Індетпен күресу баршаға міндет

Індетпен күресу баршаға міндет

Бүкіл әлемді алаңдатып отырған коронавирус бүгінде ел ішіне аса қауіп төндіріп,халықтың берекесін қашырды. Күншығыс елінен басталған бұл вируспен күресуге еліміз жақсы дайындық жасаған болатын. Соның арқасында аты жаман дерттің қаулап кетуіне жол берілмей отыр. Бір жақсысы жұртшылық та аурудың алдын алып, сақтану шараларын ұстануға тез қалыптасты.Мемлекет басшысы елімізде төтенше жағдай жариялап, халық саулығын сақтап қалу үшін құқық қорғау органдары, дәрігерлер, эпидемиологтар мен мемлекеттік қызметкерлерді жұмылдырды. Ел-жұртты тәртіпке бағындырып, үйде отыруын қадағалады. Десе де жаман індетті жұқтырған азаматтар саны да күн санап өсті.
Бүгін елге үндеуін арнаған Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев төтенше жағдай режимінің 11 мамыр күні аяқталатынын мәлімдеді. Десек те сақтық шараларын тоқтатпауды ұсынды. Өйткені коронавирус толығымен жойылған жоқ. Санитарлық нормалар сақталмаса кез келген уақытта қайта өршуі мүмкін. Мен мемлекет басшысының айтқанымен толық келісемін. Сақтықта қорлық жоқ. Жұмыс басталып, кәсіпорындар, халыққа қызмет көрсететін мекемелер жұмыс жасаған күннің өзінде адамдар көп шоғырланбай, арақашықтық сақталып, бір-бірімізге түсіністікпен қарап, сабырлы болсақ бәрі де артта қалады. Мемлекетіміз ешкімді назардан тыс қалдырып жатқан жоқ. Жұмыссыз отырған азаматтар әлеуметтік көмек алып жатыр. Талай отбасы азық-түлікпен қамтылды. Біздің ауданымызда да жомарт жандар көмегін аянып жатқан жоқ. Әкімдік, «Nur Otan» партиясы, мектептер барынша халықпен бірге болып, қолынан келгенін аянбады. Көбіне шыдап, азы қалғанда елге сабырлық тілеймін. Бірлесе білсек бәрін жеңеміз. Әр отбасы ауызбкрлікте болып, өз болашақтары үшін тәртіпке бағынса, бұл індетті де жоямыз. Бірге болайық, еліміз аман болсын! Ел амандығы үшін тер төгіп жүрген азаматтарға Алла разы болсын!

Саин Күреңбаев,

Береке ауылының тұрғыны.