Медиация – мәміле алаңы

Медиация – мәміле алаңы

Жуырда аудан әкімдігінің кіші мәжіліс залында «Медиация рәсімдерін жүргізу технологиялары» тақырыбындағы облыстық семинар өтті. Семинарды аудан әкімінің орынбасары Дәрменияр Қыдырбек-ұлы ашып, жүргізіп отырды.

– Бүгінгі қоғамдағы этносаралық татулық пен жалпыұлттық бірлікті нығайтудағы Қазақстан халқы Ассамблеясының жаңа бағыттарының бірі – медиация саласы. Бітімгерлік жүйесінің дамуы Қазақстандағы соттардың жұмысына жеңілдік жасап, халықтың құқықтық сауаттылығының артуына, дау-жанжалды диалог арқылы оңтайлы шешуге зор ықпал етуде. Дауды сотсыз шешу бұрыннан бар үрдіс, – деп сөзін бастаған әкім орынбасары халқымыздың қай заманда да елдің ата-дәстүрін заңмен теңестіре құрметтеп, қазіргі уақыт талабы да дау-дамай шешуде осындай оңтайлы шаралардың қажеттігін дәлелдеп отырғанын айтты. Сонымен қатар ауданымызда Медиация институтын дамыту мақсатында атқарылып жатқан іс-шаралар жайында да тілге тиек етті.
Әлемдік тәжірибеге сүйене отырып елімізде Қазақстан Республикасында дауларды соттан тыс шешуге бағытталған 2011 жылғы 5 тамызда күшіне енген «Медиация туралы» Заңы қабылданды. Алайда, 8 жылға жуық уақыт өтсе де, медиация туралы халқымыз көп біле бермейді. Бұл күнгі семинардың мақсаты да медиация саласының тиімді жолдарын қарастыру, тәжірибе алмасу арқылы қоғамдық келісімді, этносаралық татулықты сақтаудағы бітімгерлік институтын нығайта түсу болды. Жиналған медиаторлар алдында сөз алған «Достық үйі – Қоғамдық келісім орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің директоры – Тәңірберген Қасымберкебаев пен «Қазақстан медиаторлары қауымдастығы» заңды тұлғалар бірлестігінің Бас директоры, «Халықаралық құқық қорғау орталығы» қоғамдық бірлестігінің басшысы, ТМД Экономикалық соты ішіндегі дауларды ретке келтіру бойынша Халықаралық Орталықтың делдалы, Халықаралық ақпараттандыру Академиясының мүшесі – Жанділдә Жақыпов медиация туралы тарқата айтып, медиаторлардың атқаратын қызметін, елімізде медиация жолымен шешілетін мәселелер мен дау-дамайлар туралы ақпарат беріп өтті. Содан кейін Қазақстан халқы Ассамблеясы ұйымдастырған «Ең үздік қоғамдық медиатор» конкурсының 2-кезеңіне кезек беріп, байқауға қатысушы медиаторлардың жұмысымен танысты. Байқауға жұмысын ұсынған тоғыз медиатордың арасынан қазылардың сараптауынан сүрінбей өтіп, жоғары баға алған сарқандық Кульшарбан Калиева І-ші орынды иеленсе, Іле ауданының медиаторы Баян Топарова ІІ-ші орынды, қарасайлық Гүлжан Медеуованың жұмысы ІІІ-ші орынға лайық деп танылды.
Күн ұзаққа созылған семинар барысында жаттықтырушы-медиатор Жанділдә Жақыпов «Медиация рәсімдерін жүргізу технологиялары» тақырыбында семинар-тренинг өткізіп, Кейстер бойынша ситуациялық ойындар ұйымдастырылып, тренингке қатысушыларды марапаттады.

Перизат Нұрқаева,
«Талғар».