Ана тілің – арың бұл

Ана тілің – арың бұл

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Ана тілі» газетіне берген сұхбатын мұқият оқып шықтым. Қазақстан Президенті Қ. Тоқаев мақаласының бір жерінде: «Біздің мемлекеттік тілдің жағдайын қайта-қайта көтеріп, оның мүшкіл халі туралы айта бергенімізге өзге елдер, әсіресе Орталық Азиядағы мемлекеттер түсінбей, таңданыспен қарайды», — деген пікір айтыпты. Көршілес тәжік, өзбек, қырғыз, түрікмен ұлты ғасырлар бойы ұлттың санасына селкем түсірмей, ана тілін әлпештеп келе жатқан ұлттар. Ана тілін ары мен намысы деп білетін олар ана тілінсіз өздерін тірі жанбыз деп санамайды. Итальян ойшылы Н.Маклавели:  «Ұзақ уақыт құлдықта болған халық еліне деген сүйіспеншіліктен, Отансүйгіштіктен айырылып, жалтақ, көңгіш, жағымпаз болады. Мұндай ел кездейсоқ жағдайда тәуелсіздікке қол жеткізсе, ол еркіндікті де пайдалана алмайды», — деген пікірі қазаққа келетіндей. Қазақстан елінің тәуелсіздігін жарияланғанына биыл 29 жыл толады. Әлі күнге қосарланған орыс тілі қазақ тілінің еркін көсілуіне мұрша бермей келеді. Қазақ тілінің мемлекеттік тіл болуына әрбір қазақ өз үлесін қосуы керек. Әлі күнге отбасында орыс тілінде сөйлеп, немересін орыс сыныбына беруге жанталасып жүрген «мәңгүрт» қазақтардың бар екеніне ешкім де шүбә келтірмейді. Дүниеде ешбір тіл өз-өзінен дамымайды. Тіл деген нәрсе қалың елдің күндегі тұрмыс қазанында қайнап, пісіп дүниеге келеді. Мұны әрбір қазақ білуі тиіс. «Сөздің өзі бала, тербетсе – оянады, тербетпесе – оянбайды», — деп Байдалы шешен қалай біліп айтқан?! Қасиетті Құран Кәрімде: «Өз жеріңе, өз еліңе, өз салт- дәстүріңе, өз қалыбыңа, көмейіңе салып берген ана тіліңе, жөндеп ие бола алмасаң, орныңа басқа қауым әкелеміз», — депті. Не деген құдіретті сөз. Адам – жобалайды, Құдай – жалғастырады деген сөз бар емес пе,!? Ендеше ана сүтіңізбен енген қасиетті тілімізді қор етпейік ағайын!

 

Тұрсынбек ЖАЛҒАСБАЕВ,

«Қазақ журналистикасының қайраткері» белгісінің иегері.