Талғар ауданында 1151 оқушы алтын ұясымен қоштаспақ

Талғар ауданында 1151 оқушы алтын ұясымен қоштаспақ

     Міне, тағы бір оқу жылы аяқталды. Кейбір оқушылар үшін бұл кезекті жазғы демалысына шығатын уақыт болса, мектеп бітіруші түлектер үшін жан тебірентер, қимастыққа толы ұмытылмас сәт екені белгілі. Тарыдай болып табалдырығын аттаған алтын ұяларымен таудай азамат болып қоштасып, үлкен өмірге қадам жасайтын кезеңдері. Сондықтан, еліміздің барлық мектептерінде бұл күні мектеп бітірушілер үшін соңғы қоңырау соғылатын. Ал биыл елімізде орын алған «коронавирус» пандемиясына байланысты «Соңғы қоңырау» салтанаты өзгеше форматта өтетін болады.  Бұл жаңалық көптеген бітіруші түлектің үнжұрғасын түсіргені сөзсіз. Алайда, ұрпақ саулығы мемлекетіміз үшін өте маңызды.

    Соңғы қоңырау мәселесі  оқу жылы аяқталған соң өткізілетін, мектеп ұжымы мен оқушылар қатысатын салтанатты іс-шара. Бүгінгі қашықтан оқыту кезінде мектептердегі салтанатты жиын өткізілмейтінін білім және ғылым вице-министрі Шолпан Каринова министрліктің аппарат жиынында мәлім еткен болатын. Дәл 25 мамыр күні жергілікті телеарналарда білім және ғылым министрінен бастап, облыс әкімдері балаларды оқу жылының аяқталуымен құттықтайтын болды. Сонымен қатар әр өңірде білім саласына байланысты жеткен жетістіктері, бітіруші түлектерге арналған сюжеттер, ең үздік мұғалімдерге арналған  сюжеттер, балалардың жазғы демалысына қатысты және «Мектеп-білім ордасы», «Сәт сапар, жас түлек!», «Ұстаздарға мың алғыс», «Көңілді жазғы демалыс» атты тақырыптардағы түрлі сюжеттер оқушылар мен ата-аналар назарына ұсынылатын болады. Оқушылар үшін әрбір сынып жетекшісі онлайн түрде соңғы қоңырау өткізеді. Бұл сынып сағаттарына қамқоршылық кеңес мүшелері, сол өңірлердегі беделді азаматтар, сол мектептен түлеп ұшып, бүгінде жетістікке жеткен жастар, еліміздің белді оқу орындарында білім алып жүрген мектеп түлектері, кәсіпкерлер мен мемлекеттік қызметкерлер қонаққа шақырылып оқушыларды онлайн құттықтап, ақ тілектерін арнайды. Ал мектеп бітіруші түлектер үшін «Аттестат тапсыру» мен «Соңғы қоңырау»  рәсімдері облыстық білім басқармасы белгілеген кестеге сәйкес 3-4 маусым күндері өтеді. Еліміздегі карантинге байланысты барлық санитарлық нормалар сақталынып, арнайы қонақтардың шақыруынсыз өткізу ұсынылып отыр. Игі шара мектеп ауласында, таза ауада өтуі қажет, әрі түлектер де бірыңғай мектеп формасымен келуі керек. Егер де бір мектепте бірнеше бітіруші сынып болса, онда олар жеке-жеке соңғы қоңырау рәсімін өткізеді. Әр сыныптың «Аттестат тапсыру» рәсімінің ара қашықтығы жиырма минуттан болуы тиіс. Әрі бітірушілер күні бұрын  мектеп ауласына сызылған бір жарым метрлік арақашықтық жолағының бойына арақашықтықты сақтап орналасуы қажет. Сондай-ақ бетперде (маска) киюге міндетті. Соңғы қоңырау салтанатына адамның көп жиналуына тыйым салынады. Түлектермен бірге ата-аналары (яғни екі адамнан аспауы керек) ғана қатысуына рұқсат беріледі.

   Биылғы оқу жылы ауданымызда 1151 оқушы алтын ұяларымен қоштасады. Балалық балдәуреннің бір белесін артқа тастап, үлкен өмірге қанат қаққалы отырған жас түлектер бітіру кешінде көңіл көтеріп, таң шапағын бірге қарсы алмайтын болды. Десе де, еліміздің басынан қиын күндер өткеріп жатқанын, аты жаман індеттің адам өміріне қаншалықты қауіпті екенін түсінген жастар білім саласындағы өзгерістерді оң қабылдап, тәртіпке бағынуда. Өмірдің мәні тек сәнді салтанат емес екенін ұғынып, бар ынта-ықыластарын алдағы білім сынақтарына бағыттауда.  Ең бастысы, аяулы алтын ұядан қанаттанып шыққан жас түлектердің  өмірден өз орындарын тауып, бір-бір мамандықты игеріп, өркенді еліміздің бір шетіне кірпіш болып қаланатындықтарына сеніміміз мол.

Перизат Нұрқаева,

«Талғар».