Қытайдағы коронавирусқа байланысты ауруханаға түскен науқастардың сынама нәтижелері үш күнде анықталады

Қытайдағы коронавирусқа байланысты ауруханаға түскен науқастардың сынама нәтижелері үш күнде анықталады

Қытайдағы коронавирусқа байланысты ауруханаға түскен науқастардың сынама нәтижелері үш күнде анықталады. Бұл туралы Қазақстанның бас санитарлық дәрігері Жандарбек Бекшин айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Біздің мамандарымыз тұмауды, суық тиюді, ЖРВИ-ді болдырмау, коронавирусты анықтау үшін науқастан сынама ала алады. Қазіргі уақытта еліміздің 2 жерінде, Алматы мен Нұр-Сұлтанда биотехнология ғалымдарымен бірлесіп, отандық диагностика қою әдістерін әзірлеудеміз. Ауруханаға түсіп жатқан науқастардың сынамаларын өзіміздің зертханаларға жібереміз. Ол үш күнде анықталады. Қиыншылық туса, онда біздің алгоритмге сәйкес, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы бекіткен зертханаға сынамаларды жібереміз», — деді бас санитарлық дәрігер.

Бұған қоса, оның айтуынша, еліміздің Денсаулық сақтау министрлігі Ресейдегі әріптестерімен қажет болған жағдайда сынамаларды Мәскеу мен Новосібір қалаларындағы зертханаларға жіберуге келіскен. Жалпы, бас санитарлық дәрігер қаңтардың 30-ына дейін отандық диагностикалау әдісі дайындалатындығын атап өтті.

«Қытайдан келген азаматтарымыз және шетелдіктердің бәрі есепке алынды. Себебі осы келген отандастарымыздан және шетелдіктерден ЖРВИ, тұмау белгілерін анықтау, оны толық зерттеп, диагноз қоюмыз керек. Мұндай ауру шықса, онда оны тез арада анықтап, оқшаулауымыз қажет. Сонда қоғамымызды қорғаймыз», — деді Жандарбек Бекшин.

Талғар-ақпарат