Бұл індет бізге үлкен жауапкершілік жүктеді

Бұл індет бізге үлкен жауапкершілік жүктеді

    Қазақ елі, қазақ даласы әлемді жайлаған үлкен індеттің алдын алып, күресуде. Бұл мәселе мемлекет пен бұқара халықтың алдындағы басты  әрі өзекті мәселеге айналды. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы «COVID 19» деп аталатын бұл індетті пандемия деп жариялағаннан кейін мемлекет басшылығы елімізде төтенше жағдай режимін жариялады.

     Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың «Қазақ халқы ауыр кезеңдерді бастан өткерді. Бұл сынақты да ұлт болып еңсереміз» деген Үндеуі   қазақ елінің рухын көтеріп, бірлікке жұмылдырды.

    Әлемде, елімізде болып  жатқан короновирус пандамиясын тоқтату мақсатында мемлекет тарапынан  көптеген шаралар қолға алынды. Сондай саланың бірі — білім саласы. Еліміздегі мектептер мен жоғарғы оқу орындары қашықтықтан оқыту процесіне көшті.Осындай жауапты кезеңде төтенше жағдайға байланысты қашықтықтан оқыту  шарасын қолдап, «Облыстық санаториялық үлгідегі мектеп–интернат» ұжымы да оқытудың жаңа құралдары мен ақпараттық технологияларды пайдаланып жұмыс жасауда. Қашықтықтан оқыту дегеніміз — мұғалім мен оқушы арасында қандай да қашықтықта интернет ресурстарының сүйемелдеуімен өтілетін оқытудың формасы, интернет желілерінің көмегімен белгілі бір арақашықтықта оқыту.

    Білім және Ғылым министрі Асхат Аймағамбетов  «Біз осындай жағдайға тап болған басқа елдердің тәжірибесін алдын ала зерделедік. Іс жүзінде олардың барлығы қашықтан оқу режиміне көшкен: бүкіл әлем бойынша 870 миллионнан астам оқушы осындай форматта білім алуда» деп бұл процесстің әлемдік және өркениеттік қыры екенін көрсетті.  Қашықтықтан оқыту процесінде  ұстаздарға бірнеше әдістер ұсынылды.

    Біріншіден, теледидар арқылы сабақ өткізу. Бұл – тіптен жаңа формат. «Балапан» және «Ел Арна» телеарналары бізге өздерінің эфирлік уақытын ұсынып, «Bilim Land» орталығының қысқа әрі анық бағдарламасын орта білім алушы шәкірттеріміз  қолдануда.

   Екіншіден, арнайы мамандандырылған интернет-платформалары арқылы өткізілетін сабақтар. Бұл  жүйелер  біздің оқушыларымызға өткен сабақты немесе бұрын талқыланған тақырыпты қайта қарауға, сондай-ақ онлайн-сабақ өткізуге, кері байланыс орнатуға өте тиімді болып отыр.

     Үшіншіден, мектеп-интернатымыздың  шалғайда орналасқан ауыл-аймақтарда  тұратын  оқушысы  да білім алу процессінен қол үзбеді. Арнайы қашықтықтан оқытудың тағы бір тың түрі «ҚазПочта» секілді үлкен жүйенің арқасында білім алушыларға ұстаздар тарапынан тапсырмалары жіберілуде.

Бастапқы кезде қиындықтардың болғаны да рас, дегенмен біздің  мектеп- интернат ұстаздары қашан да өздерінің қажыр-қайраты мен жауапкершілік сезімдерінің арқасында жаңа жағдайға бейімделіп, бұл қиыншылықты да жеңіп келеді. Педагогикалық ізденісі мол, қазіргі заман талабына сай білім беруде. Бұл жағдай бізге үлкен жауапкершілік жүктеді.

    Қашықтықтан оқытудың басқа оқыту түрлеріне қарағанда өз артықшылықтары да  бар.  Мұғалімнің біліктілігін көтереді . Оған дәлел, бүгінде үйде отырып-ақ кез-келген жерде, кез-келген мерзімде  жазылған дәрісті тыңдап, онлайн- семинар, вебинарға қатысып, ат салысып, тәжірибе алмасудамыз.

     Осындай сын сағаттарда, оқушылар мен ұстаз арсындағы байланыс үзіліп қалған, алшақтаған сәтте ұстаздарға, оқушыларға қолдау көрсетіп отырған мектеп-интернат басшысы  Абдибеков Қайрат Айтбекұлына, мектеп әкімшілігіне   алғысымыз шексіз! Қашықтан оқыту — бұл мұғалімнің біліктілігін көтерді, оқушының өз бетімен білім алуын қалыптастырды, ата-аналардың жаңа технологияға деген көзқарасын өзгертті.

БІЗ БІРГЕМІЗ! БАР  ҚИЫНДЫҚТЫ  БІРГЕ ЕҢСЕРЕМІЗ!

Күлпархан ҚАБАЕВА,

облыстық санаториялық үлгідегі мектеп-интернатының

қазақ тілі мен әдебиет пәнінің мұғалімі.