Жырында бар балалықтың тазалығы

Жырында бар балалықтың тазалығы

Мұң басқан көңілі жұбанышқа көнбейтін кезде шерлі жүрегін өлеңмен жұбататындар бар. Кеудедегі сағыныштың оты маздап, оған қарсы дауа іздеген жүректің еміне ақ қағаз бен көк сия көмекке келеді. Көңіл-күйін алай-дүлей қылған сондай оқиға Ақтотының да қолына қалам алдырып, ақ өлеңге табындырған. Ол кезде Ақтоты он екі жаста-тұғын.

Күндей күліп, көктемдей жарқырап жүретін асқар тауы – әкесінен аяқ астынан айрылғанда күтпеген соққы жас санасын есеңгіретіп тастаған еді. Анасы мен бауырлары бір төбе, жанарынан мейірім шуағы төгіліп, «Кенжем» деп еркелететін әке орны бір төбе еді, Ақтоты үшін. Тұла бойын бір мазасыздық билеп, әкесімен бірге жүрген сәттер санасында қайта-қайта жаңғырып, жаны тыныштық таппады. Жүрегіндегі тынымсыз ой қағазға төгілді.
…Төгейін мұң мен зарымды-ай,
Жоқсың-ау, әке, жанымда-ай.
Қайтейін менде шара жоқ,
Ажал деген залымға-ай.
…Жапырақ күзде соларда,
Қайтады құстар олар да.
Әкешім едің ерекше,
Өзіңнің орның толар ма?…
Осылайша, әкеге деген сағынышын өлеңмен басып, көңіл түкпіріндегі батпандай жүкті өлеңмен жеңілдеткен мінезі сабырлы, томаға тұйық Ақтоты ақ өлеңнің арбауына түсті де кетті. Акушева Ақтоты Берікқызының жасандылықтан ада бала көңілін поэзия сиқыры баурап ала жөнелді.

ҚОС ҚОЛДАУШЫСЫ ҚАСЫНДА

Өз мәнерімен өлең өлкесіне қанат қаққан балауса қыз шығармаларын бейсауыт жанға көрсетпей, тасада ұстады. Ақ қағазға төгілген аппақ жырларымен өзі ғана сырласып, өзі ғана мұңдасып жүрді. Дегенмен, баланың көңілін қас қағым сәттен қағып алатын анасы Рая қызының талабын байқап, қызы оқитын №34 орта мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Ұлан Наурызбекқызына оқытады. Ақынжанды ұстазы Ақтотының дүние-сарайынан төгілген жырларды оқып шығып, оң бағасын беріп, өз қамқорлығына алады.

– «Бұлақ көрсең көзін аш» деген атам қазақ. Шәкіртімнің өлеңдеріндегі бала сезімдерді өз басымнан кешкендей болдым, жалған тіршілікке балаң жанармен мұңая қараған сәтін сездім десем артық айтқандық емес. Дарынды баланың талабын ұштап, дұрыс бағыт-бағдар беруді ұстаздық парызым деп санадым. Екеуміз З.Қабдоловтың «Сөз өнері» деген кітабын оқып, ұйқас, буын, шумақ мәселелерін талдап, сол бойынша жұмыс жасадық. Әлі де солай. Үнемі өткен ғасыр әдебиетіндегі марқасқалардың өлеңдері мен қазіргі жас ақындардың шығармаларын оқуға кеңес беріп отырамын. Ғаламның күрделі табиғатын, құбылысын кішкентай өлеңнің қауызына сыйғызып жіберетін ақындар әлемін тануға өзі де құштар,- дейді жетекшісі Ұлан Манапова.

Өлеңдері республикалық «Ұлан» газеті мен «Балдырған» журналына басылып, тәй-тәйлап қазақ поэзиясына бет алған Ақтоты анасы Рая Байшықова мен жетекшісі Ұлан апайы барда оқырманын бей-жай қалдырмайтыны сөзсіз.

Мектебі — өрісі

Иә, ауданның рухани өмірінің өрістеуіне үлес қосып жүрген білім ошақтарының бірі – Қ.Әбдіғұлов атындағы №34 мектеп-гимназиясы десек, бұл білім шаңырағын басқарып отырған Зәмзәгүл Марипқызының еңбегі елеулі. Басшылықты алғанына төртінші жылға аяқ басса да мектеп-гимназияның жетістіктері мен оң нәтижелері орасан. Үш ауысыммен оқып, ғимарат тарлығы кедергі келтірсе де, оны алға тартып артта қалып көрген емес. Білім көрсеткішінің нәтижесі бойынша өткен жылы екінші орынға тұрақтаса, биылғы жылы бұл межені біріншіге көтермекке ниеттеніп-ақ отыр. 1122 оқушыны білім нәрімен сусындатып жүрген 115 мұғалімнің ішінде 1- шебер, 4-зерттеуші, 3-сарапшы мұғалім бар. Аудан бойынша біліктілігін дәлелдеген екі шебер мұғалімнің бірі осы ұжымнан шығып отырғаны да айтар ауызға айтарлықтай олжа. Оқушыларының аудандық, облыстық, республикалық, қала берді халықаралық ареналардан озық жетістіктермен оралып жүргені жеке тақырыпқа жүк болардай. Міне, осындай білімі мен тәрбиесі ұштасқан қара шаңырақтан өсіп келе жатқан Ақтотының үлгілі болмауға хақысы жоқ.

БАЙҚАУДА БАҒЫ ЖАНДЫ

Түрлі деңгейдегі байқаулар жас ақындардың шығармашылық дамуына және көпшілікке өзінің шеберлігін көрсетуге мүмкіндік береді. Жуырда облыстық деңгейде өткен «Жас қанат – жас ақын» байқауы да солардың бірі. Аудандық деңгейден жолдама алып қатысқан Ақтоты өз өлеңдерімен қоғам қайраткері, тіл жанашыры Асылы Осман бастаған қазылар алқасын сүйсіндіріп, жүлделі орынмен қатар республикалық байқауға жолдама алып оралды. Әдебиетпен қатар физика, математика пәндерін де сүйіп оқығандықтан осыған дейін сол бағыттағы байқаулардан үздік орындар еншілеп жүрген Ақтоты үшін бұл жүлденің орны ерек. Өзін жас ақын ретінде мойындатып алған марапаты. Бұл жас талаптың үлкен алаңдағы алғашқы жетістігі болғандықтан аудан намысын абыроймен қорғаған үміткерді аудандық жастар ресурстық орталығы арнайы барып құттықтады. Орталық жетекшісі Замира Қалымбетова мектеп оқушылары алдында құттықтау лебізін айтып, өзге замандастарына үлгі қылып өз атынан «Алғыс хатын» берді. Шағын өлең жинағын шығару да алдағы уақытқа жоспарланды.

Жанына жақын тақырыптарды сезім сүзгісінен өткізіп барып жырлайтын Ақтоты Берікқызы болашақта қазақ жырының бір бәйтерегіндей биіктейтіні сөзсіз. Мақаламызды жас ақынның өз шумағымен аяқтайық.

Жау табалап, теппеу үшін ел шетке,
Ата-анаңа әдепсіздік көрсетпе.
Жастайыңнан сақта дәстүр-салтыңды,
Жігіт болсаң қадір тұтқын халқыңды.
Қай кезде де түзу болсын сәлемің,
Қадір тұтар сонда сені бар елің.
Білімді бол, ісмерлікке бейімді,
Өміріңе керек болар кейінгі.

Меруерт Дүйсенғали,
«Талғар».