Ауған ардагеріне арналған турнир

Ауған  ардагеріне арналған турнир

Өткен аптада Талғар қалалық Ауған соғысы ардагерлерінің «Жауынгер» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен «Алмалы» балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде бокстан Ауған соғысының ардагері, «Қызыл ту» орденінің иегері, марқұм Ерғалым Ждановты еске түсіруге арналған республикалық турнир жалауын көтерген еді. Республиканың Алматы, Шымкент, Талдықорған, Қапшағай қалалары мен Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл, Алматы облыстарынан келген 22 команданың 400-ден астам боксшылары үш күн бойы сайысқа түсіп, ең күштілерді анықтады.

Жарыстың ашылу салтанатында сөз алған «ҚР-на еңбегі сіңген жаттықтырушы», әйгілі боксшылар, Олимпиада чемпиондары Ермахан Ибраимов, Бекзат Саттарханов пен Олимпиаданың күміс жүлдегерлері Болат Жұмаділов, Мұхтархан Ділдабековты биік тұғырдан қол бұлғатқан Тұрсынғали Еділов, бокстан «Ұлттық дәрежедегі төреші», Талғар ауданының «Құрметті азаматы» Кенжебек Өмірбаев және Талғар қалалық Ауған Соғысы ардагерлерінің «Жауынгер» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Серғазы Жұмаділовтер жас боксшыларды турнирдің ашылу салтанатымен құттықтай келе, оларға шаршы алаң төрінде жеңіске жетулеріне тілектестіктерін білдірді.
Төрт жүзден астам боксшылардың басын қосқан Е.Жданов турнирі өте тартысты өтті. 2006-2007 жылы туған боксшылар бәсекесінде: Дархан Намазбеков (30 келі Белбұлақ), Аязбек Абзал (32 келі, Кербұлақ), Марат Ахметясин (34 келі, Жамбыл), Темірберді Нұртай (36 келі, Шымкент), Жанадил Алгазы (38 келі, Алматы), Дүкентегі Бәйдібек (40 келі, Алматы), Шағатай Мейіржан (42 келі, Жамбыл облысы), Асылжан Бекжанұлы (44 келі, Кемертоған) сияқты балалардың бағы жанса, 2004-2005 жылы туған спортшылардың жекпе-жегінде: Орынбек Нұрасыл (46 келі, «Алмалы»), Орынбасар Бақдәулет (48 келі, Белбұлақ), Дүйсен Айдос (50келі, Қосөзен), Базарбай Бекжан (54 келі, Казцик), Сейітбек Нұрмерей (56 келі, Жамбыл облысы), Антон Вангенко (60 келі, «Арыстан» спорт клубы) сынды боксшылар «чемпион» атанды. Осы турнирде бақ сынаған «қос бұрымдылар» сайысында тамаша ойын өрнегін көрсеткен: Алтынай Шаяхмет (22 келі, «Алмалы»), Сындалы Ержан (34 келі, Белбұлақ), Мадина Құрманбекова (40 келі, Балтабай), Мөлдір Құрақ (48 келі, «Алмалы») сияқты боксшы қыздар жеңіс биігіне көтерілді. Несін айтасың, бұл да бір жанкүйерлерді көп жинаған айтулы жарыс болды. Жарыс соңынан жеңімпаздар мен жүлдегерлерге «Жауынгер» қоғамдық бірлестігінің мүшелері, Ауған соғысының ардагерлері І-ІІ-ІІІ дәрежелі «Дипломдар» мен естелік медальдарды жас боксшылардың қолына салтанатты түрде табыс етті.

Тұрсынбек Жалғасбаев,
«Талғар».