Спорттық маусым ашылды

Спорттық маусым ашылды

Өткен аптада Қызыл-Қайрат ауылындағы «Ақжол-М» қорының негізінде құрылған реабилитациялық орталықта игі шара өз бастауын алды. Салтанатты жиынның мақсаты мүмкіндігі шектеулі спортшылар арасында 2020 жылға арналған спорттық маусымын ашу болатын.

Аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімінің бастамашылдығымен өткен аталмыш жиынға аудан әкімі Жолан Ыбырайақынұлының өзі келіп құттықтап қайтты. Естеріңізде болса бұған дейін де аудан әкімі осы мекеменің жұмысымен танысу мақсатында ат басын бұрған болатын. Күндізгі стационарда емделетін ұл-қыздардың дайындаған керемет кешіне куә болған аудан әкімі өз кезегінде лебізін білдіріп демеушілердің атынан ұсынылған спорттық киімдер тарту етті.

Раушангүл Тохтахунова басшылық ететін оңалту орталығы қайырымды жандардың демеушілігі негізінде құрылған. Айта кететін бір жайт «Ақжол-М» орталығы мүгедектігі бар адамдарға тегін қызмет көрсететін еліміздегі баламасы жоқ жалғыз реабилитациялық орталық болып отыр. Ғимарат ішінде емделушілердің еміне қажетті бассейн, массаж, емдік жаттығу, еңбек терапиясы, психолог пен дефектолог, сабақ оқу бөлмесі сынды жағдайдың барлығы жасалған. Бүгінгі таңда қырыққа жуық емделушісі бар бұл мекемеге демеушілердің көмегінен бөлек аудандық әкімшілік тарапынан да қолдау тауып келеді. Бұдан бөлек ауданымызда мүмкіндігі шектеулі спортшылар бекітілген кестеге сәйкес аудандағы спорттық обьектілерінің барлығында дерлік өз денсаулықтарын жақсартуға және жаттығуға мүмкіндектер қарастырылған. Өз сөзінде ауда әкімі ауданымызға ағымдағы жылы осы аталған азматтардың игілігіне жарайтын екі инватакси көлігінің қолданысқа берілетіндігін айтып келген ата-аналардың көңілін қуантты.
Өмірге деген құштарлығы бастарына түскен сынақпен күресу арқылы сипат тапқан осы бір жандардың оңалуы үшін жұмыс жасап жүрген орталық қызметкерлерінің де атқарғанын айтпасқа болмас. Ем алушылардың арасындағы қолынан іс, бойынан дарын байқатқан қыз-жігіттердің талантын шыңдап жүрген аталмыш сала өкілдерінің еңбегі ұшан теңіз. Сондай жандардың бірі Райымбек ауданынан келген «Жартас Қазақстан», «Жартас Райымбек» әлеуметтік қолдау қорының жетекшісі Роза Ерланқызы, осы шараға арнайы келіп қонақ ретінде қатысты. Айтуларынша Райымбек ауданындағы мүмкіндігі шектелуі жандарға осы сынды қызмет түрін ұсынып келеді. Деседе сауықтыру орталықтары «Ақжол-М» секілді емделушілерге барлық қызмет түрін ұсынатындай деңгейге әлі жетпеген. Осыған орай қос мекеме өкілдері өзара тәжірибе алмасу үшін Райымбек ауданынан келген мамандар аталған орталықта біліктілігін арттыруда.

Дархан МАҚСАТҰЛЫ,
«Талғар».