Есті ұрпақ естен шығармақ емес

Есті ұрпақ естен шығармақ емес

45 жылдық ғұмырында шаң басқан архивтен емес, кез келгеннің кітап сөресінен табылатын ақиық ақын тірі болса биыл 89 жасқа толар еді. Тәні қара жердің қойнында жатса да жаны әр қазақтың жүрегіне қонған Мұқағали Мақатаевты жыр сүйер қауымы қазақ поэзиясының мұзбалағына балайды. Сондықтан да болар ақынға деген құрмет пен ілтипат жыл өткен сайын қанатын кеңге жайып келеді. Кезіндегі етегінен тартып, етігінен шалған буынның «әрекетіне» бүгінгі ұрпақ еселеп жауап қайтаруда. Әсіресе, ақпанда туған ақынға арналған кештер бір ай бойы толассыз өткізіледі. Сондай сүбелі кештердің біріне біз де куә болып қайттық.

Талдыбұлақ ауылындағы №34 мектеп-имназиясында өткен кештің тақырыбы да ерекше — «Маржан жырдың мөп-мөлдір бір түйірі». Иә, ақынның туған күніне орай кең көлемдегі әдеби-сазды кеш ұйымдастыруды еш ұмытпайтын мектеп ұжымы бұл жолы да бұрынғыдан да өзгерек, алдыңғыдан да әсерлірек шара өтті. Арман-қиялы ақ қарлы Алатау жаққа шарқ ұрған асқақ мұзарт шыңдарға қарай қанаты талмастан биіктен-биікке самғаумен келген ақиық ақынның бейнесін өз деңгейінде әспеттеп, өз биігінде көрсете білді. Мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі, мұқағалитанушы Мақсат Тоқмолдаұлы мен педагог-ұйымдастырушы Алтын Ұзақова бас көз болған кештің мақсаты да айқын еді — ақынның поэзиясы арқылы оқушылардың Отанға, халқына, тілге деген сүйіспеншілік сезімдерін ояту, отаншылдыққа, ауызбірлікке тәрбиелеу.

«Аққулар ұйықтағанда» поэмасынан сахналық көріністен басталған кештің мазмұны ақынның туған жер, адам тағдыры, өмір мен өлім, ана мен бала, соғыс тауқыметіне арналған лирикасы қайталанбас, ұлттық зермен зерделенген өлеңдеріне ойысты. Мәнерлеп, нақышына келтіріп оқыған мектеп оқушыларының өнеріне риза болмаған көрермен қалмады. Қай-қайсынан ақын өлеңін жүрек елегімен өткізіп, көкірек көзімен тұщынғаны байқалып тұр. Қай заманда болмасын ел арасында кеңінен таралып, талғампаз тыңдарманның көңілінен шығып, санасында жатталған ақын өлеңдеріне жазылған әндер де шырқалды. Ақынның жары Лашынмен кездесуін көрініс ретінде сахналаған оқушылардың актерлық шеберліктеріне еріксіз риза боласың. Мұның бәрі ұйымдастырушы ұстаздардың бір жағына шығысып жүрген қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімдері Ұлан Манапова мен Шынарай Шарипбаеваның да еңбектері екендігі даусыз. Білім бәсекеге түскен заманда білім ошағының бағының жанып, бәсінің артуына тынымсыз еңбек етіп жүрген басшы Замзагүл Марипова рухани жаңғыруда ұлттық тәрбиенің рөлі орасан екендігін үнемі ескеріп отырады. Сондықтан да болар мектеп тәлімгерлері кірген-шыққан кісіге амандасып, ізеттілік танытып, атадан балаға жалғасып келе жатқан қазақы сыйластықты қалт жібермей жүреді екен.

Балалардың бойындағы бұл қасиетті кешке қатысқан аудандық «Қазақ тілі» қоғамының төрайымы Рая Байшықова мен әдіскері Гүлнәр Мамырбаева да байқапты. Өз кезегінде сөз алған қонақтар мәні мен мағынасы зор шараны ұйымдастырушыларға алғыстарын білдіріп, жеті мұғалім мен алты балаға қоғам атынан «Алғыс хаттар» тарту етті.
Өмірінің соңына дейін «күпі киген қазақтың қара өлеңін, шекпен жауып өзіне қайтарған» мұзбалақ ақынның өлеңдері осындай ұлтжанды ұрпағы барда халқымен бірге жасай беретініне сеніп тарқастық.

Меруерт Дүйсенғали,
«Талғар».