Шығыстың ұлы ұстазы

Шығыстың ұлы ұстазы

Өткен сейсенбіде ауданымыздағы орталық кітапханада «Алматы облысының мемлекеттік архиві» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің Талғар филиалы ұжымының ұйымдастыруымен Әбу Насыр әл-Фарабидің туғанына – 1150 жыл толуына орай «Шығыстың ұлы ұстазы» атты дөңгелек үстел өтті. Кітапханада өткен бұл шараға ойшылдың орамды ойларын ортаға салып, өмір жолынан деректер келтірген қаламыздағы №1 орта мектебінің жоғарғы сынып оқушылары да төбе көрсетті. Жиынға келген қонақтар үшін Әбу Насыр әл-Фараби туралы мәліметтер топтастырылған қысқаша бейнематериал ұсынылды.

Аудандық кітапханада оқырмандарға қызмет көрсету бөлімінің меңгерушісі Ризвангүл Төлегенқызы өз кезегінде түркі әлеміне ортақ тұлға болған Әбу Насыр әл-Фарабидің тойы қарсаңында жарыққа шыққан көп томдық еңбектеріне қысқаша шолу жасап өтті. Және қос ойшылдың арасындағы шығармашылық үндестігін тарқата айтып, қазақтың бас ақыны болған Абай Құнанбайұлын да тілге тиек етті.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, шараның мақсаты келген қатысушыларға Аристотельден кейінгі екінші ұстазы атанған әл-Фарабидің өмірі мен еңбек жолы туралы түсінік беріп, ғұламаның жан-жақты ерекше тұлға болғандығын айтып жеткізу және шығармашылықтан үзінді келтіре отырып, мән-мағынасын ашу дейді.

Дархан МАҚСАТҰЛЫ,
«Талғар».