Дәріхана жұмысы жүйелі

Дәріхана жұмысы жүйелі

Күннен күнге Covid  тұмауы төңірегіндегі түйткілдің көбейгенін көз көруде. Көтерілген мәселелерді шешу мақсатында үкімет тарапынан көптеген шаралар жүргізілуде. Сондай уақыт күттірмес жұмыстың бірі тұмау тұмшалаған мына тұстағы дәрі-дәрмек қажеттілігін жойып, бағасын тұрақтандыру. Осыған орай өткен аптаның соңында  Алматы облысының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы Департаментінің басқарма басшысы Асқар Садықов, жергілікті атқарушы орган және қоғам белсенділерімен біріге отырып  Талғар ауданындағы бірқатар дәріханалар желісін аралап қайтқан болатын. Ондағы мақсат облыстың оңтүстік аймағына қарасты аудандардағы  дәріханалардың жұмысымен танысу,  дәрі бағасы бойынша мониторинг жүргізу.

Мониторинг тобы аудан орталығындағы «Таңғы шық», «Биосфера», «Дәріхана 24» сынды т.б дәріханалар желісінің дәрі-дәрмек қорын көзбен көріп, бағасын бақылап қайтты. Жұмыс барысында белгілі болғандай ауданымыздағы дәріханалардың үлкен бөлігінде көрсетілген соммадан дәрі бағасының аспағанын, сондай-ақ маскалар мен қолғаптар сынды медициналық құралдардан тапшылық жоқ екендігін көрсетті.  Жергілікті фармацевт мамандардың берген жауабынан ұққанымыз,  бірінші кезекте қажетті препараттар, ыстықты төмендететін, вирусқа қарсы қолданылатын дәрілер сатылымда бар. Дей тұрғанмен сол дәрілерді сарыла тосқан халықтың қарасы көп. Кезек күткен кісілердің айтуынша іздеген дәрісін табу әлі де болса қол жетімсіз болып тұрғанын айтады. Өз кезегінде мониторинг мүшелері алдымыздағы аптаның ішінде бұл мәселенің шешілетіндігін, қажетті дәрілермен толықтай жабдықталатынын жеткізді.

Мониторинг мүшелері бұдан бөлек көршілес жатқан Іле, Еңбекшіқазақ сынды аундандардың дәріханаларына да ат басын бұрған. Аталған аудандардың бірінен кассалық аппараттың ажыратылғандығы салдарынан дәрілік препараттардың фискалдық чексіз сату жағдайын анықтаған. Мұндай фактілер тиісті шаралар қабылдау үшін уәкілетті органдарға жіберілетін болады. Мониторинг тобы мүшелері салыстырмалы түрде Талғар ауданындағы дәріхана жұмысының өзге аудандарға қарағанда көш ілгері екендігін атап өтті.

Құрметті оқырман,  дәрі бағасына қатысты қандай да бір заңбұзушылық көре қалсаңыз, WhatsApp: 8 708 427 0503 және 8 702 000 24 94 нөмірлері бойынша хабарласып заңсыз әрекеттің алдын алуыңызға болады.

ТАЛҒАР-АҚПАРТ