен мекеме жұмысшыларымен күле қоштасып, өзара қол ұстасып Менделеев көшесіндегі мердігерлерге де жеттік.

Менделеев көшесіне де мән беру керек

«Жұмыспен қамту жол картасы – 2020» бағдарламасы бойынша бұл жердегі аулалардың жұмысын жандандыруды «Казлюкстрой» компаниясы мойнына алған. Өздеріне тиесілі 11 аулаға жөндеу жұмыстарын жүргізіп, әрқайсысына балаларға арналған 2-3 ойын алаңын салмақ көрінеді. Жоспар бойынша жұмыстың 26 қарашада аяқталатынын айтқан аталмыш компанияның жауапты қызметкері Нұрлан Құрманғалиұлына шұғыл тапсырма беріліп, жұмыс барысын бақылау мен қадағалау аудан әкімінің орынбасары Хайдар Әлиханұлы мен қоғам белсендісі Клара Хасановаға жүктелді. Алайда аудан әкімін елең еткізген мәселе осы жерде туындады. «Жұмысты қарашада емес, қазанда аяқтайсыздар. Күн суытып, қар жауып қалғанда жұмыс істеу мүмкін емес екенін жақсы білесіздер. Ол кезде жүргізілген жұмыстардың да сапасы болмайды. Қар басып қалған уақытта балалар мұнда асыр сап ойнауы керек», – деп шорт кесті. Дер кезінде қабылданған шұғыл шешімнің дұрыстығына шүбәміз жоқ. Ендігі мәселе мердігер компанияның жауапкершілігіне жүктелді. «Уәде – Құдай сөзі» деген қазақпыз, мердігер компанияның да уәдеде тұратынына сенім білдіреміз.

Аудан әкімі Серікжан Қазиұлы елді аралап жүр дегенді естіген жұрт мұң-мұқтажын айту­ға жиналып күтіп жүр екен. Жиналған жұрт­пен де реті келгенде кезек-кезегімен сөйлескен әкімнің қала әкімі мен орынбасарына және мердігер компанияға берген тапсырмалары мен шешімдері мынадай болды:
1. Аталмыш көшедегі 17 үй тұрғындарының шағымы 3 күн ішінде қаралып, ол жердегі заңсыз автотұрақтың жұмысына тыйым салынсын;
2. Үйлердің арасын түнемелге айналды­рып, тұрғындардың тынышын алып, өмір­леріне қауіп төндіретін қаңғыбастардан арылтып, бейсауат иттерді аулау керек;
3. Қоқыс жәшіктерін сырлап, айналасын жинап, жауапты мекеменің нақты жұмыс­тармен айналысуын қадағалау;
4. 17 және 15 үйдің арасына электр жүйесін жүргізген мекеменің міндетті жұмыстарын дұрыс атқармай, аяқсыз қалдырған жауапсыздығына шара қолданып, олар өз кезегінде аяқсыз қалдырып кеткен жұмыстарын бітіруін талап ету керек;
5. Мердігер компанияға қазіргі жоспар­лаған жұмысы аяқталған соң, ойын алаң­дарынан басқа, аула тұрғындарының сұрауы бойынша футбол алаңын салуды қоса тапсырды.
Өтініші жерде қалмай, мәселесі көз бе көз шешілген жұрт әкімге алғысын айтып, ісіне сәттілік тілеп, көңілді тарқасып жатты. Сонымен бір күнгі жоспардың мәресіне жетіп, кешқұрым бір-бірімізбен жылы қоштасып біз де қайттық.

Кінәсіз болсаңыз да жөнсіз кінәлі болып көрдіңіз бе?

Бағанадан көргенімізді айттық. Енді көкейге түйгенімізді жеткізетін уақыт болды.
Дұрыс, ел ішінде қордаланған мәселе аз емес. Тұрғындардың ортақ және жеке мәселелерін басшыға жеткізіп, өз кезегінде басшы да көтерілген мәселені дер кезінде шешуге міндетті. Осыған байланысты ел мәселесін көзбен көріп, құлақпен естіп, тұрғындармен тілдесу үшін аудан әкімі арнайы жұмыс тобымен ел ішін апта бойы араламақшы. Мүмкін талайдан бері түйіні шешілмей жүрген түйткіл, жеткізе алмай жүрген ой, айта алмай жүрген пікіріңіз бар шығар. Бірақ соны айқай-сүреңсіз, ашу-ызасыз адами тұрғыда, айтарларыңызды жүйелеп, ұғынықты қылып жинақтап, жұптап, бір аула тұрғындарының мәселесі болса бірлесіп, өтініштеріңізді жазбаша болса да жеткізсеңіздер жерде қалмайтыны анық. «Сырт көз сыншы» ғой қашанда, ешкімді көзге ілмей, елдің төбесінен төмен қарап, елді менсінбей тұрған әкімді көрмедік. Уақыттың тығыздығына қарамай кездесуге келгеннің бәрімен жылы сөйлесіп, асықпай тыңдап, реті келсе дереу мәселесін шешіп жатты. Күні бойы бірге жүргенде бірінің уәжіне тоқтап, бірінің мұңын тыңдап, мұқтажын естіп, кейбір мәселенің шешімін дереу тапқанына да куә болдық. Бірақ кесіп-пішіп айтар келелі мәселесі болмаса да, әйтеуір әкім келді, айқайлап алайықтың кебін киіп, болсын-болмасын зіркілдегенді де көзбен көргенімізді айтпасқа болмас. Көпке топырақ шашудан аулақпыз, дегенмен көрген жерде бас салып айқайламай, жайлап сөйлеп, жаймен шеше салатын дүниелерді де таудан тас қопарғандай қылып байбаламдап жататындардың аз емес екені шындық. Әкім де ең әуелі – адам. Оның алдында жағымпазданып бүгежектеудің де, болмаса қорқып бұғып қалудың да, айқайлап тасыраңдаудың да қажеті жоқ. Қазақта «Әркім – сыйласқанның құлы» деген жақсы сөз бар ғой, сондықтан адам ретінде жай ғана ұғысуға, сөйлесуге, талап-тілектеріңізді айтып, пікірлесуге болады. Адамдардың шен-шекпеніне қарамай, бір-бірімен салмақты, салиқалы қарым-қатынас жасауына қай кезде де сезімдерін дұрыс басқара алмай шектен шығу кедергі болтынына тағы бір мәрте көз жетті…

Күні бойы қала ішін аралағанда ең алдымен көзге түсіп, «мен мұндалаған» мәселе – қоқысты қалай болса солай кез келген жерге тастау. Оның ішінде аурудан сақтану үшін тағылған түрлі бетпердені көрінген жерге лақтыру да бар. Осының бәрі мәдениеттің жоқтығынан демеске шара жоқ. «Қайда барсаңда Қорқыттың көрі» дегендей, аулалар мен көшелерде шашылып жатқан қоқыстан көз сүрінеді. Көрінген жерде лақтырылған бетперделер жатыр. Талғар қаласында Қазпоштаның алдындағы арықта бетперделермен ойнап отырған қызды көргенде жүрегім ұшты. Шырылдап барып арықтан тартып шығарып, дедектетіп әкесіне апарып бердім. Аудан әкімшілігінің қарама-қарсысындағы сасыған су толған арықта да бетперде толып жатыр. Ешкімнің жүрген-тұрған жеріне вирус жұқпаған, жаңа бетперде тастап кетпейтіні тағы анық. Көшелердің барлық жерінен шашылып жатқан берпердені барлығыңыз көріп жүрсіздер. Айналайындар-ау, бәріңіздің де балаларыңыз, немерелеріңіз, бауырларыңыз бар ғой. Өзіңіз сақтық үшін таққан екенсіз, енді соны көшеге лақтырып, біреудің ес білмейтін баласын ауру қылуыңыз керек пе?! Ойлап қараңызшы, ертең сіздің кішкентайыңыз солай ойнап жүрмейтініне кепілдік жоқ қой.

Көшеде шашылған қоқыс өз алдына, ендігі айтар мәселе, көзге қораш, көңілге оғаш, орынсыз дүниелердің бірі – аулалардағы қоқыс жәшіктерінің толып тұрмаса да, айналасы шашылып, ауланы алған сасық иістің қолқаны қапқаны, аяқ алып жүргісіз болуы. Бүкіл қоқысты айналаға шашып тастап, оған қаңғыбас иттер мен арасынан қалдық тамақ іздеген масқүнемдердің де жиналуының басты себептерінің бірі — көбіне тұрғындардың өздері екенін мойындау керек. Қалт еткен қалтарыстың бәрінде қылт-қылт етіп жүрген иттер мен топ-топ болып жиналған маскүнем қаңғыбастар. Ал олардың адам өміріне төндіретін қауіп-қатерін айтып тауыса алмасымыз анық. Тазалық жоқ жерге жын-шайтан үймелейтінін білетін елдің неге тазалық сақтамайтыны да үлкен сұрақ күйінде көкейде қалды. Бір сәт ой жүгіртіп көріңізші, қарыс жердегі жәшікке қоқысты тастауды үйренбесеңіз, балаңызға үйретпесеңіз әкімнен көше тазалығын талап етіп, жауап алуға хақыңыз бар ма? Ал сіздердің жауапсыздық танытып қалай болса солай лақтырып, көше қалтарыстарына, ашық даладағы ағаштар арасына апарып төгіп кеткен қоқыстарыңыз үшін қала әкімінің аудан әкімінен қанша сөгіс алғанын білмейсіз де ғой… Сондықтан тұрғындарға бір сұрақ. Сіз кінәсіз болсаңыз да, біреудің жаман қылығы үшін кінәлі болып көрдіңіз бе?!

Ендеше, басшыға орынды талап-тілек айтудың жөні бір басқа, ал орынсыз жағаға жармасудың парқы бір басқа екенін білген абзал. Бұл жерде әкімді мақтап, халықты даттайық деген ойымыз жоқ. Тек жай ғана қоқыс тастау мен бетперде тағудың да мәдениетін меңгермеген адамдардың жауапсыздығын тілге тиек еттік. Кең ойлап, терең толғап, қорытынды жасауды өзіңізге қалдырдық, патша көңілді оқырман!

Жанбота Сұлтанмұратқызы,
тілші.