Әкім жүлдесі үшін өткен мәнді шара

Әкім жүлдесі үшін өткен мәнді шара

Жылдан жылға шаңғы жарысына деген талғарлықтардың қызығушылығы артып келеді. Оған ауданымызға қарасты «Бесағаш» аңғарынан 1540 метрге дейінгі биіктікте орналасқан республикада теңдесі жоқ «Алатау» шаңғы және биатлон кешені бір себеп десек, қысқы сұлулығы алыстан көз тартып, шаңғы тебуге қызықтырып тұратын Талғар тауы да және бір себеп дер едік. Оған қоса аудандық спорт және денешынықтыру бөлімі қысқы спорт түрлерінің маусымы ашыла салысымен бұқаралық спорт түрлерін дамыту мақсатында түрлі деңгейдегі іс-шараларды ұйымдастырып, халықтың саламатты өмір салтын ұстануға деген қызығушылықтарын арттырып келеді. Жуырда сондай жарыстың куәсі болып қайттық.

Алатау ауылдық округі әкімдігінің ұйымдастыруымен округ әкімі кубогы үшін «Шаңғымен жүгіруден» жарыс өтті. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында өткізілген шара Абай Құнанбаевтың 175 жылдығына арналды. Осы жолы аудандағы мемлекеттік мекеме қызметкерлері арасында өткен жарыс Береке ауылындағы «Алатау» биатлон кешенінде өткізілді. Оларды қолдауға аудандық спорт және денешынықтыру бөлімінің басшысы Аманжол Нұрмановтың өзі келді. Мемлекеттік Гимнен кейін қатысушылар алдында сөз сөйлеген бөлім басшысы спорттың денсаулық үшін маңызы зор екенін баса айтып, бәріне сәттілік тіледі. Бұл тілекке аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Матан Бекбосынов, Алатау ауылдық округінің әкімі Қуатбек Смағұлов та қосылды. Жарыстың ережесімен таныстырған бас төреші Нұржан Шарипханұлы жас мөлшерлеріне сай алты санатқа бөлінген қатысушылар – ерлер 3, әйелдер 1,5 шақырымға жүріп өтетінін ескертті.

Шаңғыны еркін меңгергендерін байқатып, жарыс жолына шыққан үміткерлер нағыз спортшыларша өнер көрсетті. Нәтижесінде 18-24 жас аралығында әйелдер арасынан Ә.Ахметова, ерлер арасынан Е.Шарипхан 1-орынды жеңіп алды. 25-30 жас ішінен М.Молдашова мен Б.Дәркембай топ жарды. З.Касимова мен Д.Талипов 31-40 жастағы топ ішінен озық шықса, Г.Әбіт пен Е.Сұлтангазиев 41-50 жас арасынан үздік өнер көрсетті. 21-62 жас аралығындағы топтың ішінен Н.Дюсенова мен Қ.Алимжанов өз шеберліктерімен тәнті етті. 63 жастағы Х.Хусаинова мен С.Мадигалиев спортқа деген қызығушылықтарымен жастарға үлгі бола білді. Осылайша үлкен додамен пара пар өткен жарыс өз мәресіне жетіп, жеңімпаздарды округ әкімі Қуатбек Смағұлов құттықтап, арнайы мақтау қағаздары мен бағалы сыйлықтар табыс етті.

Меруерт Бөлек.