Өзекті мәселелер шешілмек

Өзекті мәселелер шешілмек

Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік комиссияның қорытынды отырысын өткізгенінен хабардар болдық. Барша жұрттың күткені еліміздегі төтенше жағдай аяқталып, амандықта күнделікті тіршілікке кірісу. Аты жаман індетті жеңіп, бейғам өмірге көшу. Президентіміз төтенше жағдай 11 мамырда аяқталатынын айтқанда болашаққа зор үмітпен қарап, жақсыға жорып, қуанып қалдық. Дегенмен, пандемия деген бір күн немесе бір айда жеңетін дерт емес екенін түсініп, сабырлық сақтап, тәртіпке бағындық. Комиссия отырысында Қасым-Жомарт Кемелұлы індеттің шарықтау шегінен өткенімізді айтты. Еліміздегі төтенше жағдай режимі аяқталғанымен індеттің толық жойылып кетпегенін, пандемияның халықтың денсаулығына әлі де қауіпті екенін тілге тиек етіп, төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік комиссияның ауқымды жұмыс атқарып жатқанын да жеткізді. Бүгіннен бастап еліміз бойынша көптеген шектеулер алынып тасталған. Үкімет жаңа санитарлық ережелерді дайындап, енгізуі қажеттігін айтып, халықтың әлі де сақтық шараларын қатаң ұстанып, әлеуметтік арақашықтықты сақтап, көпшілік жиналған жерде бетперде тағып жүруді қалыпты жағдайға айналдыру керектігін де ескертті.

   «Өздеріңізге мәлім, менің тапсырмам бойынша елімізде дағдарысқа қарсы шаралардың екі топтамасы жүзеге асырылуда. 4,5 миллионнан астам адамға 42500 теңге көлемінде қаржылай көмек көрсетілуде. 1 миллионнан астам азаматқа азық-түлік пен тұрмыстық заттар үлестірілуде. Коммуналдық төлемдердің тарифі төмендетілді. Оны төлеу үшін аса мұқтаж жандар қосымша көмек алады. 2 миллионға жуық азаматтың несие төлеу мерзімі кейінге шегерілді. Қолжетімді несие беру, көктемгі егіс науқанын жүргізу, жұмыс орындарын ашу және сақтау үшін айтарлықтай қаражат бөлінді. 700 мыңнан астам компания мен кәсіпкерлер үшін салық жүктемесі азайтылды. Сол арқылы олар 1 триллион теңгеге жуық қаржы үнемдеуге мүмкіндік алды. Жұмыс барысында олқылықтардың болғанын да мойындауымыз керек. Індет көп таралып, экономикалық мәселелер қатты ушығып кеткені рас. Соған орай, біз дер кезінде шұғыл шаралар қабылдадық. Көптеген мәселе қоғам өкілдерінің белсене қатысуы арқылы шешілді. Бұл «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын жүзеге асырудың маңызды кезеңіне айналды», — деді Мемлекет басшысы өз сөзінде.

Жуық арада өз-өзін қамтамасыз ететін экономика құрып, «Жұмыспен қамту жол картасы» бағдарламасына 1 триллион теңгеге жуық қаражат бөліп, қолжетімді тұрғын үйлер салынып, «5-10-20» атты жаңа бағдарлама енгізіліп жүзеге асатын болады. Әлеуметтік әділдікті қалыптастыру үшін айлық жалақы мен басқа да табыс көздерінен табыс салығының жеке шкаласын анықтап, ұлттық кәсіпкерлікті қолдауға байланысты да тапсырмалар берді. Шет елдік капитал үшін бәсекелестікті күшейтуге әрбір капитал иелерімен тікелей жұмыс жасау керектігін, бизнестің тұрақтылығын қамтамасыз етіп, жұмыс орындарын сақтап қалу керектігіне жеке-жеке тоқталып, елімізде дағдарыстың алдын алу шараларын күшейту мәселесін көтерді. Сөз соңында Түркістан облысындағы Мақтаарал ауданындағы су тасқыны жайлы да сөз қозғап, зардап шеккен отбасыларына мемлекет тарапынан көмек жасалатынын айтып, көмектерін ұсынып жатқан жомарт жүректі азаматтарға алғысын білдірді. Бүгінде күрделі кезеңді басынан өткеріп жатқан халқымызды сабырға шақырып, бұл қиындықты да еңсеретінімізді айтты. Мемлекет басшысы халқының қамы үшін қолынан келгенін аянып жатқан жоқ. Карантиннен кейінгі күніміз үшін де шешім қабылдап жатыр. Елімізді дағдарысқа ұшыратпай, нық тұрғызып кетудің жолдарын ұсынып жатыр. Президентімізге сенім артсақ, жүктеген міндеттерін тайсалмай орындасақ еңсерілмейтін қиындық жоқ екені рас.

                         Айбаршын Қыдырбаева,

№13 орта мектептің ұстазы.