Қысқа мерзімді оқыту курстарын тәмамдады

Қысқа мерзімді оқыту курстарын тәмамдады

Өткен аптада Талғар қаласындағы инновациялық білім беру орталығында «тігінші», «шаштараз» және «бет әрлеуші» мамандықтары бойынша ұзын саны 34 адам «Жұмыссыздар мен өзін-өзі жұмыспен қамтығандарды 2017-2021 жылдарға арналған өнімді жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың «Еңбек» бағдарламасы» бойынша қысқа мерзімді оқыту курстарын тәмамдап шықты.

Аталмыш мемлекеттік бағдарламаның басты мақсаты – елімізде нәтижелі жұмыспен қамтуды іске асыру, халыққа өз табыстарын арттыруға мүмкіндік беру, тұрақты жұмыс орындарын ашуға жағдай жасау болып табылады. Сонымен қатар, кәсібіне қарай жұмыс таба алмай жүрген жандарды қысқа мерзімді қайта оқыту курстары арқылы еңбек нарығында сұранысқа ие басқа бір кәсіпке бейімдеп, өз ісін ашуға ынталандыруға басымдылық берілген. Білім орталығындағы аталмыш шараға қатысқан аудандық «Nur Otan» партиясы төрағасының бірініші орынбасары Мейрамгүл Ермағанбетова курс түлектеріне арнайы сертификаттары мен куәліктерін салтанатты түрде табыс етіп, жылы лебізін білдірді.

Аталмыш білім ұясында қысқа мерзімді оқу курсы 2 тамызда басталып, үш айды қамтыды. Оның бірінші айы теориялық білімге бағытталса, қалған екі ай тәжірибемен ұштастырылып, мамандықтың қыр-сырын түсінуге жол ашты. Әрбір білім алушыға ай сайын 16 мың 759 теңге стипендия төленіп, оған қоса аудан аумағынан келіп баспана жалдап оқитындар үшін жалдамалы баспанаға шыққан шығынының өтемі ретінде тағы да 5 АЕК есебінде қосымша қаражат төленетінін де айтып өткіміз келеді. Кәсіби білім алуға келген талапкерлердің жас ерекшелігі де әр түрлі. Алды елуді еңсерген аналар болса, жиырмадан жаңа асқан қыз-келіншектер де көп. Орталық жетекшісі Найля Үмбетованың сөзіне жүгінсек, алғашқысында курсқа қатысушылар жүрексіне келген-ді. Енді міне, үш ай білім алған соң, кәдімгідей еңселері көтеріліп, көтеріңкі көңіл-күймен үйренген кәсіптеріне икемделе бастаған. Алған білімдерін айқындайтын сертификат пен куәліктерге ие болу түлектер үшін қобалжу мен қуаныш сезімі бойларын қатар кернеген ерекше толқынысқа толы болды. Әрқайсысы қорытынды жұмыстарын паш етіп, оқып-үйренген кәсіптерінің ерекшелігін дәріптей отырып, алдағы уақыттағы жоспарларымен де бөлісті. Көрсетілім соңында түлектер осындай мүмкіндік беріп, қолдау көрсетіп отырған үкіметімізге, сонымен қатар білім берген ұстаздарына, атап айтар болсақ «тігінші» мамандығы бойынша дәріс берген Радха Бусурмановаға, «шаштараз» мамандығына үйреткен Қарқын Дәулетбекке және «бет әрлеуші» мамандығын оқытқан Альмира Жанботаеваға алғыстарын жаудырды. Іс-шараның соңында жиналғандар естелік суретке түсті. Алған білімдері мен үйренген кәсіптерін кәдеге жаратуды мақсат еткен түлектер көтеріңкі көңіл-күймен тарқасты.

Райхан Азимова,
«Талғар».