Талғарлықтар 2 алтын, 1 қола алды

Талғарлықтар 2 алтын, 1 қола алды

Бәрекелді!

27 қазан – 4 қараша аралығында Румынияның Констанца қаласында білектесу спортынан жасөспірімдер мен жастар және ересектер арасында әлем чемпионаты жалауын көтерген еді. Осы аталмыш жарысқа білектесу спортынан Қазақстанға еңбегі сіңген жаттықтырушы, облыс аймағынан талай-талай Азия, Европа, әлем чемпиондарын шығарған облыс құрама командасының бас бапкері Сергей Михайлов 18 спортшыны бастап барған болатын. Әлемнің бес құрлығының көптеген елдері білектеріндегі бұлшық еттері бұлт-бұлт ойнап, күш-қайраты мен бұла күштері тасқындаған ең шебер спортшыларын апарған жарыс еді бұл. Міне, осы әлем чемпионатында Талғар спорт мектебінің түлегі Тузуев Абдулманап деген жігіт 80 келі салмақта күш сынасып, оң қолымен алтын жүлдені жұлып алса, сол қолымен күміс жүлдені ұтып алды. Осы жарыста 110 келі салмақта бағын сынаған әлемнің бірнеше дүркін чемпионы, Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген спорт шебері Александр Гетало оң қол сайысында ең күшті шеберлер топтасқан топта қола медальды мойнына ілді. Білектесу спортымен 25 жылдан бері айналысып келе жатса да әлі күнге әлем чемпионатының алтыны бұйырмаған Евгений Гетало чемпионатта 90 келі салмақта сол қолымен күресуде барлық қарсыласын қапы қалдырып, «әлем чемпионы» атанды. «Әке көрген – оқ жонар» демекші, осы чемпионатта Евгений Геталоның ұлы, 65 келі салмақта бақ сынаған Егор Гетало да тамаша өнер көрсетіп, үздік бестікке енді. Сөйтіп, Талғардың білектесу шеберлері әлем чемпионатынан табысты оралды.

Тұрсынбек Жалғасбаев,
«Талғар».