Әкімдер есебі оң бағасын алды

Әкімдер есебі оң бағасын алды

Қазақстан Республикасы Президентінің «Орталық атқарушы органдар басшыларының, әкімдердің, ұлттық жоғары оқу орындары ректорларының халыққа есеп беру кездесулерін өткізу туралы» 2016 жылғы 5 ақпандағы №190 Жарлығына сәйкес барлық деңгейдегі әкімдердің тұрғындар алдында есеп беру кездесулері биылғы жылы да өз жалғасын тапты.

Аудан әкімінің есеп беру кездесулері еліміздің қоғамдық-саяси өмірін одан әрі демократияландырудың бір дәлелі. Өйткені халықтың билікке деген сенімі арта түседі. Өткенді екшелеп, алдағы уақытта атқарылатын қыруар шаруаны бағамдау үшін аса қажетті мұндай басқосулар мен ашық әңгіме атқарушы билік өкілдері мен қарапайым халық арасын етене жақындастырып, түйіні түйдектелген келелі мәселелерді бірлесе шешуге жол ашатыны анық. Аудан әкімі Жолан Омаровтың бұл жолғы есеп беру жиыны Бесқайнар ауылдық округінен бастау алды. Әдеттегідей жиынға барлық деңгейдегі басшылар мен ауыл тұрғындары жиналды. Жиынды аудан әкімінің орынбасары Ахмет Әшімахұн жүргізіп отырды. Алдымен ауылдық округ әкімі Мейіржан Әділбеков жылдық есебін берді. Ауылдық округке қарасты барлық ауыл жұртшылығымен бұдан бұрын да кездесіп, есебін берген Мейіржан Шорманұлы жиылған көпшілікке ауылдың тыныс-тіршілігі туралы баяндай келе, өткен жылда атқарылған ауқымды істері мен әлі де еңсерілетін шаруалары туралы айтып берді. Содан соң, аудан әкімі Жолан Омаров мінберге көтеріліп, бесқайнарлықтар алдында қорытынды есебін берді. Барлық салаға жеке-жеке тоқталып, ауданның экономикалық жағдайы мен халықты әлеуметтік қорғау бағытында жүзеге асып жатқан оң істерді тілге тиек етті.

Білім саласынан бастап, денсаулық сақтау, ауылшаруашылығы, инфрақұрылымды дамыту, шағын және орта кәсіпкерлік, салық жинау көрсеткіштері, бюджет қоржынына түскен қаражаттардың мақсатты жұмсалуын тізбектей жеткізді. Болашақтың еншісіне қойылған мәселелер тұрғысында да сөз қозғады. Аудан басшысының есебін тыңдап болған соң ауыл азаматтары қос әкімнің есебіне бағаларын берді. Ауыл ақсақалы Мұхамет Күнғожин мен Нина Баталыгина әкімдердің ел игілігі үшін атқарып жатқан қызметтеріне көңілдері толатындықтарын айтып, есеп беру барысында ұсынылған мағлұматтардан ауданымызда ауқымды жұмыс атқарылып жатқаны айқын екенін айтып, оң бағаларын берді.

Әкімдердің халық алдында есеп беруін өткізу жөніндегі бекітілген ұсынымдарға сәйкес, жаңа формат бойынша кездесуден кейін аудан әкімі Жолан Ыбырайақынұлы тұрғындарды жеке мәселесі бойынша қабылдау жүргізді. Аудан басшысы алдында кезекпе-кезек сөз алған бесқайнарлық азаматтар түрлі мәселелерді көтерді. Атап айтқанда, А.Нұржанов өзіне тиесілі жеріне өтетін жол мәселесін алға тартса, Т.Габбасова ауызсу тапшылығы, жарық төлемінің көптігі, жол мәселелерін көтерді. А. Жанысбаева жол мәселесін айтса, Н.Баталыгина болса ауылға әкімшілік ғимарат салынса деген тілегін білдірді. Жас аналар А.Акимбаева мен Қ.Иісова тұрғын үй мәселесін көтерсе, Қ.Байымбетов жерінің құжаттарын заңдастыра алмай жүргенін айтты. А. Байымбетова болса жеріне жұрттың қоқыс төгіп кететінін айтып шағымданды. А.Искакова әкесінен мұраға қалған жерін заңдастыра алмай жүргенін айтса, С.Ихтынбаева жайылымдық жер бөлінсе деген өтінішін жеткізді. Е.Нахбергенов шағын бизнесін кеңейту үшін аудан әкіміне қолдау көрсетуін сұраса, А.Тюльтенова жекеменшік балабақшасының жұмыс жасауына бәсекелестерінің кедергі келтіріп жүргенін айтып, заң аясында шара көруін өтінді. Аудан басшысы барлық азаматтарды мұқият тыңдап, кейбіріне заң аясында кеңес беріп, кейбірінің мәселесін шешуді тиісті мекеме басшыларына тапсырды.

Ел алдында есеп берудің мақсаты – тұрғындарды елімізде жүргізіліп жатқан әлеуметтік-экономикалық және саяси шаралар туралы хабардар ету, алдағы міндеттер мен негізгі бағыттарды айқындау. Жеткен жетістіктермен қатар орын алған кемшіліктерді саралау. Түс ауа дәл осындай кездесу Бесағаш ауылдық округіндегі №45 орта мектептің акт залында жалғасын тапты. Мұнда да алдымен ауылдық округ әкімі Марат Арынов есеп берді. Ауыл әкімі өткен жылы атқарылған істері мен алдағы күндерге жоспарланған жұмыстары туралы баяндап, өткен жылғы ауылдастары алдындағы есебінде көтерілген мәселелердің орындалу барысын да тілге тиек етті. Ауыл әкімінің тұщымды баяндамасынан кейін мінберге көтеріліп, ел алдында есеп берген аудан басшысы Жолан Ыбырайақынұлы бюджет қоржынына түскен түсімдер мен шығындар мөлшері, ауданымызға инвестиция тарту, ауылшаруашылығы, өнеркәсіп, жұмыспен қамту, білім, денсаулық сақтау салаларындағы атқарылған жұмыстарды егжей-тегжейлі баяндап берді. Сахна төріне қойылған экран арқылы барлық есептік көрсеткіштер жұртқа ұсынылды. Аудан басшысын мұқият тыңдап болған соң ауыл тұрғындары атынан сөз алған Болатбек Тоқтасынов пен Орынтай Сәлімбаева қос әкімнің есебіне қанағаттанып, жоғары бағаларын берді. Содан кейін есепті кездесудің жаңа форматы бойынша аудан басшысы бесағаштықтарды жеке сұрақтары бойынша қабылдап, өтініш-тілектерін тыңдады. Әкім алдында бірінші болып сөз алған ауыл белсендісі Б.Калиева көшелерді жарықтандырып, ауылдағы мектептердің кәріз жүйесін орталықтандырылған кәріз желісіне қосуға ықпалдасуын сұрады. Содан кейін сөз алған ауылдық қоғамдық кеңестің төрағасы М.Қожамбердиев әкімшілікке жаңа ғимарат, тірек пункті мен емхана салынса деген жұрт тілегін жеткізді. Ал, саяжай тұрғыны Т.Шынтаева болса үйіне өтетін жолдың жоқтығын алға тартып, мәселені шешуге саяжай серіктестігі төрағасының құлықсыз болып отырғандығын ашына айтты. М. Масаминова да осы мәселе тұрғысында ойын білдіріп, көршісіне жол салып беретіндей жер телімінің тарлығын алға тартты. С.Шорабаев көшелерді асфальттау мәселесін көтерсе, Қ.Мақатов та дәл осындай мәселеге қоса ауызсу мәселесін көтеріп, ауылдық Мәдениет үйін жаңғыртуды сұрады. Соңғы болып сөз алған Ш.Бирканаков кезінде колхозда еңбек еткенін, тиісті пайын ала алмағандығын айтып, жер телімін сұрады. Аудан әкімі көше жарығы мәселесі биылғы жылы шешілетінін, жолдарды жөндеу бюджет қаражатына байланысты екенін, Мәдениет үйінің мәселесі шешіліп жатқанын, әкімшілік ғимараты мен емхана, тірек пунктін салу болашақ еншісінде екенін айтып, қалған мәселелерді заң аясында шешуге кеңес берді.

Перизат НҰРҚАЕВА,

Талғар-ақпарат.