Талғар үздіктер қатарында

Талғар үздіктер қатарында
Биылғы жылы «Жасыл ел» бағдарламасы бойынша ауданда 75 жас 2 айлық мерзіммен жұмыс істеді. Аталмыш бағдарламаның орындалу барысы аудандық жастар ресурстық орталығына жүктелгендіктен Замира Нұрланқызы жетекшілік ететін аталмыш орталық жұмыстың жүйелілігі мен нәтижелілігін қадағалап отырды. Нәтижесінде облыс бойынша екі жыл қатарынан үздік штаб атанған жасылелдіктер биыл да марапатсыз қалмады.
Жуырда облыс орталығында өткен «Жасыл ел» жастар еңбек жасағының XV маусымдық жұмысының жабылу салтанатында Замира Қалымбетова «Үздік жетекші» номинациясына ие болды. Көгалдандыру, тазалық жұмыстарын ғана емес қарттарға деген қамқорлық акцияларын да абыроймен өткізген талғарлық жасақшылар басшыларының жеңісін бүкіл ұжымның жемісі деп қабылдады.

Арнайы диплом иегері атанды
Талдықорған қаласында Алматы облысының полициясына қолдау көрсетуші «ЖАЛЫН» студенттік жасақтарының облыстық слеті өтті. Аталмыш шараға қаламыздағы Талғар политехникалық, медициналық колледждері мен жеке меншіктегі медициналық колледжі студенттері қатысып, арнайы сертификаттарға ие болып қайтты. Слеттің ашылуында сөз сөйлеген Алматы облысының жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Жомарт Қаратас жалындықтардың атқарған жұмыстары мен белсенділіктеріне ризашылығын білдіріп, үздіктерді марапаттады. Топжарғандардың қатарында Талғар политехникалық колледжінің студенті Дидар Өмірбек арнайы дипломға ие болды.
Меруерт Бөлек
ТАЛҒАР-АҚПАРАТ
TELEGRAM  КАНАЛЫМЫЗҒА ЖАЗЫЛЫҢЫЗ!